Еуропарламент қарары Тоқаев беделінің күл-талқанын шығарды
Тіркелмеген «Демократиялық партия» жетекшісі Жанболат Мамай Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы туралы қарарына байланысты көзқарасын жариялады.
«Наурыз айында Тоқаевтың президент болып тағайындалғанына (сайланған жоқ) 2 жыл болады. Қаншама уәде берді. «Саяси реформа жүргіземіз» деді. «Тоқаев Назарбаев сияқты болмайды, біртіндеп өзгеріс жасайды» деп билікшіл сарапшылар бұлбұлдай сайрады.
Ал нәтижесі не болды? Кешегі Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы бойынша қабылдаған қарары Тоқаев беделінің күл талқанын шығарды» деді Ж.Мамай.
«Еуродепутаттар біздің елімізді 50 минуттан астам уақыт талқылады. 3-4 депутат шығып, Назарбаев билігін мақтады. Оларға бір еуродепутат шығып: «сендер Еуропарламент мүддесін қорғау үшін осында отырсыңдар, жеке бас пайдаларыңды шешу үшін емес» деп қатты айтты. Кешегі сайлау кезінде белсенділердің ұсталуы, оппозицияның парламент додасына қатыса алмауы — бәрі айтылды.
Ең бастысы, тұңғыш рет Еуропарламент қабырғасында «Қазақстан билігіне қарсы санкция салу» мәселесі қозғалды. Бұл билік үшін ең ауыр соққы екені анық.
Кейбір топтар «Еуропарламент қарарын біз қабылдаттық» деген сыңайда сөз таратып жатыр. Бұл адамның күлкісін келтіреді, әрине. Еуропарламент қарарды қабылдамас бұрын Қазақстандағы жағдайды жан-жақты сараптап, өздерінің елшіліктері арқылы, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер көмегімен ақпарат жинайды. Бұл қарарға «Демократиялық партияны» тіркемегені, сайлауға қатыстырылмағаны жөнінде де арнайы жазған. Бұл қарар елдің ішінде күресіп жүрген әрбір азаматтың арқасында қабылданды. Митингке, пикетке шығу қаншалықты маңызды екенін осыдан да көруге болады.
Тоқаевтың Ұлттық кеңес құрып, заңдарға болмашы өзгерістер енгізіп, елді алдаусыратпақ болғаны Еуропарламентте толық әшкереленді. Егер билік осы жолынан таймаса, Еуропа Одағы нақты санкциялар салуы әбден мүмкін. Ал бұл шенеуніктердің Батыстағы дүние-мүлкі, қаржысы бұғатталады, тіпті тәркіленеді деген сөз.
Еуропаның қысымымен бірге енді билікке қоғам да талап қоюы тиіс. Митингілерге шығып, шерулер ұйымдастырып, саяси реформаларды талап ететін кез келді! Енді үнсіз қалмайық, ағайын!» деді тіркелмеген «Демократиялық партия» жетекшісі.