УЕФА Чемпиондар лигасының финалы Алматыда өтеді
2018 жылғы 5 желтоқсан 22:10 22
АСТАНА. ҚазАқпарат — 2019 жылғы УЕФА Чемпиондар Лигасының финалдық кезеңін «Алматы Арена» спорт кешені қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
Чемпиондар Лигасының финалдық кезеңін Алматыда өткізу шешімі дүйсенбі күні өткен УЕФА Атқару комитетінің отырысында қабылданды.
Финалда алматылық «Қайрат», «Барселона» (Испания), «Интер» (Испания) және «Спортинг» (Португалия) командалары кездеседі.
Айта кетейік, «Алматы Арена» спорт кешені турнирдің финалдық кезеңін 2017 жылы да қабылдаған еді. «Қайрат» Чемпиондар лигасының финалдық кезеңін қабылдап отырған алғашқы команда болып отыр. Финалдық кезең ойындары 2019 жылдың 25-29 сәуір аралығында өткізіледі.
Бүгінгі күнге дейін Испания клубтары 9, ресейліктер 3, португал, бельгиялықтар мен итальяндар бір-бір мәртеден чемпион атанған. Естеріңізге сала кетелік, алматылық клуб 2012/2013, 2014/2015 жылдарда аталмыш турнирдің жеңімпазы атанды. «Қайрат» командасы 2008/2009, 2010/2011, 2016/2017 жылдардағы доп додасында үшінші орын алған. «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық кезеңіне сегізінші мәрте шығып отыр.
«Қайрат» екінші кезеңінен бастады. Онда Португалияның «Спортингін» 2:1, Беларусьтің «Лидсельмашын» 6:0, Косовоның «Фениксін» 7:3 есебімен жеңіп, жарыстың элиталық кезеңіне жолдама алған еді. Бұл жолы «Қайрат» D тобында Италияның «Аква и Салонесін» 4:1, Чехияның «Хрудимін» 4:2, Беларусьтің «Лидсельмашын»7:2 есебімен тізе бүктіріп, финалдық кезеңге жолдама алды.
Бұдан бұрын қазақстандық клубтар Чемпиондар лигасында сынға түсіп жатқаны хабарланды.