Тарихты бұрынғыша зерттеу әдістемесінен шықпай жүрген ғалымдар көп

0

2018 жылғы 7 желтоқсан 12:04 21

 Тарихты бұрынғыша зерттеу әдістемесінен шықпай жүрген ғалымдар көп - Бүркітбай Аяған

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңызы — бұрынғы маркстік-лениндік методологиядан бас тарту болып отыр. Қазақстан тарихы жайлы осындай пайымды белгілі тарихшы, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бүгінгі конференция — «Рухани жаңғыру: тарихи сананы қалыптастыру» деп аталады. Ал қараша айында өздеріңіз білетіндей, Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шыққан кезде біз қатты қуандық. Себебі, ол мақаланың бір керемет маңызы — бұрынғы маркстік-лениндік методологиядан бас тарту. Елбасы Қазақстан тарихын зерттеудің мүлде жаңа бір тұжырымдамасын ұсынып отыр. Яғни, ол тұжырым бойынша біріншіден қазақ даласы — бұрыннан өркениет даласы. Екінші қағида — осы далада өмір сүрген бұрынғы империялардың мұрагері — қазіргі қазақ халқы. Бұл — методологияға жатады. Бұл ойлар біз үшін өте маңызды, себебі әлі де болса қоғамда бұрынғы зерттеу методологиясынан шықпай жүрген ғалымдардың көп екені белгілі», — деді Бүркітбай Аяған Елбасы кітапханасында өтіп жатқан халықаралық конференция барысында тілшілерге берген сұхбатында.

Профессордың айтуына қарағанда, біздің дайындаған кітаптарымыз — Елбасының айтқан осы ойларына сай келіп тұр.

«Қазақстан тарихшылары соңғы кезде бір үлкен қозғалыста. Әрине, ананы көрмеді, мынаны жазбады деген сын көп. Бірақ, шын мәнінде тарихшылар менің ойымша, көп жұмыс атқарып жатыр. Соның арасында қандай десеңіздер, мектеп және жоғары оқу орындарына жаңа методология бойынша кітап, хрестоматиялар дайындалған Олар бұрынғы кеңестік идеология емес, қазіргі заманға сай, тарихи негіздемелерге сүйене жазылған. Мәселен, бұрын айтылмай келе жатқан Алаш тарихы, Қазақстан даласындағы ашаршылықтың себептері мен салдары, кеңес империясында болған қазақ даласының тағдыры, тәуелсіздік алған кезде біздің қандай ел болып шыққанымыздың бәрі қамтылған», — дейді профессор.

Айта кетсек, ҚР БҒМ және Мемлекет тарихы институты ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорымен бірлесіп, «Рухани жаңғыру: тарихи сананы қалыптастыру» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып жатыр. Конференция жұмысына Әзербайжан, АҚШ, ҚХР, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Украина елдерінің халықаралық ғылыми сарапшылары, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысуда.

Конференция барысында «The history of Kazakhstan», «Қазақстан дипломатиясы», «Горизонты национальной истории», «Қазақстан тарихы», «Әбілқайыр Шайбан», «Қазақстандағы көші-қон және демографиялық ахуал» кітаптары таныстырылды.