«Бәрі жыныстық қатынасқа шақырады»: Дәмханада ыдыс жуып жүрген Қызылорда аруымен сұхбат
Өткен аптада әлеуметтік желілерде Қызылорда аруы атанған Гүлнұр Нұртазаның дәмханалардың бірінде ыдыс жуып жүрген видеосы тараған болатын. Қазнетте көп талқыланған видеодан соң, кейбір алаяқтар бойжеткеннің атынан желіде фейк аккаунт ашып, қаражат жинамақ болған.
Досы түсірген видео осыншалықты қатты тарап кетеді деп ойламаған Қызылорда аруы өзіне қазақстандықтар тарапынан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен қолдау білдірушілердің табылып жатқанын айтты.
«Егер сұлулық біреудің жетістікке жетуіне ықпал етсе, Гүлнұрдың келбеті қосымша қиындықтар әкеледі. Әйел бастықтар оны күйеулерін алып кетеді деп қорқып, оны жұмысқа апармайды, ал ер адамдар, Гүлнұр қайда барса да, дереу жыныстық қатынасқа түсуді ұсынады. Бірақ, бейнеге қарағанда, қыз өмірде басқа жолды таңдаған — қиын, бірақ адал », — деп жазады сұлу туралы алғаш жазған басылым.
Azattyq Rýhy тілшісі Гүлнұрмен хабарласып, қазіргі жағдайы туралы сұрап білді.
ДӘМХАНАДАҒЫ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ
— Жаңа жылдан бастап Алматыдағы дәмханалардың бірінде ыдыс жуып, аспаз көмекшісі болып жүрмін. Instagram парақшамда Қызылорда аруы атанған кезде ашқан едім, жарты жылдан кейін маған ол жақ қызықсыз болып кетті. Содан барлық фотоларымды өшіріп, аккаунтымды жауып тастадым. Дәмханада істейтін досым видеоны ортақ таныстарымыз бар чатқа жіберген болатын. Ары қарай оны желіге кім салып жібергені белгісіз. Ол жігіт те ыңғайсызданып, «видеоны түсіріп, таратуға ұялмай ма» деп жатқандардың сөзіне ренжіп жатыр.
Дәмхандағы жұмысқа жаңа жылдан соң орналастым. Оған дейін модельдік агенттікте, сән көрсетілімдерінде жұмыс істедім. Әлемді жайлаған індет кесірінен ол жақтағы жұмысымыз тоқтап қалды. Сонымен пәтерақым, күнделікті жолым мен тамағыма ақша табу керек болды. Одан бөлек, оқу ақысына деп ақша жинап жатқан едім. Алматыдағы университеттердің бірінде сырттай экономист мамандығы бойынша оқып жатырмын. Биыл 4-ші курстамын (соңғы курс), оқу ақысы жылына — 700 мың теңге. Дәмханада ыдыс жуып, бас аспазға көмектескенім үшін күніне 10 мың теңге алатынмын. Мен сияқты 20 жастағы қыз үшін бұл жақсы табыс. Каратин аяқталған соң, қайтадан модельдік жұмысыма ораламын. Ең бастысы, бұл уақытша болатын қиындық қой.
«ҮЙІМІЗДІ БАНК ТАРТЫП АЛҒАН»
— Отбасымда жалғыз қызбын. Әкем 15 жасымда жүрек ауруынан қайтыс болды, анам былтыр қыркүйекте коронавирустан көз жұмды. Үйімізді банк алып қойған. Туыстарыммен жақын араласпаймын. 2017 жылы Қызылорда аруы атанғанымда әкемнің туыстары хабарласып, құттықтаған. Содан бері осы видео тарағаннан кейін ғана хал-жағдайымды сұрады. Нағашыларыммен де хабарласпай кеттік. Ата-анамның көзі тірісінде туыстарыммен жақсы араласатынбыз, қонаққа барып, ауылға әжеме де барып тұратынмын. Әркімнің өз отбасы, өз жұмысы бар. Ешкімнің мойнына масыл болғым келмейді. Қазақта «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөз бар емес апе?! Мен өз еңбегіммен ақша табудан ешқашан ұялған емеспін, ұялмаймын да. Біреуге қол жайып, жастығыммен, сұлулығымды саудаға салғаннан гөрі, өз жолыммен жүргенім дұрыс деп білемін.
КЕЗДЕСУГЕ ШАҚЫРАТЫН БАСТЫҚТАР ЖАЙЛЫ
— Даяшы да болдым, одан кейін сауда-саттықпен айналысатын компанияда менеджер болып істедім. Жұмыс істеген жерлерімдегі жоғары лауазымды отбасылы ер кісілер шайға, кездесуге шақырады. Бәлкім, жас, бойдақ қыз болғаннан кейін сынап көргісі келетін шығар. Менің тәрбием ондай нәрсені қабылдай алмайтындықтан, жұмыстан шығуыма тура келді. Желіде кейбіреулер «Сен өзің солай ұсыныс жасауға мүмкіндік берген боларсың» деп жатыр. Бірақ дайректке бірнеше қыз жазып, жұмыстан бөлек басшылары кездесуге шақыратынын, сол себепті жұмыстан кетуге мәжбүр болғандығын жазып жатыр. Меніңше, бұл жалғыз менің басымнан өтіп жатқан оқиға емес. Қыз бала өзін қаншалықты тәрбиелі ұстаса да, көңілге келетін ұсыныс жасаушылар бар. Маған хат жазған қыздардың көбі өздері ешқандай себеп бермегенін айтуда. Кейбір мекемелерге орыс тілін білмегендіктен жұмысқа тұра алмадым. Біраз жерде өз қазақтарымыздың қазақ тілін түсінбей, мен орыс тілін түсінбей қалатын сәттер болды. Мені қазақтың қазақпен өзге тілде сөйлегені қынжылтады. Бұл жағдай елімізде өзгереді деп сенемін, ал өзім орыс тілін меңгеруге күш саламын.
ЖЕКЕ ШОТЫНА 200 МЫҢ ТЕҢГЕДЕЙ ҚАРАЖАТ ЖИНАЛҒАН
— Көпшілік мені видеоны «хайп» үшін таратты деп жатыр. Ол ешқандай хайп емес, кездейсоқ тарап кеткен видео. Мен өзімді ерлік жасадым деп санамаймын. Мен сияқты қаншама қыз-келіншек бала-шағасын асырау үшін таңнан кешке дейін қара жұмысқа жегіліп жүр. Карантинде талай танысым жұмысын ауыстырып, басқа салада еңбектеніп жатыр. Бұған таңғалатын ештеңе жоқ. Шынымды айтсам, желідегі түрлі пікірлерден соң басылып қалдым. Қазір дәмханадан басқа жерде жұмыс қарастырып жатырмын. Қыздармен қаланың ішінде пәтер жалдап тұрамын. 15 жасымда әкем жүрек ауруынан өмірден өтті, ал өзім нақты емханаға қаралып, ем алған емеспін. Алматыда емханаға қаралуға қаражат жағынан мүмкіндігім болмады. Мұрнымнан қан кетіп, талып қалатыным сол әкемнен берілген болар. Әлуметтік желіде тараған видеодан соң, кейбір алаяқтардың менің атымнан фейк парақша ашып жатқанын көрдім. Содан өзімнің ресми парақшамды қайта іске қостым. Қолдау білдіріп жатқан әрбіріңізге алғысым шексіз! Сонау Америкадан Димаш Ниязов ағамыз пікірін білдіріп, қолдауын көрсетіп жатыр. Қайрат Құдайберген мырзаға рақмет! Бүгінгі таңда жеке шотыма 200 мың теңгедей жиналды. Біреулер 100, енді біреулер 300 теңгеден жіберіп жатыр. Алла жазса, осының бәрін оқуымның ақшасын жабуға жұмсаймын.