Білім – тамырға салар дәрі емес
Биологияның майын ішіп, жілігін шаққан Шымкенттегі ең танымал ұстаздардың бірі – Алина Соловьева. Мамандығына адалдығын 27 жылдық тәжірибесі сөзсіз дәлелдеп тұр. 12 оқулық пен оқу құралының авторы, білікті әдіскер әрі практик, білім беру саласының үздігі, талай шәкірттің шыңға шығуына үлес қосқан маман. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы. Бұл кісінің шекпенінен шыққандардың жетістіктерін сұрастырған едік. Ұзынсонар тізім алдық. Облыстық, республикалық, одан қалса халықаралық талай жарыста топ жарған екен. Бұрынғы ҰБТ жүйесі бойынша мүмкін болған 25 балдың кемі 23-ін алуға даярлайтын әдістемесі де бар. Бүгінде жоғары оқу орнына дайындау сабақтарын да жүргізеді. Таң атса – мектепке, кеш батса курсқа жүгіреді. Бар мақсаты – білімімен бөлісу.
Жүрек қалауын тексерген бір жыл
Еңбек жолымды тәуелсіздік алған жылы тамызда бастадым. Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының 3-курсын тамамдаған соң, Шымкенттегі Луначарский атындағы №11 орта мектепке орналастым. Жоғары оқу орнын аяқтамастан іске кіріскен себебім – мамандық таңдауда қателеспедім бе, соны тексергім келеді. Әрі сол уақытта анам ауырып жүрген еді. Осылайша, мұғалімдіктің алғашқы жылы басталып кетті. Ең қиын әрі қызық кезең ретінде әлі күнге дейін есімде. Балалардың түр-түрі бар. Талантты, шығармашыл, талаптылармен қатар, дамуында кінәраты жоқ емес балалар да бірге оқыды. Ол кезде инклюзив білім беру мәселесі көтеріле қоймаған. Жалпы білім беретін орта мектепте бәрі бірге білім алды. Сабақ берген бір жылда бұл мамандықты жақсы көретініме толық көз жеткіздім. Сөйтіп, 1992 жылы тамызда оқу орныма қайта оралып, 4-курсты жалғастырдым. 1994 жылы тамамдап, Шымкенттегі Пушкин атындағы №1 мектепке биология пәнінің мұғалімі болып орналастым. Әлі күнге дейін осы жерде қызмет атқарып келемін. Шәкірттерімді мақсатты түрде пәндік олимпиадаларға даярладым. Алғаш жемісін көргенім – 1996 жылы Асқар Бұқарбаев есімді оқушым қалалық олимпиададан жүлдегер атанып келді. Республикалық деңгейде жүлде алғанымыз 1999 жылы еді. 2001 жылы шәкіртім халықаралық олимпиадада жүлдегер болып, Елбасымыздың атынан «Алтын белгі» алды. Бұдан бері оқушыларым кезек-кезек қуантып келеді.
Батысқа бас ие берудің қажеті жоқ
«Қазақстанда білім сапасы төмен» дейтінді жиі естимін. Негізі, оны тексеру үшін нақты критерий жоқ. 27 жылдық тәжірибеме сүйене отырып, біздегі білім жүйесіне көңілім толатынын айтқым келеді. Өйткені мемлекет қаржыландырады, білім алу бәріне қолжетімді. Балаларымыздың көрсетіп жүрген нәтижесі де жаман емес. Мәселен, IВО – Халықаралық биология олимпиадаларында Қазақстан командасы АҚШ, Еуропа, Австралия сынды елдерден оқ бойы озық шығады. Басқа пәндер бойынша да нәтиже осыған ұқсас. Бір айта кетерлігі, команда мүшелері – жеке білім ордаларында емес, қарапайым мектепте оқитындар. Бізде «Дарын», БИЛ, NIS сынды мектептер бар. Талаптылардың қанатын қақтыратын мұндай оқу орындарын мақтанышпен айтуымыз керек. Неліктен үнемі Батысқа бас ие береміз? Айталық, АҚШ мектебінің түлегі әлем картасындағы алпауыт елдерді таба алмай жатады. Ресеймен салыстырсақ та, бізде дарынды балаларға қолдау жақсырақ жолға қойылған. Сол сияқты өзім қызмет ететін жалпы білім беретін мектептерде де мұғалімдер мен оқушылардың зияткерлік қабілетін ашуға мол мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті қолданып жатырмыз. Оған дәлел ретінде жетістіктерімізді айтуға болады. Бірақ мынаны есте ұстау қажет: орта мектептерге жоғарыда айтып өткен БИЛ, «Дарынға» қойылатын талаптарды жүргізуге болмайды. Интернаттық емес типтегі орта мектептердің, соның ішінде гимназия мен лицейлердің жұмысы басқаша бағалануы тиіс. Өйткені қосымша қаржыландырылмайды, білім алушылар іріктелмейді. Соған сәйкес бағалау жүйесі де басқа болуы керек. Дегенмен мемлекет бүгінде жалпы білім беретін қарапайым мектептердің дамуына жағдай жасап отыр. Мемлекет басшысының, саясаткерлердің не айтатынын тыңдап көріңізші. Білім мәселесі турасында айтылған дүниелердің барлығы дерлік элиталық мектептер емес, қарапайым мектептерге қатысты. Оқу ғимараттары салынып не жөндеуден өткізіледі, ұстаздарды даярлауға үлкен қаржы бөлінеді. Соның арқасында жалақысына қосымша ақы алуға мүмкіндік туады, мектеп ішіндегі зертханалар үнемі жабдықталып, жаңартылып тұрады. Сондықтан «бізде білім сапасы төмен» дегенмен келіспеймін.
Гимназия қарапайым мектептен артық болмауы мүмкін
Орта мектеп пен қалалық гимназия-лицейлердің аса айырмасы болмауы тиіс. Егер арнайы тестілеуден өтіп, іріктелмесе, балалар сол жерде тұрмаса, сабақ кезінде ғана мектепте болатын болса, жалпы білім беретін мектеппен бірдей деуге болады. Мұндай оқу ордаларының айырмасы – бар болғаны ісіне деген сүйіспеншілікте. Елімізде мектеп гимназиялары өте көп. Басшылықтың мақсаты балаларға барынша жақсы білім беріп, олардың қабілетін ашу болуы керек. Жоспарларды барынша жүзеге асырсын. Мәселе осында ғана. Өйткені мектептің қалай аталғаны маңызды емес. Әлбетте, гимназияларға мемлекет тарапынан қосымша пәндік сағаттарға қаржы бөлінетіні бар. Бірақ математик аптасына беретін 4-5 сағатын нашар жүргізсе, ешқандай қосымша 1 сабақтың оң әсері болмайды. Оқушының жетістігі, ең алдымен, оның оқуға деген білімі, қабілеті мен табандылығына байланысты. Мұғалім соларды дамытуға көмектеседі. Жұмысымда Т.Галиев әзірлеген жүйелік тәсілді қолданамын. Бұл жүйені еліміздің бірқатар педагогі мақұлдаған. «Бастысы қажет технология мен білім беру әдістемесін дұрыс таңдау білу керек, сонда процесс жақсарады» деген қате түсінік бар. Осылай ойлайды. Білім – тамырға салатын дәрі емес. Еккен адамға еніп кете қоймайды. Құпия әдістеме, яки технология да жоқ. Тек ұстаз бен оқушының қажырлы әрі күнделікті еңбегі ғана бар. Мұғалім қосымша әдебиет оқуды, пәндік не әдістемелік білімін үнемі шыңдап отыруды, жаңа тәсілдерді қолдануды әдетке айналдыруы тиіс. Содан түйгенін шәкіртіне береді. Білім берудің әдістемелері көп. Бірақ нақты біреуі бәріне бірдей жарайды дей алмаймыз.
Айша ЕРСҰЛТАН