«Кинематография туралы» заң қабылданды
Алдымен Парламент Мәжілісі мақұлдаған 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.
Бұл жөнінде баяндаманы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Махамбет Досмұхамбетов жасады. Құжатта бірлескен кәсіпорынға кейіннен 4 жылға ұзарту мүмкіндігі ұсыныла отырып, бүкіл келісімшарт аумағында алты жыл мерзімге қосымша барлау кезеңін беру көзделіп отыр. Сондай-ақ 2005 жылғы 6 шілдедегі Өнімді бөлісу туралы келісімде көзделген келісімшарт аумағын ұлғайту да қарастырылған. Осы құжатты қабылдау қазақстандық және ресейлік тараптардың уәкілетті ұйымдарына «Құрманғазы» («Құлалы») құрылымының келісімшарт аумағында барлау жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік береді. Жобаларды іске асырудың ең төменгі шығынының мөлшері 32,5 млн АҚШ долларын құрайды. Ал осыған дейінгі жұмыстар 2018 жылдың 31 тамызына дейінгі мерзімде 157 млн АҚШ долларын құрап, оны қатысушы елдер тепе-теңдік негізде қаржыландырған.
М.Досмұхамбетовтың баяндамасы аяқталған соң оған бірнеше сұрақтар қойылды. Соның ішінде сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Каспий теңізі табанын межелеуге бес ел қатысатынын айтып, Қазақстан мен Ресейден басқа мемлекеттердің бұл келісімге қатысты ұстанымын сұрады. Оған бұл аумақтардың ежелден Қазақстан мен Ресейге ғана тиесілі екендігі және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы биылғы тамызда бес ел қол қойған Конвенцияға сәйкестігі жеткізілді. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов кен орындарын игеруде экологиялық талаптарды сақтау қаншалықты ескерілетінін сұрады. «Бұл кен орындары Кеңес одағы тұсында-ақ белгілі болған, алайда сол кездегі билік оны игерудің қоршаған ортаға зиян келтіретінін ескеріп, игеруді кейінге қалдырған еді», деді ол. Бұл сұраққа қазіргі технологияның қуаты мен мүмкіншіліктері қоршаған ортаға мөлшерден тыс зиян тигізбейтіндігі айтылды.
Қосымша баяндаманы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Бекмырза Еламанов жасап, шағын талқылаудан кейін заң қабылданды.
Отырыста қаралған екінші мәселе Мәжіліс мақұлдаған «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімді және 2015 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімге Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде болды. Бұл мәселе туралы баяндаманы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Махамбет Досмұхамбетов жасады. Қазақстан 1998 жылдан бастап Озон қабатын қорғау туралы Вена Конвенциясына және Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына қатысушы. Хаттама бірнеше рет қайта қаралып, озонды бұзатын заттардың тізімі кеңейтілді. Сондай-ақ Хаттамаға енбеген елдермен озонды бұзатын заттар саудасына тыйым салынған. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды шектеу туралы ЕАЭО қатарына енетін елдер де міндеттемелер алған. Соның аясында Қазақстанда озонды бұзатын заттардың экспорты мен импортын лицензиялау жүйесі жасалған. Шағын талқылаудан кейін заң бірауыздан қабылданды.
Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Кинематография туралы» заң жобасы мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы үшінші мәселе болып қаралды. Ол туралы негізгі баяндаманы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жасады.
«Заңның қабылдануы Қазақстан кинематографиясының тарихындағы маңызды оқиға болады», деп бастады министр өзінің сөзін. Сонымен қатар оның Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында берілген тапсырмаларды орындауға шексіз ықпал ететіндігі айтылды.
Заңда кинематография саласында мемлекеттік қаржылық қолдау жөніндегі бірыңғай оператор болып табылатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қызметінің құқықтық негізі жасалған.
Сондай-ақ ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу ұсынылып отыр. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдап дайындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің жанынан консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссия құрылады.
Заң бойынша Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі құрылатын болады. Ол еліміздің аумағында фильмдерді жүйеге келтіру және есепке алуды қамтамасыз етеді. Фильмді фестивальдарда, семинарларда, ретроспективада көрсету жағдайларын қоспағанда, ел аумағында фильмді прокаттау және көрсету Мемлекеттік фильмдер тізілімінде тіркелген кезде ғана және берілген прокаттау куәлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстанның аумағында фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттілігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс. Прокатталуы шектеулі фильмдерді қоспағанда, кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталатын және қазақ тілінде көрсетілмейтін фильмдер қазақ тіліне дубляж жасалуға не субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс.
Әйтсе де бұл заң бойынша балама пікірлер де айтылды. Депутат Д.Құсдәулетов мұнда ұлттық фильмдерді жасауға арналған басымдыққа ие бағыттар, мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар, фильмдер өндірісі, ақпараттық-жарнама жұмыстарын дамыту, фильмдердің тарихи деректерге сәйкестігін қайта тексеру реттелмеген деп санайды.
Сенатордың айтуынша, заң ережелері кинематографты мемлекеттік қолдау шараларымен ғана шектеліп отыр. Бұл ретте заң отандық киноиндустрияны дамытуға серпін беретін аса маңызды жаңа қоғамдық қатынастарды реттемейді, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толықтай сәйкес емес, кино өнерінің азаматтарды эстетикаға, рухани және адамгершілік тұрғысында тәрбиелеу мақсатындағы өзекті мәселелерін шеше алмайды.
Сенаторлар баяндамашыға сұрақтар қойды. Соның ішінде ІІМ қызметкерлері туралы кинолар түсіріле ме, ауыл тұрғындары үшін қазір кинотеатрлар қолжетімсіз, осы мәселе шешіле ме, телеарналар түсірген сериалдардың сапасы төмен, оларға мониторинг жасала ма, арнаулы мамандар қорытынды бере ме және т.б. болды.
Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңнамалық актілерді «Кинематография туралы» заңға сәйкес келтіру мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Салық кодексіне және «Мәдениет туралы» заңға түзетулер енгізілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң бірнеше сенатор орталық атқарушы органдарға өздерінің депутаттық сауалдарын жария етті. Сенатор Дариға Назарбаева біздің еліміздің сыртқы саудадағы барлық әріптестермен өзара сауда туралы статистикалық мәліметтердегі елеулі айырмашылықтарға байланысты депутаттық сауалын жария етті. Депутат Владимир Волковтың депутаттық сауалы жалған ақша жасаушылармен күрес туралы болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»