Өрттен құтқармақ болды. Қарағанды облысында әйел балаларын терезеден лақтырды
Қарағанды облысында келіншек өрттен қашамын деп, балаларын үшінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберді, артынша өзі де секіріп кеткен, деп хабарлайды «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасы.
Әйел омыртқасын жарақаттады, үлкен ұлының бірнеше жері сынған.
Өрт жексенбі күні таңғы алтыда екінші қабаттағы пәтерден шыққан. Бір қабат жоғары тұратын адамдар өрттен төмен түсе алмай қалған. Оған қоса қатты ыстықтан есіктен шығу мүмкін болмаған.
Үйдің едені өртене бастағанда екі баласын арқалаған ана ас бөлменің терезесінен секіріп кетті. Қалған тұрғындар газ баллондарын сыртқа шығарып, жандарын әрең сақтап қалған.
«Кішкентай баланы терезенің тұсына келіп бір ер адам қағып алды. Үлкені ауырырақ еді, жерге құлады. Ал әйел секірген кезде қатты құлады», — дейді куәгер.
Дубовкадағы көп қабатты үйлер пешпен жылытылады және орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілмеген. Өрт сөндірушілер тағы бірнеше адамды құтқарып қалған. Оның ішінде өрттегі пәтер иесі де бар. Ол үйдің екінші жағындағы балконда өрттен жасырынған. Жалпы өрт төрт пәтерді шарпыды.
Жарақат алған отбасына келетін болсақ, 10 жасар баланың жамбас сүйектері, қабырғалары сынған, миы мен өкпе контузиясы анықталды. Ең кіші алты жасар бала ғана жарақат алмаған. Әйелдің өзі ауыр халде жатыр. Ол Қарағандыға жеткізілді.
«Келіншектің жағдайы ауыр. Өйткені жұлыны зақымданған. Қазіргі таңда келіншек аяғын сезбейді. Алдағы уақытта ол ұзақ емдеуден өтуі керек», — Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың бас дәрігері Саят Кенжебаев.