Ар – ұждан және абырой туралы
Тақырыбы: Ар – ұждан және абырой туралы
Құндылығы: Дұрыс әрекет
Қасиеттері: Отбасындағы, мектептегі парызын орындау, әдепті болу, әділеттілік.
Мақсаты: Оқушыларға ақкөңілділік туралы түсінік бере отырып, дұрыс әрекет құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері:
1. Білімділік: Оқушыларға отбасындағы, мектептегі парызын орындаудың қажет екенін түсіндіру.
2. Дамытушылық: Оқушылардағы әділеттілік қасиеттерін дамыту.
3. Тәрбиелік: Оқушыларды әдептілікке тәрбиелеу.
Ресурстар: (материалдар, дереккөздер)
2. интернеттен
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
5 Т – ережесі:
1. Тәртіп.
2. Талап.
3. Тыныштық.
4. Тазалық.
5. Татулық.
Балалар ережені есімізге түсіріп, сыныптың тәртібін сақтап, оқып — білуге талаптанып, тыныштықты орнатып, тазалықты сақтап, бүгінгі күнімізді татулықпен өткізейік.
Тыныштық сәті.
Су асты патшалығына ойша саяхат. (Оқушылардан шеңбер құрып отыруды, қолдарын тізесіне немесе үстел үстіне қоюды, аяқтарын айқастырмауды өтініңіз. Арқаларын тік ұстауын қадағалаңыз. Жайлы, баяу музыка қойыңыз).
Мұғалім: Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан — жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы — берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз… бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз. (Мұғалім бірнеше секунд үнсіз қалады).
Ал қазір жоғарыға, өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.
Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз. Рахмет!
2. Үй тапсырмасын тексеру.
1. №12 – сабақ. Оқулықта берілген 1 – тапсырманы орындау.
2. Келесі сабақ. №13, «Қара құлып» мәтінін оқып келу.
Сұрақтар:
1. Неліктен бала анасының сөздерінен ұялды?
2. Болған оқиғадан бала өзіне қандай өмірлік сабақ алды деп ойлайсыңдар?
3. Абай атамыздың «Пайда ойлама – ар ойла» деген сөзін қалай түсінесіңдер?
4. Адамның бойындағы қандай қасиеттеріоны абырой биігіне көтеріп, дұрыс әрекетке жетелейді?
3. Сабақтың дәйексөзі.
(Ұл балалар бір рет оқиды, қыз балалар бір рет оқиды, барлығы бірге қайталайды)
• Ар — ождан алдындағы адалдық өз қадір — қасиетіңе, ізгі іс — әрекетіңе байланысты.
Әбу Нәсір әл — Фараби
Әбу Насыр Әл — Фараби әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі.
1. Сұрақтар:
1. Ар – ұждан дегеніміз не?
2. Ар – ұждан алдына не үшін адал болуымыз керек?
3. Дәйексөзден қандай ой түйдіңіз?
4. Оқиға айту (Мұғалім сыйы)
Бозорамал
П. Джон
Автобус аялдамасында ешкімді елеместен мұңға батып, жалғыз жігіт отыр. Жолаушылардың кейбірі оған көңіл аударып, қарап өтсе, енді біреулері қарамайды да. Жігіттің оларға мойын бұруға мұршасы да жоқ, терең ойға батқан.
Ол өткен өмірін қайта — қайта есіне алды. Жиырма жылдай бұрын ол келесі көшедегі қызыл кірпіш үйде дүниеге келіп, бақытты балалық шағын өткізіп еді. Бұл үй мүмкін орнында жоқ та шығар бірақ, қызыл — жасыл гүлдер орнында қалған болар. Ол үйінің маңындағы сол гүлдерді есінен бір сәт те шығара алмады. Үйдің жанында әкесі өз қолымен жасап берген әткеншек, өзі алғаш велосипед теуіп үйренген бақтағы жалғыз аяң жол бәрі — бәрі есінде. Ата — анасы осы велосипедті бірнеше ай бойы еңбек — ақыларын жинап алып беріп еді. Араға оншақты жыл салып, велосипедті мопедке ауыстырды.
Жасөспірім енді ата — анасына төбесін сирек көрсететін жағдайға жетті. Өзі ақша таба бастады, достары да көбейді, ол үшін ата — анасы өмірден артта қалғандай болып, олардан гөрі, достарымен сауық кештерде уақыт өткізу қызықтырақ көрінді.
Жігіт өмірінің осы бір кезеңін есіне алғанда жаны түршікті, оны жан дүниесінің көмескілеу жеріне жасырғысы келді де өне бойы дір ете қалды. Ол сол күні алған қарыздары жиналып қалып, ата — анасына ақша сұрауға келді. Анасы ұлын көргенде құрақ ұшып, барын аузына тосты, әкесі баласына әкелік мейірімін төкті. Ал ұлы әке — шешесінің ақшасын рұқсатсыз алған күйі кете барды.
Осы күннен бастап жасөспірім ата — анасының бет — жүзін көрген жоқ. Өзінің осы қылығынан соң ата — анасының жүзіне қарауға дәті де шыдамады. Сөйтіп, ол өте алысқа кетті…
Ата — анасы баласының өмірінен хабарсыз еді.
Ол кейде түнде айға қарап, өз ата — анасын есіне алатын, «егер ата — анам аман болса, мені көргілері келсе, әйтеуір бір үйіме барармын», — деп ойлайтын.
Жігіт үлкен қалада жұмысқа орналасады, жұмыстан қолы қалт өте қалса, ойына ата — анасы мен үйі түсетін, көзге көрінбейтін бір күш үйіне қарай тарта беретін еді. Көз алдына кішкентай кірпіш үйі мен үйінің маңындағы қызылды — жасылды гүлдер елес болып орала кететін.
Ақыры үйіне қайтуға бел буғанымен, жолға ақшасы болмай, ұзақ жолға жаяу шығады. Жол — жөнекей кездескен көліктерге мініп, жаяулатып үйіне жақын қалған жігіттің ойы сан саққа кетеді.
… Ата — анасының үйіне қайта баруға қақысы бар ма? Өзін жан — тәнімен сүйген адамдар жасаған қиянатын кешіре ме?
Жігіт күні бойы ағаш астында отырып өз ойымен әлек болды. Сөйтіп, кеш бата бір күн бойы, бірақ бірнеше сөз ғана жазылған хатты пошта жәшігіне салды. Хатта «Мені көргілерің келетінін ойлау ақымақтық болар. Бірақ қалау өздеріңізден. Бейсенбі күні таң сәріде мен біздің көшеде боламын, мені көргілеріңіз келсе, Босағаға боз орамал байларсыздар. Егер орамал болса, мен үйге кірермін, егер болмаса, туған үйге қолымды ең ақырғы рет бұлғап, өз жөніммен кетермін…» деп жазылған еді.
Міне, күткен бейсенбі күнінің де таңы атты. Жігіттің жүрегі алып ұшып, асығып келеді. Кенет өз ойынан өзі шошып, кілт тоқтай қалды. Мүмкін ата — анасы басқа жаққа көшіп кеткен болар… Босағада боз орамал болмаса ше… Егер боз орамал босағада болмаса, көршілерге кіріп, ата — анамның жағдайын біліп, өз жөніме кетермін…
Өзімен өзі ойға батқан жігіт ағаш маңында бірнеше минут аялдап, көшесіне жасқана көз қиығын салды.
Өз көзіне өзі сенер емес. Анадайдан туған үйі аппақ шағаладай жарқырайды. Үйдің барлық есік терезесі ақ матадан көрінбейді. Үй бозарып атқан ақ таңның сәулесімен шағылысып тұр еді.
Екі көзден парлап аққан жасқа ие бола алмаған жігіт, үйінің босағасына қалай жеткенін де байқамай қалды. Ал оның алдында туған үйдің есігі шалқасынан ашық тұр еді.
Сұрақтар:
1. Әңгіме не туралы? Кім туралы айтылған?
2. Әңгіменің негізгі ойы қандай?
3. Кім өз өмірлерінен мысал келтіре алады?
5. Шығармашылық жұмыс, топпен жұмыс.
Оқушылар екі топқа бөлінеді.
Тапсырма:
1 – топ: «Дұрыс әрекет»
1 – жағдаят.
2 – топ: «Ар — ұждан»
2 – жағдаят.
Топпен ән айту.
Сөзі: Мұғалімдер шығармашылығы
Әні: «Ертегілер әні» сазымен
1. Ақиқаттың әнін,
Айтамын күнде мен.
Бөбек әлемінің сырларын түсініп,
Нұрына шомылдым күннің.
Тыныштық жан — көркем,
Керемет ол неткен,
Ар — ұждан сөйлейді,
Жүректі тербейді
Бақытқа бізді жетелеп.
Қайырмасы:
Құндылықтар – мәңгі әнім,
Құндылықтар – өмір мәні
Ізгіліктің ғажап күйіне
Ертесіңдер сендер.
2. Дұрыс әрекеттер
Сүйіспеншілік береді,
Тыныштық орнайды,
Қиянат болмайды,
Адамзатқа әлемдегі.
Керемет ол неткен,
Ар — ұждан сөйлейді,
Жүректі тербейді
Бақытқа бізді жетелеп
Қайырмасы:
7. Үй тапсырмасы.
1. №13 – сабақ. «Ақылды болсаң, арыңды сақта» тақырыбына эссе жазу.
2. Келесі сабақ. №14, «Бір билеттің кесірі» мәтінін оқып келу.
8. Сабақтың қорытынды сәті.
Тыныс алуға зейін қою.
Баяу музыка қойылады.
Мұғалім: Сіздерден аяқ — қолыңызды айқастырмай, түзу отыруыңызды өтінемін. Біз қазір тыныс алу жаттығуын жасаймыз. Тыныс алуға зейін қойған кезде, біздің ақылымыз дем алады. Ауаны ішке жұту кезінде тыныштық пен қуаныш қабылдаймыз. Демді сыртқа шығарған кезде өзіміздегі мазасыздықтарды сыртқа шығарамыз.
Кәне, дайындалайық, балалар. Көзімізді жұмамыз…, арқамызды тіктейміз…, қолдарыңды тізеге қоюға болады…
Д е м а л….. ш ы ғ а р… (жаймен 9 — 10 рет) немесе 1…. 2 [3].
Бүгінгі сабақтан игерген жақсы қасиеттерді есімізге түсіріп, жүрегімізге сақтайық.
Мектебі: «Бейнеу лицейі»КММ
Мұғалімі: Алдабергенова К.