Алматыда қария полицейге бұрыш баллонымен шабуылдады (видео)

0

Алматылық полицейлер бұрыш баллонымен тәртіп сақшысына шабуылдаған ер адамның видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Видео әлеуметтік желілерде пайда болды. Кадрларына қарағанда, егде жастағы ер адам қызметкерлердің біріне көзашытқыш баллоннан сұйықтық шашқан. Ал видео сипаттамасында екі жыл бойында өз баласымен көрісе алмай жүрген қазақстандық келіншектің оқиғасы баяндалады.

«Туған анасына өз баласын көруіне рұқсат бермей жатыр. Мұның алдында әйел кей адамдардың заңсыз әрекетінен полицейлеріміздің де шарасыз екенін көрсететін видео жариялаған. Біз заң үстемдік ететін мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ба?» — делінген жазбада.

Алматы қаласының полиция департаменті бұл оқиға 2020 жылдың 7 желтоқсанында Алматының Наурызбай ауданында болғанын хабарлады.

«Учаскелік полиция инспекторлары, сондай-ақ ювеналды полиция инспекторлары сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының қызметкерлерін тарту туралы қаулы негізінде жеке сот орындаушысымен және қорғаншылық органының өкілімен бірлесіп, 2016 жылы туған кәмелетке толмаған қызды оның анасы 1994 жылы туған К.Бияхметке беру мақсатында үйге барды. Осы кезде үйге 1954 жылы туған М. есімді азамат келді, ол баланың атасы. Ол полиция қызметкеріне және жеке сот орындаушысына агрессия танытып, бұрыш спрейін қолданды», — деп хабарлады Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Дидар Аханов.

Бұл әрекеті үшін ер адам ҚР ҚК-нің 381-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Іс бойынша іс жүргізуді Алматы қаласы ПД тергеу басқармасы жүргізетіні айтылады.