Балғынбек Имашев: Назарбаевқа алтыннан ескерткіш қойса, артық болмайтын еді

0

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев журналистің «Елбасыға не тілейсіз?» деген сұрағына жауап беріп, тұңғыш президенттің еңбегі еленуі тиіс екенін айтты.

«Елбасымыз жоқ жерден, тақыр жерден мемлекет құрды. Бұрынғы басшыларымыздың қай-қайсы болса да, анау Керей-Жәнібектен бастап әрқайсысының орны бар. Біз де таланған шығармыз, бір кезде алданған шығармыз, бір кезде қырылған шығармыз, бір кезде амалдың жоқтығынан біреудің бодандығына өткен шығармыз. Бірақ хандардың ешқайсына топырақ шашпаймыз, әрқайсы өзінің тарихи Алла тағдырына жазып қойған миссиясын орындап кетті.

Арманына жетпесе де, кеше хан Кенелердің басы кетіп қалса да, әрқайсысы өзінің миссиясын орындады. Елбасының үлкен миссиясы қазақтың етек-жеңін жиып, бұрын болмаған төл теңгемізді шығарып, шекарамызды шегендеп бекітіп, сыртқы саясатымызды қалыптастырып, елшілік құру оңай емес. Бір елмен дипломатиялық қарым-қатынас құру оңай емес. Сондай алпауыт мемлекеттердің ортасында отырып, Қазақстан деген мемлекетті әлемге танытқан еңбегі өлшеусіз.

Мен мына астананы Ақмолаға көшіріп келгеннен кейін, Сапармұрат Ниязовқа ескерткіш қойды ғой, сондай алтыннан ескерткіш қойып қойса, артық болмайтын еді. Бірақ ескерткіш қоюды мақұлдамаймыз ғой. Ол өлгеннен кейін де қоюды мақұлдамаймын. Сондай лайықты еңбек деп бағалаймын. Астананы көшіруі, 5 облысымыздың Ресейге кетіп қалмауына бірінші көрсетілген сес. Сыртқы саясатта біздің Елбасымызға жететін әлемнің лидерлерінің арасында… білмеймін. Ол кісіге не тілек айтамыз? Ақсақалымыз сексеннен асып кетті ғой. Денсаулықтан басқа не тілейміз»,  деді Балғынбек Имашев «Қасқа жол» бағдарламасында.