Жанболат Мамай: Бізде бір адамның саясаты ғана бар. Диктаторлар жай кетпейді

0

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы отставкаға кеткен мерзімінен бастап елімізде бірінен соң бірі оның құрған саяси жүйесін сынап, елде өзгерістер болуы қажет деген талаптар қойған азаматтық қозғалыстар пайда бола бастады. Олардың бірі өздерін оппозициялық партия деп санаса, ал кейбіреулері парламентке ұмтыла қоймаған қозғалыстар болды.

Қазақстандықтар әлі күнге дейін оппозициялық қозғалыстар ішінде кімнің кім екенін түсініп болмайды, кім не үшін кіммен күресіп жатқанын білмейді. ORDA. осы орайда билікке наразы қозғалыстардың бірі, «Қазақстанның Демократиялық партиясы» деп аталатын бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамаймен сұбхаттасқан еді.

Жанболат Мамай: «Диктаторы просто так не уходят»

Анықтама. Жанболат Мамай 2019 жылдың қазанында құрылған «Қазақстанның Демократиялық партиясы» деп аталатын бастамашыл топ жетекшісі. «Трибуна» қоғамдық-саяси газетінің бұрынғы бас редакторы. Оған дейін «Жас Алаш» газетінің журналисі. 2017 жылы сот оны БТА банктің қаржысын газет арқылы заңсыз қолданды деген  айыппен үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сіздің түсінігіңіз бойынша саясат дегеніміз не?

«Саясат – адам өміріндегі басты мәселе, өйткені әр адамның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті осы саясат арқылы анықталады. Саясат – бай елдер неге бай, кедей неліктен кедей деген сұрақтарға жауап береді. Мемлекетте атқарушы билік пен күштік құрылымдарды бақылайтын тәуелсіз институттар болғанда ғана, кәсіпкерлерге олардың бизнесін ешкім тартып алмайтынына кепілдік бере алған жағдайда ғана экономиканың өркендеуіне мүмкіндік болады деген сөз. Бірақ бізде олай емес, бізде экономиканы саясаттан жоғары қояды. Бізде бір адамның саясаты ғана бар, басқаша айтқанда ол авторитарлық жүйе. Сол себептен Қазақстанда саяси өмір деңгейі мен азаматтардың белсенділігі өте төмен деңгейде. Парламент сайлауы қарсаңында біз сайлаушылар үшін күресе алатын, басқа партиялармен бәсекелесе алатын саяси партия жоқ екеніне көзіміз жетті. Біз «Демократиялық партия» ашқанымызды мәлімдедік, партияның бөлімшелері барлық өңірлерде құрылды, мен өзімді саясаткер санаймын».

Жанболат Мамай: «Диктаторы просто так не уходят»

«Демократиялық партия» қалай пайда болды?

«Ең басында маған Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны басқару ұсынылған еді. Бірақ бұл іске билік араласып, бұрынғы басшы Ермұрат Бапиге бұлай жасауға мүмкіндік бермеді. Ал біз демократиялық партия құруды көптен бері ойластырып жүргенбіз. Себебі Қазақстанға наразылық шараларын басқаратын, билікке талап қоя білетін топтарды, осындай процесстерді басқаратын арнайы құрылған саяси күш, нақты бір саяси институт қажет екенін түсіндік. Егер аяқ астынан бір төңкерістік жағдай бола қалса, осы наразылықтарды басқаратын бірде бір заңды институт жоқ. Ал мұндай наразылықтардың арты әдетте жаппай бейбастыққа әкеліп тірелетіні анық. Біздегі Парламент – декоративті, жасанды орган екені белгілі, ал Үкіметімізге де халық сенімі шамалы. «Демократиялық» деген атауды біз АҚШ-тың демократиялық партиясымен үндес болсын деген мақсатпен алдық. Біз демократиялық құндылықтар мен өзгерістер үшін қызмет етеміз деп шештік».

Жанболат Мамай: «Диктаторы просто так не уходят»

Партияңыздың мақсаты қандай?

«Қандай да бір партия болмасын оның басты мақсаты – билікке келу. Егер партия билікке таласпаса, парламенттегі орындар үшін күреспесе, ол саяси партия емес, жай қоғамдық бірлестік немесе  қызығушылық үйірмесі деуге болады».

Біздің ең басты мақсатымыз – билікке келіп саяси реформалар жасау екендігін мәлімдеймін».

Сіздің партияға кім қолдау көрсетуде?

«Біздің негізгі аудиториямыз – халықтың қазақ тілді бөлігі. Мен эфирде күнде тек қазақша сөйлеймін. Ол менің орысша сөйлей алмайтындығымнан немесе орысша сөйлегім келмегендіктен емес. Жұртшылықтың қазақтілді бөлігінің наразылықтарын ескере отырып, елдің саяси өмірін қазақша талдап, жеткізуді мақсат еттік. Халық қазір саяси өзгерістерге талпынуда, авторитарлық жүйеден шаршады, сондықтан олар біздің партиямызға қолдау көрсетуде. Ал қатарымызда жастар неге аз? деген сұраққа келгенде айтарым, оларда үрей басым. Біз жастар үшін «Рух» деп аталатын пікірталас клубын аштық. Оған қазақтілді жастарды тартудамыз. Әлеуметтік желілер арқылы бізге жастар фотосуреттермен, бейнебаяндармен көмек көрсетіп жатқанымен, митингтерге шығуға әзір еместіктерін айтып жатыр».

Жанболат Мамай: «Диктаторы просто так не уходят»

«Демократиялық партияда» неше адам бар?

«Жаңа саяси партияның тіркелуі үшін мың адамнан кем болмайтын басмашыл топ керек. Біз былтыр желтоқсанда 1122 адам жинап съезд өткізуге шешім қабылдаған кезде бізге қарсы репрессиялық қозғалыстар басталды. Соның салдарынан біз съездің орнына митинг өткізумен шектелдік. Қазір бізде бастамашыл топта 1100 адам бар. Олардың ішінде белсенділер тобында тек бір Алматының өзінде 100 адам бар, былтыр небәрі 30-40 адам болатын. Олар түрлі шақыру қағаздарын көшелерге жапсырып, таратумен айналысатын».

Партияны кім қаржыландырады?

«Бізде кереметтей қаржыландыратындар жоқ. Өзіміздің жалдамалы кеңсеміз бар, оның жалдау құны айына 100 мың теңге. Волонтерларымыз бар басқа мекемелерде жұмыс істейтін, кейбіреулерінің бизнесі бар, кейбіреулері аудармамен айналысады. Партиядан ешкім жалақы алмайды. Жасыратыны жоқ, бізге қаржылай көмек жасап жатқан 3-4 отандық кәсіпкер бар. Ол құпия түрде жүреді. Онсыз саясатпен айналысу мүмкін емес. Бірақ бұл кереметтей миллиондаған қаржы деген сөз емес. Қазақстандағы жағдай өзгере қалған күнде біз міндетті түрде олардың бізге жасаған қолдауларын айтпай қалмаймыз! Олар өздері де үндемей қалмас».

Сіздің ойыңызша оппозиция қандай болуы керек?

«Оппозиция – дамыған демократиялық елдердегі сияқты болуы керек, бір партия сайлауда жеңіске жетіп, билік басында тұрады да, ал ұтылған екінші партия оппозицияға айналып, келесі жолы билікке  жету үшін биліктегі партияның кемшіліктерін айтып сынап отырады. Бұл саяси күрес, саяси бәсеке. Ал Қазақстанда керісінше, оппозицияны халық жауы етіп көрсетеді. Біздегі нағыз оппозиция қазіргі биліктегі авторитарлық жүйені кетіруі керек, Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңестен аластатылуын, оны барлық  артықшылықтардан ажыратуды талап етіп, заңдардың өзгеруін және Тоқаевтың да биліктен кетуін талап етуі керек. Басқа жол жоқ.

Кез келген мемлекетте биліктің ауысуының екі жолы бар. Біріншісі – ашық, таза сайлау өткізу. Бірақ Қазақстанда таза сайлау, дауыстарды дұрыс санау жоқ. Екіншісі –алаңға шығу. Өзге жол жоқ».

Оппозиция неден аулақ болуы керек?

«Ол не істесе де заң аясында болуы керек. Мысалы, қанды қырғын туғызатын шараларға, билікті күштеп алмастыруға шақыратын әрекеттерге бармауы керек. Біз демократиялық партия болғандықтан тек заңға сәйкес, Конституцияға сәйкес бейбіт митингтер арқылы қоғамға тиімді өзгерістер талап етеміз. Радикалды Әбләзовтың өзі де күш көрсету митингілерін құптамайды. Десек те, біз «Бейбіт жиындар» туралы заңмен келіспейміз. Сол себептен де біз өзіміз дұрыс деп тапқан кез келген жерде митингке шығып жатырмыз».

Әкімдікпен митингтеріңіз туралы келісесіздер ме?

«Жоқ. Мен тіпті сөз қорымда «келісілген» немесе «рұқсат етілген» деген сөздерден аулақпын. Қазақта «ескертілген» – «уведомительный» деген сөз бар. Тоқаевтың өзі айтқан, жергілікті атқарушы органдарды митингтің өткізілетіні туралы ескертсе – сол жеткілікті – деп.

Біз ескерттік – болды. Ал рұқсат бере ме, бермей ме, кеңесе ме, кеңеспей ме – оның бізге қатысы жоқ. Біз ескерттік митингке шығамыз – деп, сол жеткілікті.

Неліктен Шоқан Уалиханов алаңында ескерту митингісін өткізіп, 10 мың адам жиналмасқа? Бұл дегеніңіз жақсы мүмкіндік емес пе?».

Жанболат Мамай: «Диктаторы просто так не уходят»
Жанболат Мамай 2020 жылғы 16 желтоқсандағы митингте

Сіз өзіңіздің митингтеріңізде несиелік амнистия туралы көп айтасыз. Көп жұрт мұны популистік тақырып дейді. Сіз бұған не дейсіз?

«Несиелік амнистия – хайп емес. Егер Қазақстанда пандемияның кесірінен болып жатқан форс-мажорлық жағдайлар болмағанда, яғни миллиондаған адамдар жұмысынан айырылып, күн көрісі төмендемегенде – біз ешуақытта несие амнистиясы тақырыбын ашық көтермеген болар едік. Үкімет болса пандемия кезінде нақты көмек жасап жатқан жоқ. 42500 теңге бір айдың тамағына да жеткіліксіз екені белгілі болды. Сондықтан несие амнистиясы қажетті шара. 2008-2020 жылдар аралығында Құлыбаев, Машкевич пен Өтемұратовтың банктеріне мемлекет 5 триллион теңге көмек жасады. Ұлттық қордың қаржысы халықтың келісімінсіз банктер мен олигархтарға неліктен беріледі? Сондықтан банктер 5 миллион адамға кепілдіксіз берген несие кешірілуі тиіс, саяси тұтқындар босатылып, жерді Қытайға беру тоқтатылуы қажет. Осы мәселелердің бәрі шешімін тапқанша біз бұл туралы айтуды тоқтатпаймыз. Саяси реформалар мен саяси партиялардың тіркелуі туралы және «Сайлау туралы» Заңға өзгерістер енгізу де біздің тоқтамайтын тұрақты тақырыптарымыз».

Тілдік саясатта қай пікірдесіз?

«Менің ойымша ұлтты құрап отырған 12 миллион этникалық қазақ болғандықтан қазақ тілі негізгі тіл болуы керек. Қазақ тілі саясаттың, экономиканың, бизнестің тілі болуы керек. Қазақ тілін білмеген кәсіпкер өз тауарын қазақтарға қалай өткізеді? Бірақ, қазақ тілінде сөйлеген адам орыс тіліне жау деп те ойлаған дұрыс емес.

Мен ұлттық-демократ немесе ұлттық-патриот деген ұғымдарға қарсымын. Ондай белгілермен атайтындай бізде ондай ерекшеліктер жоқ. Бұл қоғамдағы пайда болып жатқан наразылықтарды бөлшектеп тастау мақсатында ойлап табылған белгілер.

Біз, мүмкін, орыстілді аудиториямен жеткіліксіз жұмыс істеп жатқан болармыз. Сондықтан қазір екі тілде бірдей сөйлеу үшін бірнеше  жобалар жасалуда. Мен дипломаттармен жиі кездесемін. Оларға ағылшын тілінде өзіміздің бағытымыз бен бағдарламамызды түсіндіре аламын».

Жанболат Мамай: «Диктаторы просто так не уходят»
Жанболат Мамай 2021 жылдың 10 қаңтарында Парламент сайлауы күні

Сіздің партияның басқа оппозициялық қозғалыстардан немесе наразылық топтарынан айырмашылығы неде?

«Ең басты айырмашылығымыз – біз билікпен ымырасыз күресудеміз және ел ішінде жүрміз. Көсемдері немесе жетекшілері шетелде, ал наразылық топтары елде басшысыз жүргендер бар. Алматы, Астанадағы наразылық топтарының батыста немесе оңтүстікте қолдаушылары жоқ, ал жалпы ел көлемінде халыққа қажет ауыр тақырыптарды көтеріп жатқан нақты саяси күш жоққа тән. Біздің Демократиялық партиямыз ғана қазіргі заңның қаталдығына қарамастан Әділет министрлігінің тіркеуінен өтіп, бірақ өкінішке орай, репрессия салдарынан съезімізді өткізе алмай қалдық. Мен өзге наразы топтардың абыройына нұқсан келтіріп отырған жоқпын, олар да демократиялық реформалар үшін күресуде, тек оларда ауқым жоқ – тек бір қала көлемі немесе әлеуметтік желілерде ғана күрес жүргізуде».

Сізді «екінші Қосанов» немесе «Ақорданың жобасы» дейді. Расында солай ма?

«Егер мен биліктің жобасы болсам, онда бізді баяғыда-ақ саяси партия ретінде тіркеп, парламент сайлауына қатысар едік. Мұндай айыптауларды мен Әбләзовтан да естідім. Бірақ оның айыптаулары негізсіз. Оның бұлай деуі – біз оның саяси бәсекелесі болғандықтан. Өйткені оған қарағанда бізді қолдайтын және бізбен жұмыс істейтін  аудиториямыз аумақты. Бізді ұстамай жатқан себебіне келсек – біз заң аясынан шығып жатқан жоқпыз.

Әбләзовтан айырмашылығым, мен ол сияқты билікте болған жоқпын, Назарбаевтан немесе басқа шенеуніктерден бір доллар да, бір тиын да алып көрмеппін. Назарбаев Әбләзовты сатқын деп санайды, онымен істес болғандарды қудалайтыны да сондықтан болса керек.

Менің ойымша бізді ұстамай отырғаны бұл билікке тиімді болып тұр. Ал қудалау туралы айтар болсақ, елдің көбісінің есінен шығып кеткен болар, естеріңізге салсам, «Трибуна» газетінде істеген кезімде мен талай рет қудаландым, түрмеде де отырдым, қылмыстық және әкімшілік жазаға да тартылдым, газетіміз жабылды. Соңғы жылдарда да қудалаулар нәтижесінде партиямыз тіркелмей жатыр, түрлі рұқсат етілген шараларға да қатыстырмауға тырысады билік.

Жанболат Мамай: «Диктаторы просто так не уходят»
Жанболат Мамай 2020 жылғы 14 қарашадағы митингте

Демократиялық партияны тіркеуде билік қандай кедергілер жасады?

«2020 жылдың ақпанында біз съезге дайындалып жатқанда жаңаөзендік белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің машинасын тура үйінің жанында тұрғанда өртеп жіберді. Қылмыстық істер қозғалды. Бізді қолдаушыларды съезге жібермеу үшін барлық кедергілер жасалды. Саяси алаңда нақты оппозициялық партияның пайда болмауы үшін билік небір шараларға барды. Олар біз мыңнан аса адам жинап съезд шақыра алатынымызды білген соң, басқа амалдары жоқ, әкімшілік тұтқындауларға дейін барды. Партиямызды тіркеу үшін Әділет министрлігіне берген тізімдегі әр адамның үйіне полициядан, әкімдіктен адамдар барған».

Қазақстанның саяси жүйесі туралы көзқарасыңыз?

«Қазіргі билік тұрған кезде саяси реформаларды, заңдарды, Конституцияны өзгерту туралы айтудың ешқандай пайдасы жоқ.

Авторитарлық жүйе өз құрылымында демократиялық өзгертулер жасай бастаған күннің өзінде бәрі талқан болады. Олар барлық сайлауларда ұтылады да биліктен кетуге мәжбүр болады. Сондықтан, ең бірінші қадам – ол авторитарлық жүйеден құтылу. Одан кейін жаңа Конституция қабылдау, президенттің билігін шектеу. Бірақ біздің бағдарламада президент әзірге керек тұлға болып саналады.

Біздің ойымызша, әзірге президенттік-парламенттік республика Қазақстан үшін тиімді: ол үшін бізге мықты парламент, тәуелсіз оппозициялық саяси партиялар, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, сот пен прокуратура жүйесі, құқық қорғау органдарының таза жұмысы қажет. Міне, демократиялық өзгерістердің басты қажеттісі осылар. Біз сонымен қатар бизнестің капиталын қорғауды, заңдардың сақталуын қамтамасыз етуіміз керек, сонда ғана ақшаларын оффшорда ұстап, шетелден завод-фабрикалар алып  жатқан бизнесмендер ақшаларын Қазақстан экономикасына әкеліп төгеді».

Өз мақсаттарыңызға жету үшін неге дайынсыз?

«Мен өз сенімім, өз көзқарастарым үшін жеке басымды құрбан етуге барамын. Өз көзқарасым үшін түрмеге отыруға дайынмын. Мен бұған дейін екі рет түрмеге қамалғанмын. Бірнеше рет қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылғанмын. Мен бұл авторитарлық жүйемен күрес жолын саналы түрде таңдадым. Сол себептен де мен шетелде емес, өз елімде тұрып жатырмын.

Біз елімізді өзгерту үшін қандай қатерге болса да дайын болуымыз керек. Диктаторлар билігін ешқашан бейбіт жолмен бере салмайды…

Сондықтан, менің ойымша, қандай айқас болса да қатерсіз болмайды».