Мұхтар Жәкішев: Түрмеде бала-шағамның амандығынан басқа ешнәрсе керек жоқ болды
«Қазатомпром» АҚ экс-басшысы Мұхтар Жәкішев түрмедегі өмірін баяндап берді. Айтуынша, оған алдына кездескен қиындықтарды өткеруге отбасының амандығы көмектескен.
— Темір тордың ар жағында болу өте қиын. Осы уақыт ішінде іштей қолдаған не нәрсе? Осының бәрін өткеруге не көмектесті?
— Шынымды айтсам, өте ауыр сұрақ. Одан да ол жақта не маңызды екенін айтып өтейін. Ол жақта ең маңыздысы — сенің бостандықта қалған жақындарыңның аман қалуы. Ол жақта отбасыңның, балаларыңның ауыр жағдайда екенін білу өте қиын. Отбасың мен балаларыңа қатысты қандай да бір қиындық болмаса, өзің жаныңда болмасаң да, оларда бәрі жақсы екенін білу — үлкен күш береді. Өйткені, ол жақта өзің үшін алаңдамайсың.
Онда күн сайын катарсис секілді ешнәрсе болмайды. «Суырдың күнін» көбірек еске түсіреді. Күн сайын бірнәрсе қайталана береді. Түрмеде анализ жасау, ойлана беру еш жақсылыққа әкелмейді. Өйткені, маңызды мәселелерді ойлана беретін болсаң, уақыттың, жылдардың босқа кетіп жатқанын түсінесің. Өмірде таза парақ, шимай дәптер деген секілді ұғымдар жоқ. Біреуін шимайлап, келесісін басынан бастайтындай. Өмір біреу ғана. Осы жерде өткізген күндеріңді саған ешкім қосып бермейді. Әсіресе, өзіңнің не үшін отырғаныңды түсінбеген кезде. Осыған лайық болдым екен ғой деп түсінетіндей ешнәрсе жоқ.
Бұл шындығында екі есе ауыр. Не нәрсе күш береді дейсіз бе? Ол жақта да өмір бар екенін түсіне бастайсыз. Өміріңнің кесіп алып тастаған бөлігі емес, ол жақта да өмір бар. Өмірлік тәжірибе аласың. Сол жақтағы адамдармен сөйлесесің. Әртүрлі мінезі бар адамдармен жолығып, өмірде көп нәрсені тани түсесің. Олар да қоғамның шеттеп қалған бір бөлігі. Ол жақта жақсы адамдар, интеллигент адамдар бар. Сүйкімді-сүйкімсіз дегендей. Сырт келбет емес, мінезіне қатысты айтып отырмын.