«Владимир Савва атындағы орта мектеп»: Меркідегі мектепке қазақтың ұлы тұлғаларының аты берілсін
Журналист Арнат Орынбасар Жамбыл облысы Меркі ауданы Сарымолдаев ауылындағы орта мектептің аты әлі күнге дейін ауыспай келе жатқанына наразылығын білдірген болатын.
«Әлі күнге дейін мектеп Владимир Савва атында. Меркі ауданынан елімізге елеулі еңбек еткен жандар шықпады емес, шықты. Кім дейсіз бе? Мәселен, Сорос сыйлығының иегері физика – математика ғылымдарының докторы Төленді Мұстафин. Ол ол ма, керек десеңіз филология ғылымының докторлары, профессорлары ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 16 жыл декан болған Темірбек Қожакеевке бір мектептің атын беру артық емес деп ойлаймын» деді журналист.
Бұл туралы біз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевқа хабарласқан болатынбыз.
«Сізге тиісті саланың мамандары жауап береді» деп қысқа қайырды облыс әкімінің орынбасары.
Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы бұл сұраққа арнайы жауап берді: «Меркі ауданы бойынша Сарымолдаев ауылдық округі Сарымолдаев ауылындағы В.Савва атындағы мектеп-лицейді қайта атау бойынша: Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нысандарға атау беру және қайта атау мәселесі сол нысан ұжымының (бұл жағдайда мектеп ұжымының, ата-аналардың) пікірі ескеріліп, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралады».
Жауаптан ұққанымыз бәрі жергілікті атқарушы органдар мен мектеп ұжымының ұсынысына байланысты екен. Енді аталмыш мектеп ұжымы білім ордасының атауын қазақтың біртуар тұлғаларының атына ауыстыруға күш салады деп сенеміз әрі бұл мәселені мектеп әкімшілігіне хабарласып қузайтын боламыз.