Ақтауда еркек кішкене қызды зорлағаны үшін өмір бойына сотталды

0

Ақтауда ер адам кішкентай қызды зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Маңғыстау облыстық сотының ресми сайты.

Сот отырысы 25 қаңтарда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті. Белгілі болғандай, сотталушы былтыр 28 мамыр күні түнде досының пәтеріне келген екен, алайда әйел үйінде болмай шыққан. Сонымен бірге, құжаттарда көрсетілгендей, ер адам мас болған. Сотталушы әйелдің жоқтығын пайдаланып, үйде болған кәмелетке толмаған қызды бірнеше рет басынан және бетінен ұрып, зорлап тастаған.

Мемлекеттік айыптаушы істің мән-жайын, балаға қатысты зорлық-зомбылықты ескере отырып, соттан айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушының аталған қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасаудағы кінәсі сенімді түрде анықталғандықтан, сот талқылауы кезінде дәлелдемелерді жан-жақты зерттеген сот айыптаудың барлық эпизодтары бойынша сотталушыға үкім шығарды.

Сонымен бірге айыпталушының қылмыс жасау кезінде мас болуы айыпты ауырлататын жағдай деп танылды.

«Сот аса ауыр қылмыстардың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін және орын алған салдарын және жазаның онша ауыр емес түрі жазалау мақсаттарына жетуді қамтамасыз ете алмайтындығын ескере отырып, сотталушыға Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесуді ұйғарды», — делінген хабарламада. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.