Қазақстандықтардың ақшасын ұтысқа тігіп, туыстарының несиесін жапқан банкир: Қатты ұяламын

0

Жетіқара аудандық сотында «Еуразиялық банк» АҚ Қостанай филиалының жергілікті бөлімшесінің бұрынғы бастығы Мырзабай Шалбаевтың ірі ақшалай соманы ұрлауы бойынша іс тыңдалымы жалғасты. Банкир қарызды төлеу үшін кассадан 205 мың еуро ұрлаған. Бұған оның құмар ойындарға тәуелді болуы себеп, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін «ТоболИнфо» хабарлағандай, бұл оқиға барша қазақстандықтардың жағасын ұстатты. Мырзабай Шалбаев жұмыс істеген банктен 205 мың еуро ұрлап, Ресейге қашып кеткен. Кетер алдында өзінің және туыстарының бірнеше несиесін жауып үлгерген.

«Қостанай жаңалықтары» ақпараты бойынша, Мырзабай Шалбаев 2019 жылдың маусым айында Жетіқара қаласында банк бөлімшесінің бастығы лауазымына кірісті. Бұған дейін» ТоболИнфо» жазғандай, ол барлық сатыдан өткен – бухгалтер, қаржы кеңесшісі, бас маман болған. Бір сөзбен айтқанда банктің қалай жұмыс істейтінін жақсы білген. Соңғы қызметінде ол клиенттердің ақшасын шешіп алған.

26 қаңтарда өткен сот отырысында 30 жастағы сотталушы қылмысты қалай жасағанын егжей-тегжейлі айтып берді.

Мырзабай Шалбаев екі күннен кейін Ресей территориясында қолға түсіп, Қостанайға жеткізілді.

Прокурор соттан қылмыскерді 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады.

«Банк жасалған қылмысқа сәйкес жаза тағайындауды және банктің пайдасына 68,5 мың еуро және 6 698 313 теңге сомасындағы мүліктік залалды өндіріп алуды қажет деп санайды», – деді «Еуразиялық банк» АҚ өкілі Қайрат Салқымбаев.

Қалған сома ұсталған соң бірден банкке аударылды.

«Кінәмді толықтай мойындаймын. Жақындарымның, ата-анамның және бұрынғы әріптестерімнің алдында әлі күнге дейін қатты ұяламын, кешірім сұраймын», — деді Мырзабай Шалбаев сот тыңдалымы кезінде.

Ол прокурормен кінәсін мойындап, келісімге келмек болды. Алайда екі тарап шарттар бойынша келісе алмады.

Мырзабай Шалбаев кінәсін толықтай мойындағандықтан, іс қысқартылып қаралып жатыр. Сот 9 ақпан күні үкім шығаруды жоспарлап отыр.