Келер жылдан бастап 200 мыңға жуық медицина қызметкерінің жалақысы өседі. Жаңалықтарға шолу

0

Қазақстандағы салықтық амнистия: 130 млрд теңге қарыз кешірілетін болды

Мемлекеттік кірістер комитетінің алдын ала есебі бойынша, Қазақстанда салықтық рақымшылыққа 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі ілінеді. 2018 жылдың 1 қазандағы мәліметке сай олардың 340,6 млрд теңге қарызы бар. Оның 122,9 млрд теңгесі – өсімпұл, 7,3 млрд теңгесі – айыппұл екен. 210,4 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарыз өтелген жағдайда ғана ол кешіріледі.

Алматы экономикасындағы шетелдік инвестиция бір жылда 24%-ға өскен

Соңғы 10 жылда Алматы облысына 22,2 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. Оның 3,5 млрд доллары – шетелдікі. Биыл облыс экономикасындағы инвестициялар көлемі 21%-ға артқан, оның ішінде шетелдік инвестиция көлемі – 24%. Алматыда әлемнің бірқатар елінен 500-ге жуық кәсіпкер қатысып жатқан «Almaty Invest» форумында қала әкімі Б.Байбек осылай мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, Алматыда 2035 жылы халық саны 2 есе артады. 15 жылда бізге экономиканың орташа өсімін 5%-ға арттыру міндеті тұр. 700 мыңнан аса жұмыс орнын ашу қажет.

1 қаңтардан бастап медицина саласындағы 190 мың қызметкердің жалақысы өседі

Денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік ұйымдардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына қарамастан ондағы еңбекақысы аз лауазым санаттардағы барлық жұмысшыларының жалақысы келер жылдан бастап көтеріледі. Жалақыны көтеруге (еңбекақысы аз лауазым санаттары) – 27,2 млрд теңге қажет.

Медициналық қызметтерге арналған бекітілген тариф негізінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» медициналық ұйымдармен 2019 жылға денсаулық сақтау саласының еңбекақысы аз қызметкерлердің жалақысын көтеру бойынша міндеттемелерді қоса отырып, келісімдер жасайды. Осыған сәйкес қор жалақыны төлеу мониторингісін жүргізеді.

Астанада пәтер кезегінде тұрған 4000 адам тізімнен шығарылды

Қазір қалада 45 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Жыл сайын баспанаға нағыз мұқтаж жандарды анықтау мақсатында әкімдік тізім бойынша түгендейді. Биылғы жылдың тамыз айында сондай түгендеу нәтижесінде 4111 адамның мемлекеттен пәтер алуға мұқтаж еметігі анықтаған.

Сондай-ақ тамыз айынан бері әкімдік мемлекеттен алған пәтерлерде тұрмайтын үй иелерінің 3-ін сотқа берген. Баспананы жалға беріп қойған 76 азаматқа ескерту хабарламасы таратылған.

Астанада ЖИТС-ке шалдыққандар мен аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік төлемдер беріледі

ЖИТС-ке шалдыққандарға төленетін әлеуметтік төлем көлемі – 2,5 АЕК (6012,5 теңге) құрайды. Төменгі күнкөріс деңгейінен 50% кем табыс табатын азаматтарға берілетін атаулы көмек сомасы – 4,5 АЕК (10 822,5 теңге). Яғни Астанада айлық кірісі 16 497 теңгеден төмен азаматтар бұл көмекті алады.

Әкімдік мәліметіне сай, ол 1 желтоқсанға қарсы беріледі. Бір реттік көмекке ілігетіндердің саны 4 мыңнан асады. Сондай-ақ, 16 желтоқсанға қарсы Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына да 2,5 АЕК көлемінде төлемақы беріледі.

Дүниежүзілік банк Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімін 3,8 пайызға дейін көтеріп болжады

2018 жылдың жалпы ішкі өнімінің нақты өсімі бойынша болжамды көрсеткіші 3,7-ден 3,8 пайызға жоғарылады. «Әрі қарай негізгі сауда серіктестермен қолайлы жағдайларды сақтаған кезде, сондай-ақ бизнес ортаны дамыту мен экономикада мемлекет рөлін қысқартуға бағытталған реформаларды табысты жүргізгенде мұнайлы емес экономикада өсім біртіндеп қарқын алады», – делінген ДБ баяндамасында.

Банк болжамына сәйкес, 2019 жылы Қазақстан ЖІӨ-сі өсімі 3,5 пайыз, 2020 жыл мен 2021 жылы 3,2 пайыз болады.

Орынбор облысында жол апатынан 5 қазақстандық қаза тапты

Орынбор — Соль-Илецк» тасжолында ауыр жол апаты болды. Елшанка ауылы маңында жүк көлігі мен «Volkswagen» соқтығысқан. 5 адам қаза тапты, екі адам Соль-Илецк қаласының ауруханасына жеткізілді. Алдын ала белгілі болғандай, қаза тапқандардың бәрі — қазақстандықтар. Үшеуі — Ақтөбе облысының, екеуі — Қызылорда облысының азаматтары. Қазір дипломаттар марқұмдардың денесін елге әкелу мәслесін шешуге көмектесіп жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Семейде польшалық онкологтар қатерлі ісікті емдеудің заманауи тәсілдерін көрсетті. Ядролық медицина және онкология орталығында «Өңеш, өкпе және сүт безі қатерлі ісіктерін емдеудегі жоғары мөлшерлік брахиотерапия» бойынша халықаралық шеберлік сағаты өтті. Варшавадан радиациялық онкологтар әрі медициналық физиктер келген.

Онкоорталықтың төрт қызметкері (анестезиолог дәрігер, 2 радиолог дәрігер және медициналық физик) Польшадағы Мария Кюри атындағы онкологиялық орталық пен Варшава қаласындағы ІІМ-нің клиникасында оқыту курсынан өткен. Соған сәйкес, радиолог дәрігерлер жоғары мөлшерлік 3D брахиотерапия бойынша білімдерін шыңдады.

Inform.kz: Қазақстандықтардың зейнетақы активтері қайда инвестицияланған. 2018 жылғы қазанда теңгемен номиналданған зейнетақы активтерін инвестициялау көлемі 42,2 млрд теңгені құрады.

Оның ішінде жылдық 10,0 млрд теңге сомаға 9,3 пайыз кірісі бар «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ облигацияларын; жылдық 5 млрд теңге сомаға Еуразиялық даму банкінің 9,5 пайыз кірісі бар облигацияларын; экономиканы қолдау үшін ҚР екінші деңгейдегі банктерін қаржыландыру жөнінде жарияланған бағдарлама аясында екінші деңгейдегі банктердің 11,9 пайыз орташа сараланған жылдық кірісі бар жалпы сомасы 27,2 млрд теңгенің облигацияларын сатып алды.