Мұхтар Жәкішев: Путинге «бұл — тең елдердің емес, аға мен іні жасап жатқан келісім» дедім
Қазақстандық бизнесмен, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Путинге не себепті жақпай қалғанын түсіндірді. Бұл туралы ол Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында толығырақ баяндады.
Компанияның экс-басшысы Ресей Федерациясы президентімен кездесуді төмендегідей өткенін айтады:
«Кабинетке кірсем, барлық президент отыр. Келіп амандастым, Нұрсұлтан Әбішұлы мені басқа президенттерге таныстырды. Сен әзірге диванда отыра тұр, әңгіме бар деді. Диванда отыра тұрдым, араға 5 минут салып ол босап, жаныма келіп: «Ана жақта Путин сөйлескісі келеді. Біртүрлі кішкене ашулаңқырап отыр. Сен бір келісімді мақұлдамаған екенсің» деді. Мен «жақсы» деп басқа бір кабинетке бардық. Сол жерде Путин, Кириленко және Смирнов отыр екен. Біз жақтан мен және президент болды. Отырып едік, Путин сөзін бастап кетті:
«Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздердің менеджерлеріңіз жас, ақылды шығар, бірақ мүлдем саясаткер емес, ешнәрсе түсінбейді. Біз бүгін өте маңызды саяси келісімге қол қоюымыз керек болатын. Ол атом саласындағы одақтастық туралы еді, соны болдырмады» деді. Шынын айтсақ, дауысы көтеріңкі болды. Ашуланғаны бетіне шығып тұр. Мен президентке қарап едім, ол кісі маған қарап тұр екен. «Жауап беруге рұқсат па?» дедім. «Жарайды» деді. «Біздің мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас қандай? Аға мен іні ме? Әлде тең бе? Екі президент те «Әрине, тең» деп жауап берді. «Бұл кіші іні мен үлкен ағаның арасында жасалып жатқан келісім. Ешқандай да тең дәрежелі емес. Біз береміз, сіздер береміз деп келістік. Сіздер қарастырасыздар ма, біз де қарастырамыз. Ал келісімде «Біз (Қазақстан — ред. түсіндірмесі) сөзсіз береміз, ал сіздер қарастырасыздар» деп жазылған. Мұндай келісімге қол қоймаймын.
Саясатта мықты емес шығармын, тіпті, тәжірибем де жоқ шығар, бірақ менеджер ретінде айтарым — бұл келісім Қазақстанның қажеттілігін қанағаттандырмайды» дедім. Тіпті мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынасқа қайшы, себебі біз өзара тең дәрежеліміз. «Қажет болса, жұмыстан кету туралы өтініш жазайын да кетейін. Егер маған келісімге қол қой десеңіз, мен бәрібір қоймаймын. Орнына жұмыстан кетемін. Басқа бір адам қол қойсын» дедім. Градус бірден төмендеді. Президент «Жоқ, тоқта. Біз тең дәрежелі қарым-қатынастамыз. Сен рас айтасың» деді.
«Оның үстіне президенттердің алдына шикі келісім алып шықпаймын. Егер сіз «біз де береміз» дегенді қоссаңыз, мен ертең-ақ қол қоюға дайынмын» дедім. Бұған құзіреттіліктерінің жоқ екенін айтты. «Кешіріңіздер, құзіреттіліктеріңіз жоқ болса, бұл келісімді не үшін алып келдіңіздер? Мен оған қол қоймаймын. Бұл күйінде бәрібір қол қоймаймын. Қызметімнен кетуге дайынмын. Бірақ қандай жағдай болса да, мынандай келісімше қол қоймаймын» дедім. Президенттер өзара оны қайта қарау керектігі туралы айтып жатты. Осымен бәрі аяқталды. Біз әлгі жерден шықтық. Қайтқанда ұшақта президент барлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіруімді талап етті.
Мен оған жалпы концепцияны түсіндірдім. Ол бәрін дұрыс жасағанымды айтты. «Осы бетіңнен қайтпа» деді. Ресейде маған симпатия танытатын адам жетерлік, солар барғанымда шын мәнінде мұның жай өтпегенін айтты. Бейбіт өтсе де, президентке ұнамады дегендей. Яғни ресейлік президентке ұнамаған. «Саған қатысты қандай да бір командалар берілді. Сен көңілден шықпадың» деді. «Сіздерге не айырмашылығы бар? Менің өз мемлекетім, сіздердің өз мемлекеттеріңіз бар» дедім. Мұны кикілжің деп те айтуға келмейді. Бетпе-бет, көзбе-көз алғашқы кездесуіміз деген жөн шығар», — деді ол.