«АӨК бағдарламасын жүзеге асыруда оң динамика бар»
Бүгін Астана қаласындағы Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің кезекті отырысы өтті. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен өткен жиналыста ҚР-да Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдардағы тұжырымдамасы, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын цифрландыру мәселелері талқыланды.
Бүгінгі мақалада отырыс барысында қаралған алғашқы мәселе жайын жазамыз. АӨК – еліміздің экономикасы үшін маңызды салалардың бірі. Елбасы жыл басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да бұл салаға байланысты нақты тапсырма жүктеді. Еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге дейін көбейту міндеттелді. Осы тапсырмаға сәйкес Үкімет биылғы жылдың шілде айында жоғарыда аталған бағдарламаға өзгертулер енгізіп, қайта бекітті. Отырыс барысында алғаш болып сөз алған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев осы жаңартылған бағдарлама негізінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасады. Арман Евниевтің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобалық басқару стандарттары бойынша 10 салалық және 14 өңірлік бағдарламаға декомпозицияланған. Одан бөлек, қазіргі уақытта ауылдық айматардағы АӨК-ді дамытуға бағытталған тағы 10 аралас бағдарлама әзірленіп жатыр. Вице-министр бағдарлама аясында жүргізілген жұмыстар бойынша біраз мәліметтермен бөлісті.
«Бағдарлама екінші жартыжылдықта қосылғанына қарамастан, биылғы жылдың жоспары асыра орындалды. Бүгінгі күні 600-ден астам фермер несие алған. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50 мың бас болған. 11 айда 67 мыңнан астам өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған несие мақұлданып, берілді. Аналық табынды тұқымдық түрлендіру жоспары 1,0 млн. басты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе 98% қатысуда», — дейді А. Евниев.
Айтып өтетін тағы бір негізгі ақпараттың бірі, биыл сиыр еті шет мемлекеттерге жақсы экспортталып жатыр. Осы жылдың 11 айының көрсеткішіне қарасақ, экспорт көлемі 14,5 мың тонна болған. Биылғы жылдың жалпы жоспары бойынша 15 мың тонна экспортталу міндеттелген. Қалған соңғы айдың көрсеткіштерін қосқанда сиыр етін экспорттау бойынша биыл жоспардан асқалы тұр.
Сүт өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында салалық сүт бағдарламасы жұмыс жасап тұр. Бұл бағдарлама сүт өндіру көлемін 10 жылдың ішінде 1 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздейді. Жоспарды орындау үшін 2027 жылға дейін 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын және 19 өндірістік тауарлық сүт фермасын ашу жолға қойылған.
«Биылдың өзінде 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның 10-ы — жалпы қуаттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, 5 сүт фермасы — отбасылық. Жылдың аяғына дейін жалпы қуаттылығы 4500 басты құрайтын қосымша 10 ферманы іске қосу жоспарлануда. Осынау мемлекеттік қолдаудың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі 10 айда 1,3 млн тоннаға жетті. Салыстыра кетсек, 2015 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 900 мың тонна сүт өндірген», — деді А. Евниев.
Салалық бағдарламаның бірі – құс шаруашылығын дамыту мақсатында жұмыс жасап жатыр. Бұл бағдарламаның жоспары бойынша, алдағы 10 жыл ішінде құс етін 3 есеге ұлғайту көзделген. Жоспарды іске асыру мақсатында елімізде құс фабрикаларын ашу қолға алынды. Соның нәтижесінде, биыл жылдық қуаты 60 мың тонна болатын «Макинка құс фабрикасы» өз жұмысын бастады.
Суармалы жерлерді дамыту салалық бағдарламасы 1,5 миллион гектар жаңа суармалы жерді айналымға тартып, аумақты 3,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасының көздегені: 10 жыл ішінде 47 мың гектар жерге қарқынды бақ отырғызып, импортты алмастыру. Осы жоспарды орындау үшін жемістерді сақтау қоймаларын салып, вирусы жоқ көшеттер өндіру зертханаларын құру негізгі жоспарға енгізілді. Еліміздің оңтүстігіндегі Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары бақ отырғызуға қолайлы болғандықтан, бағдарлама бойынша осы өңірлерде негізгі жұмыс жасалмақ.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын жақсарту үшін биыл Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жүйесіне өзгерістер енді. Агроөнеркәсіптік кешенде үздік нәтиже көрсетіп отырған бірқатар мемлекеттердің инновациялары үлгі ретінде қолданылды. Көбінесе АҚШ пен Бразилияның саланы ілгерілету тәсілдері назарға алынды.
«Ағымдағы жылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру 4,2 млрд теңгеден 7,6 млрд теңгеге 1,8 есе ұлғайды. Бұдан басқа, осы жылдан бастап алғаш рет бизнес-қауымдастықтар алдағы үш жылға арналған ғылыми-зерттеу тақырыптарын қаржыландыру туралы шешім қабылдауға қатысты. Келесі кезеңде бірлесіп қаржыландыруды субсидиялау есебінен нарықтың зерттеулерге деген қажеттілігі қалыптастырылатын болады. Ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 4,1 млрд теңге бөлінді», — деп хабарлады А. Евниев.
Экспорт көлемін арттыру үшін бүгінде Иранға тірі қой, қой еті, сиыр еті, тағамдық жұмыртқа жеткізіледі. Осыған дейін ірі қара, ұсақ малды, ет өнімдері мен тауық жұмыртқасын Сауд Арабиясына, БАӘ-не, экспорттауда шектеулер болатын. Осы шектеулер биыл министрліктің бастамасымен алынып тасталды.
Ең негізгі мәселелердің бірі, ол – агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру. Осы жұмысты бірізділікке түсіру үшін бүгінде арнайы бағдарлама қабылданды. Осыған сәйкес, егіс аймақтары мен жайылымдардың электрондық карталары әзірленіп жатыр. Жоспар бойынша, бұл жұмыс процесі жыл соңына дейін толық аяқталады. Бұл мәселеге байланысты вице-министр былай деді:
«Субсидиялау процесін автоматтандыру бойынша 15 субсидия түрінен 3 субсидия (тыңайтқыштар, гербицидтер, гектарлық) толық автоматтандырылып, іске қосылды. Электрондық астық қолхаттарында блокчейн технологиясы іске қосылды, ол 5 млн тонна астық көлеміндегі астық қолхаттары бойынша операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деді А. Евниев.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары биыл қарқынды жүргізілгенін жеткізді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда оң динамика бар екенін айтып өтті.