«Ұлы дала» шығармашылық байқауы жас ақын-жазушыларға берілген жаңа мүмкіндік

0

Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте айтты.

Аталған іс-шарада Мәулен Әшімбаев Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың негізгі басымдықтарын айқындап бергенін және оларды жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясының да белсенді қатысатынын жеткізді.

– Елбасының мақаласындай айтылған идеялар мен құндылықтарды дәріптеп, жүзеге асыруға зиялы қауым өкілдерінің де белсене қатысқаны абзал. Сондықтан «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялап, қоғамымыздың рухани жаңғыруына әсер ететін еңбектерді және тарихымыздағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттайтын шығармаларды қолдап, жаңа жұмыстардың жазылуына өзіміздің үлесімізді қосуды көздеп отырмыз. Байқаудың форматы мен маңызын Жазушылар одағымен пысықтап, алдын ала талқыладық. Жеңімпаздар бес аталым бойынша анықталады. Олардың бәріне айтарлықтай қаржылай сыйлық тағайындалған. Нақты айтқанда, әр аталымның жеңімпазына – 1,5 миллион, 2-орын иегерлеріне – 750 мың, ал 3-орын алған қатысушыларға 500 мың теңгеден беріледі. Сондықтан бұл байқауды жас қаламгерлерге берілген жаңа мүмкіндік деп қабылдауға да болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Нұр Отан

Байқаудың басты мақсаты – рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көрсету. Сондай-ақ өз шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайықты баға беру де көзделіп отыр.

Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады. Нәтижесінде «Проза», «Поэзия», «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериал сценариі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығарма» сияқты бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ.

Брифингке «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге белгілі жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, публицист, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов және Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі Несіпбек Айт қатысты.

Байқаудың басқа да шарттары туралы партияның ресми сайтында жарияланған.

«Қамшы» сілтейді