Қазақтың жылқыға қатысты ғұрыптары адамзаттың мәдени мұрасы ретінде мойындалды |
Оқылды:
17
Ұлы Дала Еліне алыстағы Африка құрылығында орналасқан Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласынан сүйіншілеген ақжолтай хабар жетті. Елді елең еткізген жағымды жаңалық, сөздің тура мағынасында, мерейімізді өсірді. Қазақ ұлты жылқы бағушыларының көктемгі дәстүрлі әдет-ғұрыптары бүкіл адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде мойындалып, тиісті тұжырым жасалыныпты. Аталған шешім ЮНЕСКОның Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі Үкіметаралық Комитетінің XIII сессиясында қабылданған.
Осы ретте ерекше атап өтер жайт – қазақы ғұрыптар құндылығының маңызын дәйектеу үшін сессияға қатысушы 127 мемлекеттің өкілдері мен Комитет мүшелері санатындағы 24 елдің құзырлы тұлғаларының назарына Ұлытау ауданындағы Терісаққан ауылында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Терісаққан көктемі» этнофестивалі туралы фотодеректер мен мәліметтердің ұсынылуы
Бұл – тарихи маңызы бар оқиға. Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі осы» деген түйінсөзімен мейлінше үндес болмыстағы аса зор жетістік. Аталған жетістікті «жіліктеп» сипаттар болсақ, ол – Ұлы Дала пәлсапасын қалыптастырған дана бабаларымыздың бие байлау, айғыр қосу және қымыз мұрындық секілді дәстүрлі тұрмыстық құндылықтарының маңыздылығымен ерекшеленеді. Бұл ғұрыптардың бір-бірімен ажырағысыз байланыста екендігі белгілі. Көне дәуірлерден бастау алып, ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз жалғасып келе жатқан ғажайып дәстүр – ұлттық болмысты айрықша айшықтайтын теңдесі жоқ қазына-байлығымыз. Табиғат пен жан-жануарлар тылсымына терең бойлай білген, табиғи таным-өресі өте биік деңгейді бағындырған бабаларымыздың жасампаз үрдісі, осылайша, әлемдік деңгейдегі танымал қалыпты иеленді.
Жаңашыл бітімдегі қандай да бір игілікті істің бастауында ізденімпаздығы мен іскерлігі жымдаса қабысатын тұлғаның тұрары анық. Бұл тұрғыда ұлт мүддесін ұлықтап, қастерлі құндылығымыздың жержаһанға жария етілуі мен мойындалуына дәнекерлік етуші «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Бақтияр Қожахметов (суретте) екендігін ерекше атап өткен жөн. Қазақ елінің мерейін өсіріп, мәртебесін арттырған осынау жетістік – оның жеті жылға ұласқан тынымсыз еңбегінің жемісі.
– ЮНЕСКО-ның салалық бағыттағы Комитеті сараптаушы комиссиясының ұсынылған құжаттарға қоятын талабы кең ауқымды әрі өте сындарлы болды. Алғашқы жетістік – алдын ала кезең-кезеңімен өткізілген сараптау шаралары талаптарының үдесінен шыға білгеніміз. Бұл жерде Оңтүстік Кореялық мамандардың «Қазақфильм» компаниясының қолдауымен түсірген тақырыптық деректі фильмі айтарлықтай маңызды иеленді. Біз ұсынған фотоальбомдар комиссия мүшелерін шынайылығымен тәнті етіп, өзіміз әзірлеген слайдфильм мен Қарағандыдағы «Евразияфото» клубы арнайы тапсырыс негізінде түсірген бейнебаян олардың үлкен қызығушылығын тудырды. Осы ретте «Ұлытау» қорық-музейінің бұрынғы қызметкері, өз ісінің аса білгір маманы, марқұм Елена Хороштың жазба құжаттарды дайындаудағы еңбегі ересен екендігін тілге тиек етпеуге болмайды. Соның бәрі тақырыпты талқылау кезінде бір де бір қосымша сауалдың қойылмауына, Комитет мүшелерінің бірауыздан дауыс беруіне жағымды әсер етті. Түпкі шешім жария етілгенде залда отырған барлық мемлекеттер өкілдерінің Қазақстанға және мемлекетті құрушы ұлттың байырғы күндерден жалғасқан, талайды тамсандырар ғұрып-салттарына қапысыз қошемет танытып, ұзақ қол соғуы мені тілмен айтып жеткізгісіз мақтаныш сезіміне бөледі. Сол сәтте жанарыма еріксіз жас үйірілгенін несіне жасырайын, – дейді Комитет сессиясында мәртебелі мінберге көтеріліп, Қазақ елінің атынан сөз алған Бақтияр Сапарбекұлы.
Елбасының ел санасын тағы бір мәрте сілкінткен жаңа мақаласындағы «Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс бағамдауға тиіспіз» деген тұғырлы тұжырымы – болашақтың бұлжымас бағдары. Ал, тұлпартектес халықтың жылқыға қатысты ғұрпының құндылығы әлемдік деңгейде мойындалуы – осынау тұжырымның жасампаз болмысының бірегей көрсеткіші. Ендеше, ұлттың ұлағатты ұстанымдары әлі де сан мәрте ұлықталарына еш күмән келтіруге болмайды.
ҰЛЫТАУ ауданы.