QAZFORUM-2018 қазақтілді контентті дамыту мәселелеріне арналды
Жиынды ашқанАқпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Бүгінде қазақтілді сайттардың саны да, салмағы да артып келеді. Уақыт талабына сай өз аудиториясын қалыптастырған бәсекеге бейім порталдардың қарасы көбейіп жатыр. Осы қарқын жалғасса, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі өседі», дей келіп, қазақтілді ресурстардың сапасын одан әрі арттыру мәселесіне тоқталды.
Министр бүгінде отандық ақпарат құралдарының мемлекет саясатын xалыққа дер кезінде оңтайлы жеткізіп отырғанын атап өтті.
«Халық Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағдарламалық мақалаларының мағынасына терең үңілді. Осындай ауқымды жұмысты атқарғандарыңыз үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі атынан сіздерге алғыс айтамыз. Қазіргі күні әлем жедел қарқынмен өзгеру үстінде. Соған сай ақпараттық технологиялар түрлі бағыттар бойынша жан-жақты дамып жатыр. Сол себепті аудиторияға қызықты контент, оқырманға тартымды портал қалыптастыру – бүгінгі заман талабы. Қазір қазақтілді сайттардың өз бағыты қалыптасып келеді. Осы жайт көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде нақты дерегі бар қысқа да нұсқа ақпарат құнды. Осыдан он жыл бұрын біз сөзі өтімді қазақтілді сайттар болса екен деп ойлайтынбыз. Қазір ондай сайттар жетерлік. Енді, сол ресурстардың сапасын күшейтуіміз қажет», деді министр.
Жиынға қатысқан қазақстандық танымал веб-сайттар мен медиа-бизнес өкілдері ақпарат құралдарын заманға сай дамыту мәселелерін талқылады.
«Қазақ интернеті саласында не өзгерді, не жаңалық болып жатыр, осыны талқылау мүмкіндігі пайда болғандығы қуантады. Бұл кездесуіміздің өзі қазақ интернетінің қарқынды дамуының көрінісі. Бүгінде телевизия немесе интернет деп бөлуге келмейді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да қазақ интернетінде контент жасаушылардың бірі. Біздің өнімдерімізді xалық әлеуметтік желілер арқылы қалай қараса, «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасы арқылы да еркін тамашалай алады. Бұл қосымша шілде айында дайындалды. Осы 4-5 айдың ішінде 500 мыңнан астам адам жүктеп алды. Яғни, қазақтілді аудитория бүгінгі таңда интернеттегі негізгі тұтынушылардың бірі болып отыр», деді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Биыл ұйымдастырушылар қазақтілді сайттарға ғана көңіл аударып қоймай, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа да заманауи интернет-платформалардағы контент мәселесін де талқылады.
«Мен қазақтілді контент жасаушылар форумын медиа нарығы үшін маңызды іс-шара деп есептеймін. Ол маңызды бағыттарға назар аудартып, көкжиекті кеңейтеді, қазақстандық журналистерге сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерге дайын болуға көмектеседі», деп атап өтті АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша Сенімді Өкілі Теодор Линг.
Форумның бірінші сессиясында контентті басқаруға арналған заманауи технологиялар жайлы сөз қозғалды. Қатысушылар қазақша контентті шығарып қана қоймай, оны басқару да қажет екенін атап өтті. Осы орайда «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Думан Қожахметов, 7kun.kz іскерлік жаңалықтар сайтының негізін қалаушы Ербол Азанбек, «Baribar» сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай, «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай және қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым өз идеяларымен және пікірлерімен бөлісті.
«Қазіргі «Z» ұрпақ, төртінші индустриялық революция өкілдері, әлемдік және еліміздегі жағдайды ақпараттық сайттар арқылы тең қарастыра алады. Аудитория тарапынан мемлекеттік тілде әзірленетін контентке сұраныс күнделікті өсіп отыр. Сондықтан қазақ тіліндегі контентті сапалы дамыту – біздің мақсатымыз», деді «Balapan» телеарнасының директоры М.Жұмабай.
Екінші панельді сессия ақылды журналистикаға, заманауи аналитика құралдарын табысты түрде қолдануға, онлайн-технологиялар мен үдерістерді автоматтандыруға арналды. Nur.kz интернет-порталының бас редакторы Павел Притчин, «Informburo» жаңалықтар сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев, «Galamattech» ЖШС бас директоры Абай Серғазиев, «Аналитика және BigData қауымдастығының» президенті әрі кәсіпкер Сергей Ахметов, «Атамекен» ҰКП IT-кеңесінің төрағасы Мирус Құрмашев өз кейстерімен және тәжірибелерімен бөлісті.
Форум аясындағы қорытынды сессияда BTS digital компаниясы білім беру орталығының бастығы Саясат Нұрбек, IT-аналитик және медиа-жаттықтырушы Тимур Бектұр, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор Айбын Шағалақ, маркетолог және Yuframe шығармашылық бірлестігінің негізін салушы Расул Абдуллаев және журналист әрі медиа-тренер Асхат Еркімбай медиа саласының болашағы жайлы ойларымен бөлісті.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»