Дала фольклорының антологиясы | «Айқын» газеті
Қазақтың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі – мәңгілік құнды мұра. Ата-бабадан қалған мұраны көздің қарашығындай сақтай отырып, келер ұрпаққа қаз-қалпында аманат ету – жауапкершілік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өткен тарихты қайта жаңғыртып, әлем елдерінің алдындағы ұлт мерейін асыруға бағытталған.
Бұған дейінгі «Мәңгілік мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында да қазақ халқының көнеден қалған көптеген мәдени-рухани мұрасы қайта жаңғырды. Төл руханиятымыз қайта түледі. «ұлы даланың жеті қырында» тарихты тереңінен зерттейді. Атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны екеніне арнайы тоқталған. Осы жеті игілік – тарихымыздың ежелгі дәуірмен астасқан бүгінгі көкжиегі. Тарихқа үңілсек, қазақ халқы қаншама зұлматты басынан өткерді. Ендеше, өткенді дәріптей отырып, кемел келешекке ұмтылудың үлгісін көрсету – халық алдындағы айтулы жауапкершілік, ауыр жүк. Көне тарихымызға байланысты бұған дейінгі жобалар Еуразия құрлығындағы ел беделін арттырды. Президент: «бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын», – деді. Бұл игілікті іс алдағы уақытта тарихшы, ғалым, мәдениеттанушыларға үлкен міндет жүктеп отыр. Қазақ халқы мұндай құнды архив деректерімен цирфлы форматта танысады. Тарихты түгендеу, ұлтымыздың өткеніне тереңнен үңілу ендігі жерде мектеп қабырғасынан, одан қала берді арнаулы орта және жоғары білім беретін оқу орындарынан басталады. Бағдарламада «Ұлы даланың ұлы есімдерін» жаңғыртуға да баса назар аударылған. Өркениетті елдің бәрі мәдениеті, әдебиеті, тарихына үлес қосқан ұлы тұлғаларын мемлекеттің мақтанышына айналдыра алды. Болашақта біздің ұрпақ әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай хан, Кенесары мен Абай Құнанбайұлының еңбегіне, ерлігіне тереңірек үңіліп, бабалар тарихын мақтан ететін болады. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-энциклопедиялық саябағын ашу бастамасы да жас ұрпақтың көңіл көкжиегін кеңейте түсетіні анық. «Ұлы даланың жеті қыры» – Қазақстанның күллі түркітілдес халықтарының басын қосатын қара шаңырақ. Елбасы алдағы уақытта республика аумағында «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаның қолға алынуы қажеттігін жазады. Елбасы ұсынысымен Түркістан қаласы болашақта барлық түркі халықтары үшін киелі саналатын рухани орталыққа айналады. Қазақ халқы ежелден киелі, қасиетті санаған аң стилінде жасалған қолөнер бұйымдары, «Алтын адамның» қару-жарағы, ұлттық жәдігерлер жинақталса, қазақ тарихының мәртебесі тағы мәрте артатыны анық. Сондай-ақ «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құруды ұсынды. Соның негізінде, Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдер өткізуге болатынын айтты. «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері: ертегі, аңыз-әфсана, қисса, эпостары жинақталады. Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да ұлттық музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет», – деді. Осы игіліктің бәрі қазақ халқының руханиятын, төл мәдениетін, терең тарихын түгендеуге септігін тигізеді. Ендеше, келер ұрпаққа аманат құнды дүниелердің қатары көбейеді.
Ә.Күлекеева,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің физика пәні мұғалімі