Ішімде итім бар
Негізі мен өте итжанды адаммын. Айналамдағы иттің балалары мені осыған сендіріп тастаған. Басында сәл-пәл күмәнданып, өзімді аз-маз ыңғайсыз сезінетінмін. Қазір қойдым, сенім күшінде. Мұның бір себебі деп айтайын, ішімде итім бар. Бұл әлгі қазақтың танымындағы «іште өліп жататын ит» емес. Тірі ит! Өзі сұмдық ақылды. Айналамдағы көп шуылдақтардан гөрі осыны көбірек тыңдаймын. Бұл байғұс мен өлмей өлмейді. Ал менің өлуім мүмкін емес. Өйткені итім айтады: «қожайын, сен мәңгі жасайсың» дейді. Демек итім екеумізге «Өзекті жанға..,» деп басталатын мақалдың түк қатысы жоқ. Қазақтар қарап тұрыңдар… біз өлмейміз!
Білесіздер, қазір менен асқан данышпан, менен озған білімдар жоқ. Қаласам, дүниенің төрт бұрышындағы халыққа кеңес беремін. Жауласқан жұрт болса, басу айтатын да – мен. Тыңдар, тыңдамас, онда менің шаруам шамалы, ақыл айтып, жол көрсетуден жалықпаймын. Мені осындай деңгейге жеткізген кім дейсіздер ғой – айналамдағы иттер. Әуелгіде солай болса, солай шығар, менен асқан қайсың бар деп қоя салғам. Сосын бұлар ертегі жазуға көшті, бас кейіпкер – өзім. Әйтеуір Қобыланды құсап, қарсы келгеннің бәрін жайратам да жүремін. Кітап жазды… ескерткіш соқты… кино түсірді… бәріне көндім.
Сөйтсем, бұлар… бұлар енді адамың былай тұрсын, мені аиуанға теңейтінді шығарыпты. Осыны алғаш байқағанда селк етіп, айналама көз жібердім. Қарасам, адам деп жүргенімнің бәрі ит екен. Мысалы мынау – Тұрпанның алыпсоғы. Таяқтап жатсаң, қыңқ демейтін көксоққан. Нағыз ішінде ит өліп жататын итіңіз осы. Ал анау отырған құмай тазы. Қашан көрсең қаншардай қатып жүреді. Ішкен-жегенін білдірмейтін сұмпайы. Сондықтан өзімнен алыс ұстаймын. Мынау – бульдог. Тәбетін кереқарыс азуынан байқайсың. Әнеу бұрышта көзі сығырайып отырған – кәндек. Ал анау – төбет, оның ар жағындағысы – күшік. Кілең иттің арасында жүрген соң, олар да мені ит деп ойлайтын тәрізді.
– Төрт аяқтының жаратылысында сіздің тұрпатыңыз бөлек, сіз секілді ит бұрын-соңды болмаған, енді бола қоюы да неғайбыл, — деді бір күні алыпсоқ маған.
– Әй, иттің баласы, көзіңе шел қаптаған екен сенің.., — дедім мен ашуға булығып.
Осы сәтте ішімдегі итім қыңсылап қоя берді: «Қайтесіз, айта берсін, неңіз кетеді?!».
– Сосын, — дедім мен алыпсоққа айта бер дегендей ыңғай танытып. Ол тосылмады.
– Сіз итжандысыз, сіз өлмейсіз, сізге біткен жүрек арыстанда да жоқ.
– Жолбарыс пен қабылан қазір ит болмағанына өкініп жүр.
Соңғы сөзді қыстырған қара қаншық.
Кеудем шымыр-шымыр етіп, бойымды бір жылылық биледі. «Айттым ғой, неңіз кетеді, тыңдай беріңіз». Бұл – ішімдегі иттің дауысы.
Бір күні таза ауа жұтайын деп тауға шықтым. Қасыма алыпсоқты алып алғам. Осының «өмір бойы итіңіз боп өтейінші» дейтін өтініші ұнайды маған. Оның үстіне, ішімдегі хауанның да осы деген де шығарға жаны бөлек. Баяғыда «ит емеспіз, бөріміз» дейтін бір-екі бұзық шыққан елімізде. Иттігіме салып алысқым-ақ келіп еді, ішімдегі итім ақыл айтты: «қайтесіз, жүйкеңізді жұқартып, тізімін итатқыштарға бере салмайсыз ба!». Мен орындадым… қазір бөрілер жоқ, кілең иттер қалдық.
Сонымен қойшы, алыпсоқ екеуміз тауда жүрміз. Байқаймын, ит болған адам болғанға қарағанда әлдеқайда жақсырақ әрі қызықтырақ секілді. Шыны керек, бір мезет ит болғым келді. Қазақтың алабайы құсап, есікпен төрдей жерге созылып, Алатауға қарадым. Сала-құлаш құйрығымды арқама аса салғам. Көзімді оттай жандырып, бүкіл әлемді баққан иттің ұсқынына ауысқан түрім. Аз тұрдым ба, көп тұрдым ба, білмеймін, кенет құйрығымның астынан жылымшы бірдеңе жүгіріп өткендей болды. Жалт қарадым. О, найсап, алыпсоқ құйрығымды жалап тұр.
– Тәйт ары, көргенсіз! «Аш иттің к-тін сұқ ит жалайды» деген. Соңғы сөздің аузыма қалай түскенін өзім де аңғармай қалдым.
– Сіз аш ит емессіз, тоқ итсіз. Тоқ итің боғы дәрі деген.
Дәрісін қайдам, бірақ анаусы ұнап барады. Ішімдегі де ұлып қоя берді: «Құдай үшін, тимеңізші!».
– ¬Ал, дәрі болса, емдел!
Сылп-сылп. Сылп-сылп. О Құдай, мұндайда ғажап болады екен-ау. Адам кезімде көрген ләззатым мынаның бір ширегіне татысашы! Тұла бойым иіп сала берді. Сосын… сосын ана бәлені аңдыдым, су ішкен болып аузын шайқай ма екен дегенім ғой. Ол менің ойымды көзімнен түсінді:
– Сіздің құйрығыңыздың дәмі аузымнан кетпес үшін енді бес күнге дейін тамақ ішпеймін.
Ал керек болса! Қызығы, осының бәрін басқа иттер бұта-бұтаның қуысы мен арша-аршаның арасынан көріп тұрған ғой. Енді олар ашық кетті: «Сіздің құйрығыңызға туғаннан іңкәрмін», «Сіздің артыңыздың иісі бүкіл әлемде жоқ», «Бір жаласам бола ма..?»
Менің нем кетеді, есікпен төрдей жерге созылып, Алатауға қараймын да тұра қаламын…
Міне, менің өмірім осылай өтіп жатыр. Басқаға қайдам өзіме ұнайды. Боқ жегендердің қанша жасарын кім білсін, біреуі кетсе, екіншісі келер, одан менің артым суып қалмайды. Қуанатыным, бұл ләззат маған мәңгілікке берілген. Қазақтар қарап тұрыңдар, мен өлмеймін!
Сансызбай Нұрбаба