Үкімет отырысында АӨК бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қаралды
4 желтоқсан күні Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен өткен Қазақстан Үкіметінің кезекті отырысында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бұл салаға байланысты алдағы 5 жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнімнің экспортын кемінде 2,5 есеге дейін арттыруды тапсырған еді. Осыған орай, Қазақстан Үкіметі биылғы жылдың шілде айында аталған бағдарламаға өзгерістер енгізіп, өзектендірді.
Отырыс басында бағдарламаның жүзеге асырылуы, салалық бағдарламалардың іске асу мәселелері жайлы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев баяндама жасады. Вице-министрдің хабарлауы бойынша, биылғы жылдың екінші жартысынан бастап етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Арман Евниевтің ізін ала бұл бағдарламаның өңірлерде іске асуы жайлы Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облысының әкімдері баяндама жасады. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бұл саланның 19 негізгі бағыты кіріктірілген «Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы» дайындалып, бұл құжат Ауыл шаруашылығы министрлігінен келісім алғанын жеткізді. Одан бөлек, облыста алғаш рет 6,5 тонна ет БАӘ, Иран, Өзбекстан сияқты мемлекеттерге экспортталып, бұл көрсеткіш республикалық көрсеткіштің 42,2 пайызын құраған. Осы бағытта жұмыстарды одан әрі жүргізіп, ет экспортын арттыру мақсатында жақында Түркістан облысы, Сайрам ауданында 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылып, бүгінде өз жұмысын бастап кетті.
«Түркістан облысында Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытымен 2025 жылға дейін 400 басқа дейінгі 44 (қуаттылығы — 10350 бас), 400 бастан жоғары 11 (қуатылығы — 4400 бас) тауарлы сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін «Қазына жер ЛТД» ЖШС-гімен қосымша 500 басқа сүт тауарлы фермасы кеңейтілетін болады. 10 айда 604,5 мың тонна сүт өндіріліп, 3,2%-ға артты (2017 ж.–585,6 мың тн). Суармалы жерлерді дамыту бағытымен ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 1,3 млрд.тг. қаржы қарастырылып, 29 нысанға ағымдағы, 4 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 9,8 мың га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, 3,3 мың га қайта айналымға енгізілді», — деді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.
Облыс қарқынды бау шаруашылығын дамытуға да ықыласты. Өңір басшысының хабарлауынша, 2025 жылға дейін қосымша 22,5 мың гектар жерге жеміс-жидек пен жүзім егу жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру жоспарын да оң жолға қойып, қазіргі таңда 798 гектар егістік алқабының электронды картасы әзірленген. Одан бөлек облыстағы жайылым жердің 26,3 пайызы цифрландырылыпты.
Жансейіт Түймебаев өз баяндамасынан бөлек, облыста «Ислам даму банкі», «Европа қайта құру және даму банкі», «Халықаралық қайта құру және даму банкімен» бірлесе жұмыс жасауға арналған қосымша жобалар бар екенін айтты. Сонымен қатар, Үкімет басшысынан осы жобаларды өз уақытында жүзеге асыру үшін қолдау көрсетуін де сұрады.
Түркістан облысы бағдарламада міндеттелген индикаторларға қол жеткізу үшін әр ауылдық округтен тұратын 15 аймақтық бағдарлама дайындап жатыр. Министрліктің ұсынысы бойынша, тиісті көрсеткішке қол жеткізбеген саяси және А корпусы лауазымдарының жауапкершілігін қарауға арналған шаралар да жасалуда.
Облыс биылғы жылдың 10 айлық көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 475,6 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,4%-ға орындады. Осы көрсеткішпен Түркістан облысы Республика бойынша екінші орында тұр.
Селекторлық режиде өткен отырыстың қорытындысын шығару кезінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда оң динамика байқалатынын жеткізді. Алайда, тиісті норманы өтей алмай келе жатқан облыстардың да барын ескертті. Осыған байланысты, қорыта келе Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылық министріне облыстық әкімдіктермен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті көрсеткішке қол жеткізуді міндеттеді.