Мемлекеттік қызмет шоу бизнес өкілдерінің «запасной вариантына» айналған ба?

0

Осыдан бір он жылдай бұрын той бизнесте жүрген жандарды екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмаса да еліміздің алдыңғы қатарлы арналарының эфиріне шығару басталып еді. Осылайша әнші-бишілердің әдемі көйлегі мен ажарлы бейнесіне қарап тамсанып отырдық. Журфак бітірген кәсіби журналистер жүргізетін бағдарламаларды көргіміз келмей қалған.

Енді әнші-бишілерді мемлекеттік қызметтегі лауазымды орындарға жайғастыру тенденциясы бастау алды. Отыз елдің қатарына тез жетудің жолдарын озық ойлы азаматтар емес осы кісілер жақсы біледі деген шығар. Той тоқтап, думан азайған кезде «анау әнші анда, мынау әнші мында лауазымды қызметке жайғасыпты» деген сыңайдағы жаңалықтарды оқығанда «мемлекеттік қызмет шоу бизнес өкілдерінің «запасной вариантына» айналған ба?» деген ойға қаласың. Бұдан соң мемлекеттік қызметтің абырой-беделі туралы не айтуға болады?

Мемлекеттік қызметке қатардағы маман болып кіріп хат жазып, қағаз тасып еңбек етіп, сатылап өсіп, салмақ жинамай-ақ, хит жазып, клип түсіріп, концерт беріп өсе беретін болған соң бәрі бекер ғой.

Сонда Президент айтқан меритократия қағидаты деген қайда қалды? Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы заңында «меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету» деп көрсетілген.

Бұдан бөлек Президенттің кадрлық резерві деген бар еді? Басқаны білмеймін дәл осы Жамбыл облысында біраз адам осы кадрлық резрвқа құжат тапсырып еді қайбір жылы. Қайдасыздар, сіздер?

Бекнұр Сатыбалдиев жазбасы