Айман Омарова Тоқаевқа үндеу жолдады: «Бұл жерде қытайдың бизнесі бар, оның артында Назарбаевтар тұр» (ВИДЕО)
Белгілі адвокат Айман Омарова Президент Тоқаевқа үндеу жасады. Үндеуде адвокат Айман Омарова өз қорғауындағы Салтанат Құсманқызын заңсыз соттап жіберді деп есептейді.
«Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Менде адвокат ретінде ант етемін. Бұл жерде заңсыздық болды. Құсманқызын соттап жіберді. Бұл жерде қытайдың бизнесі бар. Оның артында Назарбаевтың туысқандары тұр деп айтып жатыр. Тексер деп прокуратураға қанша айттық, тексерген жоқ. Бұл жерде қара бұғалтырлық, қытайдан келген өтірік мөрлер бар» деді Айман Омарова.
А.Омарова бұл істе әділетсіздік болғанын, қытайдың заңсыз әрекеттерін көріп тұрғанын айтты.
Сөзінің соңында адвокат «бір қазанға екі қошқардың басы» симайтынын, мұндай жағдайларды Президент ретінде Тоқаевтың өз бақылауына алуы керек екенін айтады.
Естеріңізге сала кетсек, Салтанат Құсманқызы 2019 жылы «Ас-ай ЛТД» компаниясынан «77 млн 400 мың теңгені алаяқтық жолмен жымқырды» деп айыпталып, Алматы қаласы Бостандық аудандық соты шығарған үкіммен 8 жылға сотталған еді. Кейін 2020 жылы сәуір айында Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасының шешімі бойынша босап шықты. Ол кезде сот «қылмыс құрамының болмауына байланысты» Құсманқызын 419-бап бойынша ақтап, «кәсіби міндетіне немқұрайлы қарағаны үшін» (бастапқы «Алаяқтық» бабы кейін «Міндетіне адал қарамау» бабымен өзгертілген) 2 жылға бас бостандығынан айырған. Қылмыстық кодекске енген өзгерістерге сәйкес, Құсманқызының түрмеде отырған әрбір күні екі күнмен есептеліп, қамаудан босап шыққан.
Бірақ 2020 жылы 23 қарашада бас прокуратура Жоғарғы сотқа Салтанат Құсманқызының ісін қайта қарауға шағым түсірген.