Ешкімге қарамаймын: Кентаулық жігіт 14 жас үлкен әйелге қалай ғашық болғанын айтты — новости Казахстана
Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде өзінен 14 жас үлкен әйелге үйленген жігіттің видеосы шарлап кеткен болатын. Осы бейнежазбаның басты кейіпкері Кентау қаласының 27 жастағы тұрғыны Абдулла Алтеке жұбайына қалай ғашық болғанын айтып берді деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.
Екі жас әлеуметтік желі арқылы танысқан. Қанатгүлдің екі баласының барына қарамастан, Абдулла үйленуге ұсыныс білдірген.
«Қанатгүлге ұсыныс білдірдім. Отбасын құрайық деп айттым. Алғашында ол қалжың ретінде қабылдап, мән бермеді. Ал мен айтқанымнан қайтпадым», — дейді Абдулла Алтеке.
Сондай-ақ биыл 27 жасқа толған күйеу жігіт әйелінің 42-де екеніне мән бермейтінін, бастысы әйеліне деген сезімінің адал екенін айтады.
«Қазақта айтады ғой «махаббат жасқа қарамайды» деп. Негізі мен оған сенемін. Қанатгүлден басқа ешкімге қарамаймын. Өзімнің әйелім, сыйлаймын», — деп жан сырын ақтарды Абдулла.
Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде өзінен кіші жігітке тұрмысқа шыққан қалыңдықтың видеосы таралған еді. Желі қолданушылары тіпті әйел адамның жарынан 18 жас кіші екенін айтып, шулаған еді.
Осыдан кейін NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берген қалыңдық түрлі қауестке нүкте қойып, шындықты өзі баяндап берген болатын.