Атырау облысында орташа айлық – 310,6 мың, Түркістан облысында – 98,8 мың теңге. Жаңалықтарға шолу
Мәскеу әуежайларына Пушкин мен Ломоносовтың есімдері берілетін болды
«Шереметьево» әуежайы Александр Пушкиннің, «Домодедово» әуежайы – Михаил Ломоносовтың есімдерімен аталады. «Ресейдің ұлы есімдері» байқауының нәтижесінде осындай шешім шығарылды. 5 млн адам қатысқан байқауда Ресейдің 47 әуежайының атын өзгертуге ұсыныстар айтылды. Енді Архангельск, Нижневартовск және Санкт-Петербург қалаларындағы әуежайдың атын өзгерту үшін байқаудың екінші кезеңінде тағы дауыс берілетін болады.
Қазақстанда еңбекақыдағы ең көп айырмашылық 211 700 теңгені құрады
Ең жоғарғы жалақыны Атырау (310,6 мың теңге), Маңғыстау (260,6 мыңнан 273,2 мың теңгеге дейін) облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының (240,7 мың теңге) тұрғындары алады екен. 2018 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі орташа айлықтың мөлшері 161,8 мың теңгені құрады. Өткен жылға қарағанда 9,3%-ға өсім байқалады.
Ең төменгі жалақы алатын аймақтардың үштігіне Түркістан облысы (98,8 мың теңге), Солтүстік Қазақстан (110,9 мың теңге) және Жамбыл облыстары (111 мың теңге) кіріпті. Атыраулықтар мен Түркістандықтардың орташа айлық жалақылары арасындағы айырмашылық 211 700 теңге болып отыр.
2019 жылдан бастап Алматыда салқын судың тарифі 10%-ға төмендетіледі
«Алматы Су» МҚК ресми өкілі С.Шағыровтың айтуынша, аймақта 4 жылдан бері тариф мүлдем өзгермеген. 2019 жылдан бастап 55,56 теңге тұрған 1000 литр судың бағасы келер жылдан бастап 50 теңге болады. Кәріз жүйесінің тарифінде де өзгеріс күтіліп отыр. Ол 28,8 теңгеден 25,7 теңгеге төмендейді.
Шымкентте тұрғындардың балмұздақтан жаппай улануына кінәлі айыпталды
Сот Республика даңғылында тұрғындардың (180 астам адам) балмұздақтан жаппай улануына жеке кәсіпкер М.Ешмұратованы айыпты деп танып, оны бір жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімімен оған 3 жылға қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсетуге тыйым салынды. Сондай-ақ, жәбірленушілерге 1,5 млн теңге моралдық зиянды өтеу міндеттелді.
Алматы орталығында екі тәулік газ болмайды
Алмалы ауданына қарасты жерасты газ құбырының құрылыс жұмыстарына байланысты 5-7 желтоқсан аралығында Абылайхан – Әуезов – Тузов – Марков – Бұхар жырау – Есентай арығы көшелерінде орналасқан ғимараттар мен тұрғын үйлер көгілдір отыннан ажыратылады. Газды уақытша ажырату жылу батареяларына әсер етпейді.
БҰҰ барша адамзатты электромобильге отыруға шақырды
Әлемде 1 млрд астам көлік құралы бар. 2040 жылға қарай оның саны екі есеге өседі. Жер бетіндегі адамзат жаппай электромобильге отырса ауаға таралатын парниктік газдардың көлемі едәуір азаяды.
Сарапшылардың пікірінше, экологиялық таза көлікке ауысу мемлекетке, компаниялар мен жеке тұлғаларға 70 трлн долларға дейін үнемдеуге жол ашады. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, 2040 жылға қарай әлемде сатылатын көліктердің 55 пайызын электркөліктері құрайды. Кейбір деректерге сәйкес, бұл күніне 7,5 млн баррель жанармай үнемдеуге мүмкіндік береді.
Дариға Назарбаева білім басқармаларын жауып тастауды ұсынды
«Қазір мектептерді жан басына қарай қаржыландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Меніңше, ол ақша тікелей Астанадан бөлінетін болса, облыстық, қалалық және аудандық білім басқармалары мүлдем керек емес болып қалады», – деді сенат депутаты. Д.Назарбаева мектептерге бөлінетін бюджет қаржысының біраз уақыт басқармаларда жатып қалатынын тілге тиек етті. Бұл ретте біраз заң бұзушылықтарға жол берілетіні туралы да айтылды. Сенатордың пікірінше, мұндай басқармалардың бәрін жауып тастау тиімді болмақ.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда жаңа академия құрылады. Академияны «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы аясында ашу жоспарланған. ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Т.Шәймергеновтың айтуынша, жаңа академияда киберқауіпсіздікке үйретеді. Осыған орай, әлемнің жетекші компанияларымен әріптестік байланыс орнату шаралары жасалып жатыр.
Baq.kz: Головкин P4P рейтингінің ТОП-5 қатарынан шығып қалды. Британияның белгілі WorldBoxingNews.net басылымы салмақ санатынан тыс үздік боксшылардың жаңа рейтингін (pound-for-pound) жариялады. Британиялық боксшы Тайсон Фьюри отандасы Энтони Джошуаны ТОП-10 қатарынан шығарып, сегізінші орынға орналасты. Бірінші орында украиналық Василий Ломаченко, екінші – мексикалық Сауль Альварес, ал үшінші орында тағы бір Украин боксшысы Александр Усик тұр. Қазақстандық экс-чемпион Геннадий Головкин алтыншы орында.
Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter