Ринат Зайытов: Қазақты ырылдастырудан шаршадым, керісінше басын қосқым келеді

0

Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов Димаштың Америкаға көшу туралы жоспарына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.

— Халық бәрібір сұра деп айтады. Сондықтан сұрамасам болмайды. Димаш Құдайберген екеуіңізді халық әлі күнге дейін байланыстырады. Кеше америкалық телеарнаға сұхбат берген кезде «Музыканы жетілдіру үшін Америкада болуды жоспарлап отырмын. Ол үшін әлемдік шоу-бизнестің орталығында болу қажет. Менде осыған ұқсас тәжірибе бар. Мен музыкамды жетілдіру үшін үш жарым жыл Қытайда болдым. Бірақ мен үшін сүйікті орын —  отбасым бар жер» деген екен. Бұған не дейсіз?

— Шаруам жоқ менің дәп сол балада. Енді.

— Неге енді?

— Қазақ екіге бөлінеді. Байқайсың ба? Мені жақтайтындар және оны жақтайтындар. Шаршадым мен ондайдан. Бос әңгіме, ыр-ыр. Оған сендер де қосыласыңдар. Анау «үй» деді, анау « бүй» деп айтты деп. Енді сен көзіңе елестетші не болып жатыр ішімізде? Мысалы, сен де «Балғынбек бүй деп айтты, анау сүй деп айтты» деп отырсың.

— Сіздің шумағыңыздан кейін Балғынбек туралы қойылуы керек, бұл заңды.

— Енді ол сенің шығарған заңың. Мен саған айтайын, мына қазақты ырылдастырудан шаршадым. Қазір басын қосқым келеді қазақтың. Ынтымақ жасағым келеді.