Макс Боқаев бостандыққа шықты
4 ақпанда Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен белсенді Макс Боқаев босап шықты. 2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жыл түрмеде отырған «саяси тұтқын» Макс Боқаевты түрме алдынан ондаған жақтасы, ақпарат құралдары қарсы алды.
Түрме мерзімі аяқталардан бұрын Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев қамаудан шыққаннан кейін бірден алаңға баратынын айтқан. Ол босатылардан бір күн бұрын «соттың қаулы шығарып, өзіне митингіге баруға, әлеуметтік желі қолдануға тыйым салғанын» хабарлады.
48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отырған. Бес жыл бұрын Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.
Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген.
Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Макс Боқаевты «саяси тұтқын» тізіміне енгізген. Бес жыл ішінде елде көптеген акциялар мен пикеттер болып, белсенділер саяси тұтқындар оның ішінде Макс Боқаевты да босатуды талап еткен. Халықаралық ұйымдар да Қазақстан билігінен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.