БҚО-да мас күйінде көлік айдаған мемлекеттік қызметкер 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды

0

Ер адам 15 күн әкімшілік қамауға алынды, енді ол жұмысынан айрылуы мүмкін, деп хабарлайды «Мой ГОРОД» порталының тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің ақпаратынша, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Азамат Есенов Ақсай қаласында ұсталды. Ол мас күйінде көлік жүргізген.

«Медициналық куәландыру Азамат Есеновтің мас болу деңгейі орташа екенін көрсетті. Оған қатысты полиция қызметкерлері «мас күйінде жүргізушінің көлік құралын басқаруы» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. 14 желтоқсанда Бөрлі аудандық соты бұл істі қарады. Азамат Есенов әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды», — деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаменті.

Сонымен қатар, 3 ақпанда Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында азамат Есеновтің тәртіптік ісі қаралып, онда ҚР ТЖМ Азамат Есеновті жұмыстан босату туралы ұсыныс жіберу туралы шешім қабылданды.

«Кеңес мүшелерінің тәртіптік жаза түрін қолдануға қатысты пікірлері екіге бөлінді, алайда көпшілік дауыспен ҚР Төтенше жағдайлар министрінің атына Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын өрескел бұзғаны үшін азамат Есеновке «атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату» түріндегі тәртіптік жаза қолдану бойынша ұсыныстарды жіберу туралы шешім қабылданды», — деп толықтырды ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаменті.

Біз әрбір жазылушы мен оқырманды бағалаймыз, сондықтан түсініктеме беру кезінде ұсыныстарды мұқият оқып шығыңыз.