Алтынбекті КІМ АТТЫРДЫ?
2006 жылы 11 ақпанда қанішерлер қолынан қаза тапқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын және оның серіктері Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің қайғылы қазасына қатысты қастандықтың құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Адам ұрлауға және оларды атуға тапсырыс беруші немесе тапсырыс берушілердің шынайы аты-жөні ресми түрде аталмады. Бұл істегі ең негізгі басты тұлғалар тасада қалды. Қосақ арасындағылар, қожасының құлдары, тапсырманы орындаушылар сотталып, жазаға тартылды. Жартыкеш шындықты толықтыратын, турасын жария ететін кез енді келді.
Осы қанды қылмысқа байланысты «ДАТ» газетінің редакциясы Алтынбектің ағасы – Рысбек Сәрсенбайұлы өз тарапынан жүргізген журналистік зерттеуді ықшамдап жариялай отырып, танымал саясаткерге жасалған нақақ қастандықтың қоғамда айтылып жүрген бірнеше нұсқасын (версия) оқырмандар назарына ұсынады. Бұл қанды қылмыстың тарихын жаңғыртып, ауық-ауық баспасөзде жария етіп отыру – әсіресе 2000 жылдардан кейін туған жас ұрпақтың санасы мен зердесін сілкіндіріп тұру үшін аса қажет деп ойлаймыз.
1-НҰСҚА: Өтембаев өлтіртті ме?
Сенат аппаратының жетекшісі – сол кездегі сенат төрағасы Нұртай Абықаевтың қамқорлығындағы Ержан Өтембаев /Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған/ аса ауыр қылмыстың тапсырыс берушісі ретінде 2006 жылы соттады. Өтембаевты біз сот барысында, кейін де шындықты айтуға шақырдық. Бірақ ол өзін құрбандыққа шалған «қамқоршыларының» құпиясын айтуға жарамады, түрмеден шыққан соң, көп ұзамай өмірден өтті.
Ержан Өтембаев кімді қорғап қалды? Ол неліктен біреудің жасаған қылмысын өз мойнына алды?
Рас, Өтембаев пен /Алтынбекті өлтірді деген желеумен/ сотталған Рустам Ибрагимовтың арасында бұрыннан байланыс болған. Жер сату, құрылыс салу, банктердің несиесін пайдалану сияқты тірліктермен айналысқан. Ол екеуін адам ұрлау және өлтіру мақсатындағы аса ауыр қылмысқа итермелеген не нәрсе немесе кім?
Тергеу тобындағылардың көрсетуіне қарағанда, /«КНБ»-ның бұрынғы төрағасы, генерал/ Әлнұр Мұсаев «жартылай бандит, жартылай мент» Ибрагимовті пайдаланған. Оның Өтембаевпен сыбайластығын білген және оны кәдеге жаратқан. Мұсаев – қылмыстық қитұрқылықтарды қолдан жасаудың кәсіптенген маманы. Қанды жоспарды жүзеге асырғанда, аңғал Өтембаевты әдейі іске қосса керек. Өтембаевтың арғы жағында Нұртай Абықаевтың тұрғанын, ал оның Рахат Әлиевпен қастас екенін ескерсек, Назарбаевтың ең сенімді серігін құлатуға бұл таптырмайтын мүмкіндік. Әлиев-Мұсаев тобы Өтембаев ұсталған соң өзіне тапсырма берген Абықаевты көрсетеді деп ойлады. Оның сөзін Ибрагимов қуаттауы тиіс. Екеуінің көрсетуі бойынша Абықаев тапсырыс беруші болып шығады.
Қоғамда дүрбелең туады. Назарбаев өзіне берілген адал серігін соттан сақтап қалар, бірақ сенат төрағасы қызметінен амалсыз кетіреді деп есептеді. Осылайша биліктің өз ішіндегі қарсыласын құлатса, президентке ықпалдарын еркін жүргізуге кедергі-тосқауыл болмайды. Арғы жағында Әлиевтің өзін немесе оның әйелін таққа әкеліп, ортақ билік құрудың ауылы алыс емес еді.
Назарбаевтың саяси қарсыласы, оппозициялық күштердің басын біріктірген А.Сәрсенбайұлы екі жақтың да, Назарбаев – Абықаев және Әлиев – Дариға – Мұсаев тобының да ортақ жауы. Олардың бәрі билікті өз қолдарында ұстап қалуды мақсат тұтқандар. Бұларға Алтынбек және оның серіктері талап еткен саяси реформа жасау, әділ, таза сайлау өткізу – биліктен, сол арқылы келіп жатқан ұшан теңіз байлықтан, миллиондар мен миллиардтардан айырылу! Сол үшін де оны өздерінің жауы санады.
2006 жылы президент жағындағылар тірелген тұйықтан шығудың бір жолы ретінде Өтембаев пен Ибрагимовты дегендеріне көндіріп, құпияны аштырмай тастауды жөн санады. Түрмедегі бұл екеуіне бас прокурордың, ішкі істер министрінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті адамдарының барып, келісім жасауы, үгіттеуі, қылмысымды мойындаймын дегізіп, президенттен кешірім сұратып, хат жаздырып алғаны, т.б. соны айғақтайды. Бұлар алдауға түсті, оларын тым кеш білді, Ибрагимовтың өзі айтқандай, «лох» болды.
Өтембаевқа қожайындары – қамқоршылары тарапынан берілген уәде-кепілдіктер орындалды. Судья Л.Мерекеновтың 2006 жылғы үкімі бойынша Е.Өтембаев тапсырыс беруші және қылмысты ұйымдастырушы ретінде танылды. 20 жылға сотталды. 2014 жылы Қаскелеңде өткен сотта судья А.Бейімбетов бұрынғы айыптау баптарын өзгертіп, Е.Өтембаевты «тапсырыс берушіден» «итермелеушіге» ауыстырды. Жазасын өтеу мерзімін 13 жылға түсірді. 2015 жылы Астана мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Е. Рахымбеков шартты түрде мерзімінен бұрын босатты. Бастапқыда 20 жылды арқалаған ол 9 жылда түрмеден шықты.
Астана маңындағы колонияда кітапханашылық жұмыс бергізіп, жазасын өтегенсіткен Өтембаевтың биліктің ұшар басындағы «борышкерлері» оған риза шығар. Ал жазаның 11 жылын қысқартқаны үшін Абықаев пен Назарбаевқа ол марқұм тірісінде рахмет айтты ма, жоқ па? «Мемлекеттің мүддесін, Нұртай мен Нұрсұлтанның абыройын, тағын қорғап қалу жолында» Өтембаев қылмыскер атанды. Денсаулығын құртты. Тоғыз жыл темір торда отырды. Өмірдің қызығынан, мәнсаптың лепіртер буынан, бәрінен құр қалды. Ауыр сырқаттағы әйеліне де қарай алмады, өлгенінде оған топырақ та салмады.
2-НҰСҚА: Қандықол – «күйеу бала» ма?
Рахат Әлиевтің 2001 жылғы оқиғаға байланысты А.Сәрсенбаевқа деген өштестігі бар: оның сол кезде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған қылмысын А.Сәрсенбайұлы жетекшілік еткен комиссия толық анықтап, дәлелдеді. Бірақ президент Н.Назарбаев қылмыстық іс қозғауға жол бермеді, құтырынған күйеу баласын құтқарып қалды.
Рахат Әлиевтің ең жоғарғы билікті заңсыз иемденуіне Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Сәрсенбайұлы тосқауыл қойды.
Бұл екі тұжырымға және төмендегі пікірлерге Алтынбектің «Жұма- таймс» газетіне 2005 жылғы 17 қарашадағы мына сұхбаты дәлел:
«ҚДТ қозғалысынан бұрын Р.Әлиевтің ісі орын алғанын білесіздер. Мен соны тексеруге қатысқандардың бірімін. Назарбаев жексенбі күні Рахат Әлиев пен оның әкесін қабылдады, ал сосын оған көмектесуге және оны белгілі жағдайда қорғауға тырысқан адамдардың барлығын өзі ұстап берді, өйткені ол мемлекеттің басшысы ғой. Ал біз тек оны (Назарбаевты) емес, конституциялық жүйені қорғадық. Біз іс жүзінде президентке елде саяси бассыздықпен айналысуға болмайтынын дәлелдеп бердік. Назарбаев Әлиевтің іс-қимылы туралы толықтай хабардар болды. Мен оған жеке өзім баяндадым және барлық құжаттар мен материалдарды көрсеттім.
Мынаны қараңыз: Назарбаев Әлиевтерді қабылдады да, өз ұстанымдарын өзгерте салды. Ал Р.Әлиев президентпен бірге телевидение эфиріне шығып, жемқорлықпен күрескенін және «мұндай кеселмен күресе» беретінін айтты. Мен президенттің дәл қазір жағдайды ушықтыруға болмайтынына, саясат тұғырнамасын дұрыс таңдауына көзін жеткізуіне тырыстым. Бірақ президент басқа жолды таңдады. Ол енді қарсыластарын қай тұрғыдан да мойындағысы келмеді. Жарияланбаған соғыс басталды…».
ҰҚК төрағасы болуға мүдделі әрі дәмелі Р. Әлиев құдіретті мекемедегі орынбасарлық лауазымнан да айырылды, президенттің күзетіне уақытша ауыстырылды, кейін одан да сырғытылып, шетелге елшілікке кетті. Мұның бәріне қылмысын ашқан, мемлекет қауіпсіздігін қорғаған А.Сәрсенбайұлын кінәлі санады.
Саясаткер А.Сәрсенбайұлы отбасы билігін түбегейлі орнықтыруды ойлаған Н.Назарбаевтың, Р.Әлиевтің халыққа керексіздігін ашық түрде мәлім етті.
Мәселен, Алтынбек өзінің «Үштаған» немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман?» деген мақаласында (2005 жылы қараша айында) былай деп жазды:
«Сайлау қарсаңында үлкен күйеу баласы Р.Әлиевті елге қайтарды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары етіп қойды. Құдды ұлттық қазынамыз секілді арнайы жарлығымен оралтты. Бизнесмендер сағынып қалды деді ме екен? Әлде оның талай тепкісінен өткен оппозиционерлер мен журналистер ұзақ күтіп қалды деп ойлады ма екен? Осы тағайындау арқылы өзінің отбасы режимнің саяси қаңқасының маңызды құрамдас бөлігі екендігін бадырайта көрсетті. Бұған қанағаттанған Дариға Назарбаева өз әкесінің елді 35 жыл бойы басқаруы қажет екендігін дүйім жұртқа жария етті. Сіз қалай ойлайсыз: отбасының билігі біздің халқымызға қажет пе? Осындай отбасына біздің халық өз еркімен дауыс бере ме?».
Мұндай мысқыл, ащы пікір өздерін құдірет санап жүрген Рахат пен Дариғаға ауыр соққы болып тигені анық. Лайықты жауап қайтара алмаған соң, саяси өрістері тар, құрту мен жоюға әуестер қарсыласынан басқаша жолмен кек қайтаруды немесе үндерін өшіруді ойлайды. Әлиев те солай.
Баспасөз министрі кезінде А.Сәрсенбайұлы Рахат пен Дариға екеуінің медиа-бизнесіне Қаржы министрлігі арқылы бюджеттен бөлгізген миллиардтаған қаржыны заңсыз деп тоқтатқызды, «Хабарды» жекешелендірулеріне қарсы тұрды, сол үшін де Әлиевтің жеккөргенін, өшіккенін, тіпті қорқытпақ болғанын біз білеміз.
Оппозициялық күштердің басын біріктірген, құрған партиясы халық тарапынан қолдау тапқан А.Сәрсенбайұлы тұрғанда, отбасының және өзінің биліктен кетірілетінін Р.Әлиев сезді, сол үрей оны қастық жасауға итермеледі.
3-НҰСҚА: Қастандық қыздан шықты ма?
Телеарналарға, газеттерге ие болған Д.Назарбаева өз ақпарат құралдарын мемлекет есебінен қаржыландырып, пайда табуға ұмтылды. Оған министр ретінде А.Сәрсенбайұлы келіспеді. Бәрін өзі қалағандай шешкізіп әдеттенген президенттің қызы мұндай қарсылыққа қатты қапаланды. Әкесіне талай рет шағымданды, ызаланды, жеккөрушілік сезімін жасырмады.
Оған дәлел – 2004 жылғы маусымда жарияланған сұхбатында Алтынбек:
«…Мен одан жиі бас тартатынмын. Біздің арамызды өте қиын-қыстау жылдар бөліп жатыр. Ол өз арнасының ұлттық мемлекеттік «Қазақстан-1» арнасынан көбірек қаржы алуға ұмтылып бақты. Ол «Еуразия – ОРТ» ТВ-арнасын мемлекеттің есебінен ұстау үшін басымдық жасауды көздеді. Сосын аяқ астынан Бірінші ұлттық мемлекеттік арнаны басқаруға алуға шешім қабылдады, бірақ мен ондай мүмкіндік бермедім, бұлай, жеме-жемге келгенде, мемлекеттік арнаны жеке меншікпен шатастырып алуға да болады ғой.
Президент «мұнда тұрған не жамандық бар, егер Дариға қолына алып, ол арнаны көтеріп жатса?» деп сұрады. Сонда мен оған электрондық БАҚта Дариға түбегейлі монополия орнатады деп түсіндірдім. Бәрін бір адамның қолына өткізіп беруге болмайды. Мені Қауіпсіздік кеңесіне ауыстыра салысымен, жаңа министр Мұхтар Құлмұхаммед оның тегеурініне шыдамай, ұлттық арна соның басқаруына көшті».
«Қазтелерадио», «Кателко», «Алма-Медиа» сияқты компаниялар мен Д.Назарбаеваның байланысы, заңсыздықтары, ірі холдингтің акцияларын иеленген, бірақ сонда көлік айдаған, кейіннен Қазақстанның Австриядағы елшілігінің жүргізуші болып, күмәнді жағдайда қазаға ұшыраған адам туралы зерттеу жүргізу қажеттігін Алтынбек мәселе етіп көтерді. Бұл да Рахат пен Дариғаның ашу-ызасын туғызды.
Министр А.Сәрсенбайұлы «Хабарды» иеленген Д.Назарбаеваның қаржыландыру заңдылықтары мен бюджет саясатын бұзып, үстемдігін жүргізуіне жол бермеді.
Алтынбек /өзінің бір сұхбатында/ былай деді:
«Мен Әділет министрлігіне сұрау салып, жеке арнаны бюджеттен қаржыландыру бойынша ешқандай заңдық құжаттардың жоқ екенін анықтадым. Мысалы, «Хабарға» келесі жылы 1 миллиард 200 миллион теңге бөлу жоспарланған. Менің қарсылығымнан кейін бюджеттік комиссияда шығындардың аталған пункті алып тасталды. Бұдан бұрын «Хабарға» мемлекет тарапынан 470 миллион теңге бөлінген болатын. Бюджеттік қаражаттарды тікелей тонау болмағанда, бұл не?».
Сондай қомақты қаражаттан қағылған Д.Назарбаеваның көңіл-күйі бұзылмады, адал жұмыс істеген министрге өшікпеді деп айта аласыздар ма, тергеуші, прокурор, сот мырзалар?!
«Хабар» арқылы А.Сәрсенбайұлын сотқа бергізіп, басында 1 миллиард теңгеге айыптағысы келді. Сот мұның тым көп және ақылға сыйымсыз сома екенін ескертсе керек, моральдық айыппұл мөлшерін 50 миллион теңгеге түсірді. Қуыршақ сот «Хабар» компаниясының ар-намысы мен іскерлік беделіне келген нұқсан үшін 1 миллион теңге өтемақы төлетті. Не үшін?
А.Сәрсенбайұлының «Республика. Деловое обозрение» газетіндегі мына сөзі үшін:
«Меніңше, қазір жұртшылық қай ақпарат құралының кімге тиесілі екендігін жақсы біледі. Өз басым ең бірінші кезекте Дариға Назарбаева мен оның отбасына тиесілі медиа-холдингті монополиясыздандыру қажет деп есептеймін. Бұл медиа-холдингке «Хабар», «Еларна», «КТК», «НТК», «Еуразия-Бірінші арна» телеарналары, «Каспионет» спутниктік арнасы, «Алма-ТВ» кабельді жүйесі, «ХитФМ» радиостансасы, «Еуропа плюс Казахстан» радиосы, «Русское радио Қазақстан», «Радио Ретро» және бұдан басқа да бірнеше жалпыұлттық хабар тарататын ұйымдар кіреді. Сонымен бірге бірсыпыра республикалық басылым да осы холдингке қарайды».
Ақпараттық рынокты монополияландырып алды деп «Хабар» агенттігін емес, Дариғаның өзін, отбасын атаса да, айқасқа «жәбірленушінің» өзі шықпай, басқалардың қолымен от көседі. Осындай адам өш алу, қарсыласын тұқырту, жойып жіберу үшін қастандық жасауға тапсырыс бермейді деуге қалай иланамыз?!
4-НҰСҚА: Назарбаевтың нақақ әрекеті ме?
Ержан Өтембаев газеттегі екі мақаладағы, оның бірінде тіптен аты-жөні аталмаса да, А.Сәрсенбайұлының сын пікірі жеккөрушілік, өштесушілік туғызып, қылмыс жасауына итермеледі дейді тергеуші, прокурор және сот. Сондықтан осындай бұлжымас қағиданы басшылыққа алып, қылмыстық істерді қарайтын шенділердің назарына Қазақстан азаматы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа – бұрынғы президентке қатысты жазылған, айтылған, тікелей оның өзін сынаған Алтынбектің өте көп пікірлерінің бірнешеуін ғана ұсынамын.
«Бір-бірінен мүлде бөлек, тұрақсыз үш жолдау. Мұндайды бүгінде қойыртпақ дейді. Қайсысына сенеміз? Егер жолдаулары осындай әрқилы болса, онда президентке қалай сенесің? Ел үшін түйінді мәселе бойынша басы әңкі-тәңкі болған адамға елдің тағдырын табыстап, біз орынсыз тәуекелшілдік жасап отырған жоқпыз ба?».
«Назарбаев сөз бостандығы туралы айтады. Шындығына сайғанда, ол заңның шеңберінде, яғни қысқа қарғыбауда болуы тиіс деп, бірден атап көрсетеді. Іс жүзінде қалай? Журналистерді енді қорқытпайды, оларды өлтіре бастайды. Газетті жай ғана жауып тастамайды, оларды жоюға тырысады. Прокуратура оппозициялық ұйымдардың ғимараттары мен үйлерін заңсыз тінтеді және демократиялық басылымдарды заңсыз тартып алады. Президенттің саяси өзгерістің қажеттігі туралы әрбір сөзінен кейін дүние тарылып сала береді. Еліміз үшін қорқынышты. Оның қазірше басқа сөз айта қоймағаны қандай ғанибет…».
«Не керек, оның бүгін өз халқына бергенінен гөрі, алғаны әлдеқайда көбейіп кетті. Президенттің кемшілігі мен қателігі оның жетістіктерін басып озып кетті. Шын жетістіктерін де, қолдан жасалған «жетістіктерін» де. Масқаралыққа ұшырап, абыройдан біржолата айырылып қалмасы үшін, мұндай жағдайда өзін-өзі сыйлайтын саясаткерлер сахнадан кетеді».
«Президент не деп еді? Президентке сенсек, бізде шекара да болмаған. Территория да жоқ. Мемлекеттілігіміз де болмапты. Сонда біз сығандармен туыс болып шықтық қой… Мемлекетті де сол жасапты! Шекараны да сол анықтапты. Және біз үшін жерді де іздеп тауыпты…».
«Назарбаев неліктен әділ сайлау өткізе алмайды? Тым болмаса бір рет. Барлық тәуелсіздік жылдары ішінде, өзі басқарған 15 жылда неге ондай қадамға бара алмады? Неліктен ол бұл жолы да лас, тайғақ соқпаққа түсті? Үйреншікті болғанымен, қауіпті емес пе?».
Мен А.Сәрсенбайұлының бұрынғы президент Н.Назарбаевқа, оның қызметіне қатысты өзге де сын пікірін, көзқарасын, берген бағасын тізіп шығуыма болар еді. Бірақ осы да жеткілікті болар деп тоқтадым. Мақтаудан басқаны естігісі келмейтін, атақ-даңққа құмар адамның шымбайына бататын жоғарыдағы шындық әрі ащы мысқыл, әжуамен, бірақ мемлекет пен қоғамға жанашырлықпен айтылған ақиқат сөздер Н.Назарбаевтың қанын қарайтып, ашу-ызасын келтіргенін өздеріңіз де білесіздер. Назарбаев кешегі қол астында істеген министрден, жасы кіші адамнан мұншалықты сөз естуі оны «жындандырған» да шығар.
/ҚР бас прокуроры, ішкі істер министрі, ҰҚК төрағасы/, енді заңгер ретінде айтыңыздар: Нұрсұлтан Назарбаев өзіне халық алдында жоғарыдағыдай өткір сын айтқан, масқарасын шығарған, «тірідей сойып» салған адамнан кек алмай тоқтаушы ма еді? Өзін ұлттың көшбасшысы, елбасы санатып жүрген адамға оның құрған жүйесінің айықпас ауруы туралы қойған қатаң, бұлтарпас диагнозы, өтіріктерін әшкере етуі өте жайсыз тигені даусыз. Назарбаев мұндай сынға төзбейтін, қорланатын, қаһарын төгіп, шалт қимылға баратын пенденің бірі. Сондықтан мен келтірген мысалдар оның қылмыс жасауына себепкер, итермелеуші факторлар – Өтембаевтың мотивімен салыстырғанда әлдеқайда нақтылы және сенімді аргумент. Өз өлшемдеріңізге салсақ, Ержанның орнына ең алдымен Нұрсұлтан, одан кейін Рахат пен Дариға және басқалары жауапқа тартылуы, тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, тым құрығанда қылмысқа итермелеуші баптары бойынша жазалануы керек қой?!
Батыр, қайтпас қайсар тұлға Заманбек Нұрқаділовке жасалған қастандықты халық президент болған Н.Назарбаевтан көрді. Мен де солай есептеймін. Өйткені…
Өйткені бұл екі азаматты қазаға ұшыратқан террорлық әрекеттің жеке бас араздықтан туындайтын қылмыстан бөлек, саяси астары бар. Ең бастысы және негізгісі де сонда – үлкен саясатта! З.Нұрқаділов пен А.Сәрсенбайұлы – белгілі саясаткерлер, режимге қарсы шыққан күрескерлер. Кері қайтпайтын, сатылмайтын табанды тұлғалар. Олардың шыншыл, дәлелді сөздерінен, саяси айқын көзқарастарынан кейін қоғамдық пікір күрт өзгере бастады. Мұндай адамдар Қазақстанда отбасылық, олигархиялық, авторитарлық билік жүйесін түбегейлі орнықтырып, мәңгі үстемдік етуді көздегендер үшін үлкен кедергі болды. Әрі айтарлықтай қауіп еді.
P.S.
Мен саяси террорлардың салдарынан қазаға ұшыраған Заманбек Нұрқаділовтың жерлесімін, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасымын. Заң бойынша – жәбірленушімін. Сондықтан аттары аталған қоғам және мемлекет қайраткерлеріне, Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевке оқ атқызғандарды, оқ атқандарды анықтауды, қылмыстық жазаға тартқызуды талап етуге құқылымын. Қос бірдей қанды оқиғаның қоғамдағы қаупін ескеріп, терроризм бабы бойынша жаңадан іс жүргізуді талап етемін!
Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.
«DAT». 11.02.2021.