1500$ үшін: Алматыда 81 және 89 жастағы зейнеткерлерді өлтірген қылмыскерге үкім шықты

0

Алматыда екі зейнеткерді пышақтап өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. 81 және 89 жастағы қарт кісілерді тонап, айуандықпен өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралыҚазАқпарат жазды.

Ерлі-зайыпты зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасау дерегі бойынша іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды.

«Сот 2020 жылы шілде айыда О. есімді сотталушы көлік сатып алу мақсатында ерлі-зайыпты К. және А. атты зейнеткерлердің пәтеріне заңсыз кіріп, оларға шабуыл жасап, пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Егде жастағы қариялар қарсылық көрсеткенде, сотталушы оларға бірнеше рет пышақ салған. Қариялар оқиға орнында көз жұмды. Кейіннен сотталушы 500 доллар және 360 мың теңге мен ұялы телефонды ұрлап кеткен», — деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сотта прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, жәбірленуші тарап өкілдері өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған.

«Сот үкімімен О. екі адамды өлтіргені және қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең қатал жазаға кесілді. Қатаң жаза сотталушының бұрын да қарақшылық үшін сотталғаны және ол әрекетінен сабақ алмағаны үшін тағайындалды. Кісі қолынан қаза тапқан зейнеткерлер 81 және 89 жаста болған», — деп толықтырды қалалық сот.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.