Бұқар жыраудың Абылайға арнаған жыр-толғаулары
Бұқар жыраудың Абылайға арнаған жыр-толғаулары
МАЗМҰНЫ:
Кіріспе…………………………………………………………………………………………………………………….2-8
Негізгі бөлім
1-тарау. Бұқар жыраудың Абылайға арнаған жыр – толғауларының
идеялық мазмұны…………………………………………………………………………………………..9-14
2-тарау. Бұқар жыраудың шығармашылығының көркемдік сипаты…………………….15-22
Қорытынды……………………………………………………………………………………………………………23-24
Кіріспе
ХҮІІІ ғасыр әдебиеті көрнекті өкілінің бірі Бұқар жырау – Абылай хан заманында өмір сүрген. Әкесі Қалқаман белгілі батыр.
Бұқар өмірін зерттеушілердің бір бөлігі ақынның өлеңдеріне сүйеніп, оны кедей шаруа тобынан шыққан деп жүр. Бұл пікірді академик жазушы С. Мұқанов пен Қ. Жұмалиев еңбектерінен ұшыратамыз.
С. Сейфуллиннің айтуынша, «Бұқар жырау Абылай ханның заманында ханның бірінші жыршы – шешен ақылшысы болған. Моласы Баянауылдағы Далба тауының ішінде» көрінеді. Асылы Бұқар кезінде жоқшылық зардабын тартып, басқаға мойын ұсынбаған, ата даңқымен болсын, не өз өткірлігімен болсын, әйтеуір тәуелсіз, ерен адам болып өскен. Өзіне біткен ақылы мен шешендік өнеріне байланысты ол елге тез танылдып, алғыр жырау ретінде атын алысқа жайғанға ұқсады. Кейін оның хан сарайы маңында да бедел алып, елге белгілі жырау, ақылшы би саналуы да тегін емес.
Бұқардың өлеңдері, өзі тұтас ақындармен салыстырғанда кейінге молырақ жеткен. Оның Абылай туралы өлеңін жазып алып, алғаш пікір айтқан Шоқан еді. Одан кейін жырау өлеңдерін жинап, ол туралы мәлімет берген – белгілі фольклорист, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев.
Деректерге қарағанда, Бұхар – діни білімі бар, оқыған адам. Оның өлеңдерінде мұсылманшылық әсері айқын: «Діни кітаптардан оқыдым», «ақтан сия танытқан, дәуіт пенен қалам айт» деген сөздер кездеседі. Бұл сөздер тегін айтылмаса керек.
Бұқар жырау – қазақ жеріне ертеден мәлім. Оның бізге жеткен арнау, терме, толғаулары негізінен әлеуметтік, қоғамдық мәселені көтереді. Көп жайтты ол өзінің заманы санасы тұрғысынан шешеді. Хандық құрылысты нығайту мақсатын көздейді. Соған қоса жыраудың кейбір толғаулары адамгершілікке, бейбітшілікке, әділеттікке үндейді; ұстамды моральдық пікірлер ұсынады. Абылайдың сыртқы саясатына араласып, ақыл береді. Оның кейбір ісіне наразылық білдіреді.
«Бұқар ақын ғана емес, — деді профессор Е. Ысмайылов, — Абылайдың қолшоқпар бітімші биі. Ол ХҮІІІ ғасырдағы қазақ елінің жоңғарға қарсы күресін дұрыс жырлағанымен, ішкі қоғамдық мәселеде Абылайдың жыршысы болды». [10,386-388]
Абылай тұсындағы тынымсыз жорықтардың ел берекесін кетіріп жатқан кезеңінде ханға айтқан жырау ақылдарының ең тиімдісі қазақтың өзара алыс – беріс жасап, жауласпай тату өмір сүруге үндеу болса керек.
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал, ерегіс –
деп, ол мал немесе жер үшін өзара жанжалдасуға қарсы шығады. Ағайыншылық – татулық – елді берекелі ететін ең қажет нәрсе деп біледі.
Сірә, бір кеңес құрыңыз,
Бірауыздан болыңыз…
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!
Ақын бірауызды, ынтымағы күшті елді осылай армандап, сондай елдің ғана болащағы мол болатындығына сенім білдіреді. «Ағайын тату болса, жат жанынан түңілер» деген халық мәтелін қоштай сөйлеп, ол тату – тәтті өмірді аңсайды.
Жақын жерден шөп жиса,
Жердің сәнін кетірер,
Ағайынның аразы, —
Елдің сәнін кетірер.
Абысынның аразы, —
Ауыл сәнін кетірер.
Бұқар өмір сүрген дәуірдің ұлы оқиғасы – жоңғар қалмақтарының өктемдігі, олардың қазақ жеріне баса көктеп енуі екенін біз жоғарыда айттық. Қалмаққа қарсы ұрыс басталған шақтан аяғына дейін бар ауыртпалықты Бұқар елімен бірге кешкен. Ол, әсіресе, өзі туған өлкесін азат ету күресіне тікелей араласып, қолбасшылармен бірге, ақылшы, үгітші боп белсенділік көрсеткен. Абылай Бұқармен осы тұста қатты санасқан. [9,32-35]
Жұмыс тақырыбының өзектілігі:
Бұқар өзінің арнау, толғау, термелері арқылы әлеуметтік, қоғамдық мәселені қозғайды. Бұл ретте ол, Ақтанберді жырау сияқты, феодалдық құрылысты, хандық жүйені қолдайды. Алайда ел өмірі, халықтың тыныштығы үшін жақсы басшылық керек екендігіне үлкен мән беріп, ақыл-кеңесін айтып, ағыл – тегіл жыр төгеді.
Сонау ХІҮ ғасырда өткен Сыпырадан бастау алатын жыраулық үрдісті кеңінен дамытқан сөз зергері Бұқардың әдебиетіміздегі орны жоғары деп бағаланады. Бұқар да өз шығармаларын толғау түрінде жасады. Толғаулардың әлеуметтік өмірдің өткені мен келешегін терең болжай, өз замандастарына ақылгөйлік етсе, кейінгілерге үлгі болардай идеялы пікір айтады. Бұқардың толғаған тақырыбы да әлеуметтік мәселе болады. Әлеуметтік өмірге үңіле қарап, зерттей келе сол жөнінде сүбелі сөз, ұстамды білік, күрделі пікір айтып, өзінше қорытынды жасайды.
Бұқардың азаматтық арымен тебірене толғаған ең негізгі мәселесі атамекеннің амандығы, ағайынның татулығы, бірлігі, халқының тыныш бақытты өмірін жырлау болды.
Хандық феодалдық қоғамда рулық талас – тартыс бойынша ел бірлігі бұзылып отырған. Содан келіп сырт дұшпанның қақпасына түсіп, қазақ халқының біртұтас мемлекет болып өмір сүруіне кесел келе берген.
Бұқар жырау қазақ халқының ауызбірлігін, ханның діл болуын, барша жұрттың сол бір тура басшыға бағынуын насихаттайды. Жырау осы идеясын қорғауда айбарлы хан Абылайдан сескенбей, оған талай ретте қатты ескерту жасайды. Абылай қанша ақылды хан болса да, жаугершілікке еліккен мінезі бойынша, ол егескен жауды талқандағаннан кейін, өз елінің батырларына, әлсіз руларға да соқтығады. Тіпті орыс патшасы орнатқан әскери қорғанға шабуыл жасап, соғыс ашпақшы болады. Міне, Абылайдың осындай өз халқын қырғынға ұшыратпақ пиғылын әшкерлеп, мінін бетіне басып, бүкіл халық атынан тыйым салады.
Жырау өзі өмір сүрген дәуірінің барлық бедерін суретке салғандай бейнелеп береді. Бұқардың шығармалары біздің әдебиетімізде өте құнды дүние деп бағаланады. [1,120-122б.].
І. Бұқар жыраудың жыр – толғаулары жайлы ой-пікірлер.
Бұқар жыраудың философиялық көзқарастары мен дүниетанымы жайында қазақ философтары көптен айналысып келеді. Бұл жөнінде бірінші сөз айтқан қазақ философиясының тарихын зерттеушілерінің пионері Қ. Бейсембаев. Ол кісінің жекелеген еңбектерінде, монографиясында бұл мәселе алғаш рет сөз болған. Бұдан соң Бұқар жыраудың дүниетанымы, көзқарастары туралы О. Сегізбаев та өзінің жеке мақалалары мен кейіннен шыққан «Қазақ философиясы» атты үлкен монографиялық еңбегінде тоқталып өтеді. Бұл зерттеушілердің айтуынша, Бұқар жырау өз заманының аумалы – төкпелі болып тұрғанын, жалпы мұндай қоғамға тән құбылыс екендігін дұрыс түсінеді, яғни адам қоғаммен, табиғатпен байланысты отырғандығы сөзсіз. Бұқар жырау өзінің толғауларында адам баласының азып, танымының тұсалап бара жатқандығын толғайды.[1,103б.].
Қазақ тәлім – тәрбие, ой – пікір тарихын 30 жылодан астам уақыт зерттеп келе жатқан профессор Қ. Жарықбаевтың «Қазақстандағы қазан төңкерісіне дейінгі педагогикалық ой дамуы» деп аталатын докторлық диссертациясында, сондай-ақ Бұқар жырау туралы жазған «Аталар сөзі ақылдың көзі», — деген монографиясында және соңғы шыққан «Қазақ психологиясының тарихы» тағыда басқа еңбектерңнде Бұқар жыраудың психологиялық көзқарастарын шама – шарқынша көрсетуге тырысқан. Өз зерттеулерінде Қ. Жарықбаев 1980 жылдардың басына дейін философия саласына байланысты Бұқар жырау жөнінде Құлмұхаметовтң «О политической воззрении Бухар жырау Калмаканулы» деген мақаласынан басқа ауыз тұшарлық еңбектің болмағанын ескерткен. Қ. Бисембиевтің «Очерки истории общественной мысли Казахстана» деп аталатын еңбегінде Бұқар жырауды еске алғанын атап кетеді де, бұл мәселеге біздің философтардың әлі де бармағанын, мұны зерттемей болмайтындығын, өйткені жыраудың педагогикалық, психологиялық, эстетикалық, эпикалық тағы да басқа ой толғаныстарын алдымен философиялық тұрғыдан пайымдай алмай тұрып, оған зерттеуге кірісудің қиын екендігін айта келіп, өзінше Бұқар жырауға байланысты мынандай философиялық тұжырымдар жасайды: «Зерттеуші Бұқар жыраудың шығармаларында бір кездегі Әбу Насыр Әл-Фараби секілді, сондай-ақ А. Құнанбаевтың қара сөздеріндегідей белгілі бір жүйеде айта келіп, өзінше мынандай пікірлерді айтады: «Мұнда философияның сонау ежелгі грек жұртындағы қарапайым пайымдары, әсіресе Сократта Демокрит пен ұқсас ой-тұжырымдары байқалады», дейді.
Жырау сондай-ақ өзінің шығармаларында жастар психологиясына ерекше көңіл бөледі. Біз бұл жерде оған тәптіштеп бара бермей, әсіресе дана қариялардың жастардың психологиясын тәрбиелеуде қандай маңызы бар екені туралды бірер сөз айтайық. Жырау қарт адамдар өмірдің үлкен өткелінен өткен, көпті көрген, тәжірибесі тереңдіктен олардың ақылгөй, данагөй болатындығы, ақыл – кеңестері жастардың жақсы сана – сезімінің, өзіндік сана сезімінің, ой өрістерінің қалыптасуына зор ықпал ететіндігін ерекше түйіндейді. Бұқар жырау жас мөлшері шамалас адамдапдың психологиясы да түрліше болып келетиіндігі туралы, өзінің шығармаларында ерекше орын алған кейбір жасы келгендердің тез арада қартая қоймайтындығын да, ал жастарынан бос белбеу өз тізгігін жіберіп қойған кейбір жастардың күнінен бұрын маужырап, қалжыраған шал болып қалатындығын да топшылауларынан аңғаруға болады. Дала ойшылы адам психологиясындағы жағымсыз жақтарды, мінездердегі міндерді көрсетуге аса шебер.
ХҮІІІ ғасыр халқымыздың тарихына үлкен із қалдырған кезең болды. Бұл жоңғар билеп — төстеушілерінің қасиетті ата – бабамыздың қонысына шабуыл жасап, осының нәтижесінде ел-жұрт ата – қоныстан айырылып, қатты күйзеліске түскен кезең еді. Бұл жөнінде атақты ғұлама ғалымымыз Ш. Уәлиханов кезінде былай деп жазыпты: «Әрқайсысы әр тараптан жортуыл жасаған жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары және башқұрттар қазақ ұлыстарының ұйпа-тұйпасын шығарып малын айдап, жанын байлап әкете берді, қақаған қыс, жұт, ашаршылық олардың халін тіпті ауырлата түсті» /Қазақ әдебиеті тарихы. Алматы, 1961,1 кітап/.
Осы жайсыз тиген оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталғаны белгілі. 1728-1730 жылдары қазақ халқы күшін жинап, бір-бірімен бірлесіп, басқыншы жауға аяусыз соққы беруге уәделесіп, басқыншы жауға кеткен жерлердің біразын қайтарып алды, осындай ауыр кезеңде халқымыз Ресей империясының қол астына кіруге мәжбүр болды. Мұның өзі қазақ даласының ғасырлар бойы, бұрынғы бір зерттеулерде айтатындай, прогрессивтік құбылыс емес еді, мұның өзі сондай-ақ қазақ халқының томағы – тұйықтан айырыла бастауына, оның шаруашылығы мен мәдениетінің өркендей түсуіне себепкер болып жүрген қағидалар, бұл кейбір зерттеулерде үлкен орын алғанымен, сайып келгенде, біз амалсыздан үлкен елдің қол астына кіріп, жан сақтауымыздан болған дүние еді. Мұны бір кезде белгілі тарихшы Е. Бекмаханов 40-жылдардың аяғында айтып, докторлық диссертация қорғап, кейін онң замана ағымына келмейтіндігінен жиырма бес жыл арқалап барғаны да жұртшылықтың есінде.
Бұл мәселелерді айтып отырған себебім, қазіргі кездегі зерттеулерде осы мәселеге ерекше көңіл бөлініп жүр. Халқымыз ел басына күн туса, етігімен су кешер дегендей, ол кезде атқа мінуге жараған әрбір қазақ баласы басқыншы жауға қарсы күресте кір жуып, кіндік кескен жер мен туған халқы үшін шыбын жанын пида етуді өзінің негізгі мақсаты деп түсінді.[10,386-387]
Бұқар жырау бір кездері Тәуке ханның сарай төңірегінде ақылгөй болып ықпалды билерінің бірі болып арқалы жырау атанып, мемлекет істеріне елеулі үлес қосқан. Жырау өз өмірінің жан-жақты сырларын терең түсіне отырып, адам мен қоғам және жер туралы, адамның әр түрлі қасиеттері жөніндегі толғауларында философиялық тұрғыда көрсете білген. [13,45-46]
Бұқар жыраудың мұсылманша білім алғандығы жөнінде зерттеуші Ш. Қуғанбаев былай тұжырымдайды: «Ұлы жырау жас күнінен Бұхара, Самарқанд медреселерінде оқып, осы өңірде өскендіктен оған Бұқар аты тағылған». Оның бұл білімділігінің жырларына арқау болғандығы байқалады. Жырау Абылайдың қазақ халқының алдыңғы рөлін, сонымен қатар ханның батырларының ерлігін, олардың басқыншы жаулармен арпалысқан кездегі ерліктің психологиясын ерекше көрсете білгендігі байқалады. Ол ұрыс сәтіндегі батырлардың мінезінің тең өзгеріп, қатуланып, ерекше жігерленіп, айбарлана жауға қарсы шапқандығын сипаттаған толғаулары осы көріністерінің нақтылы куәсі. Сонымен қатар елдің, жердің басшысы әділ болып, халыққа жайлы болса қараша халықтың тұрмысы тәуір болатындығын философиялық тұрғыдан Бұқар жырау былайша тұжырымдайды:
Ханның жақсы болмағы, Қарашаның елдігі
Қараша халық сыйласа, Алтынна болар белдігі.
Жақсы жігіт ұл туса, Патшадан болмас кемдігі
Айтсам сөзім таусылмас, Тоқтатайын сөзімді.
Міне, ол бар эерде тірліктің болатындығын меңзейді. Ер жігіттің еліне қызмет етер пейілін және оның имандылықты бойына пір тұтқан халықшыл болуын тәлімдегені айдан анық білініп тұр. Ол қазақ халқының бірлігін, ұйымшылдығын, бірауызды болуын аңсаумен қатар елдің басы біріксе істелмейтін жұмыс, талұқандалмайтын жау болмайтындығын ескертеді. Оның жастарға үлгі тұтарлық ерекше мәні бар «Тілек» деген шығармасында ол жастарға негізгі он бір тілек ұсынып, осы тілектерді бетке ұстиап оларды орындасаң адам боласың деген ниет білдіреді. Яғни мұның прозасы аллаға адал болу, құдай жолын ұстау ол мұсылмандардың кодексі деп есептейді.
Бұқар жырау қазақ елінің, оның тау мен тасын, шалқар көлін, қырын, ойпатын, бәрін көзімен көрген уақыт пен кеңістік көлемінде түсініп бұлардың уақыты жеткен кездерде тозып жоқ болып, ал кейбір жағдайда пайда болып диалектикалық заңдылық негізінде дамитындығын қарапайым сөздермен аңдап байқай білгендігі таң қалдырады.
Бұқар жыраудың мұрасын зерттеумен айналысқан ғалымдардың қатарына әр түрлі білім тұрғысынан философия, этика, психология, әдебиет және тарих т.б. ғылымдар саласынан С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Қ. Хализов, Ә. Тәжібаев, Қ. Мұхамеджанов, М. Көпеев, М. Мағауин, Р. Сыздықов, М. Фетисов, М. Қозыбаев, Қ. Бисембаев т.б. с.
1-тарау. Бұқар жыраудың Абылайға арнаған жыр – толғауларының идеялық мазмұны.
Бұқар жөніндегі нақтылы тарихи дерек – ХҮІІІ ғасырдың екіннші жартысында хандық құрған Абылайдың кезінде өмір сүруі. Бір сөзінде Абылайды 11 жасынан бері білемін дегенді айтады. Ал Абылай өлгенде Бұқар жырау тірі. Өйткені, оның өлер алдында Абылайға көңіл сұрап келіп айтқан сөзі бүгінге дейін сақталған.
Бұқардың көп жасаған адам екендігін бірнеше өлеңдері дәлелдейді. Абылайдың дәуірлеп тұрған кезінде айтқан бір сөзінде:
Күнде мендей жырлайтын,
Тоқсан үште қария
Енді саған табылмас.
десе, екінші өзі туралы айтқан сөзінде:
«Тоқсан бес» деген – тор екен.
Дүйім жанның қоры екен.
Қарғиын десең, екі жағы ор екен.
Найза бойы жар екен.Түбі жоқ терең көл екен.
Ел қонбайтын шө екен.
Келмейтұғын неме екен –
дейді. Бұқардың өмірі жайлы, әзірге белгілі мәліметтер осы айтылғандар.
Бұқардың бізге жеткен өлеңдері: «Ай, Абылай, абылай», «Керей қайда барасың?» «Айналасын жер жұтқан», «Бірінші тілек тілеңіз», Жал құйрығы қайда деп, «Сен он бір жасыңда», «Қалданменен ұрысып», «Кәрілік туралы».
Бұл өлеңдердің бәрі де жазбаша емес, ауызша сақталған. Бірақ бұлардың Бұқар жыраудікі екендігіне ешкім күдік келтірмейді. Өйткені, Бұқар өлеңдерінің жалғыз «Керей, қайда барасың?» деген өлеңінің бірен-саран ғана жолдарының басқаша айтылатыны болмаса басқалары Қазақстанның қай жерінде болсын өзгеріссіз, сөздері бірдей болып келеді. Әр облыс, әр адамнан жазып алынған нұсқаларын салыстырып қарағанда, өзгешілік жоқ, не жоқтың қасы. Оның негізгі бір себебі, Бұқар сөздерін тек жыршылар ғана емес, көпшілі білген де, жыршылардың еркін кете беруіне мүмкіндік болмаған. Бұзылмай сақталудың екінші себебі, оның сөздеріне тән дидактикалық сарын. Дидактикалық өлең-жырлар ойға, өмірді бақылай келіп, айтылған қорытынды пікірлерге құрылады. Қалай қортуы ақын – жыраулардың таптық көзқарасымен байланысты, олар өмір тәжірибесінен дұрыс та, теріс те қорытынды шығаруы мүмкін. Бірақ, бұл ойланып айтылған сөздердің тобына жатады. Бұл жайт, дидактикалық өлең жырлады кез келген айтушылардың өз жандарынан сөз қосып, өзінше өзгертулеріне мүмкіндік бермейді. Жырауларға тән дидактикалық сарын, айтушылапрдың белгілі шектен кетпеулероін керек етеді. Жыршылардың ақын болуы мүмкін, бірақ, кез келгені дидактикалық өлең шығара аларлық жырау-ақын бола беруі — өте сирек кездесетін жағдай. [2,261-272б.].
Бұқар өлеңдерінің саны аз, көбінің көлемі шағын болса да, әдебиет тарихын зерттеушілер үшін керекті жақтары көп. Өйткені, оның бір алуан өлеңдері өз кезіндегі әлеуметтік мәселелерге арналады, кейбір өлеңдері тарихи жағдайлармен байланысты шығарылған. Сонымен қатар, тыңдаушы, оқушылардың ой түсірерлік сөздерінің дидактикалық жағы да сол кездің әдебиетін зерттеушілер үшін аса қажет.
Бұқар жыраудың көзқарасында қайшылық үлкен. Сондықтан, оның өлеңдері тереңірек тексеруді, тәуір жақтарын ғана көріп мадақтаудан да, нашар жақтарын көріп құлдилата сынап, тарихтан мүлде атын өшіріп тастаймын деушіліктен де сақтана отырып, өзіне лайықты әділ бағасын беруіміз керек.
Бұқар тек ақын ғана емес, әрі жырау және өз кезінің қабырғалы биінің бірі. Ол көп уақыт сарай маңында болып, ел басқару ісіне де тікелей қатысқан. Сондықтан ол өмір құбылысын да, әр алуан әлеуметтік мәселелерді де феодалдық таптың көзқарасынша түсініп, сол тұрғыдан бағалайды.
Оның негізгі көзқарасын айқындайтын «Абылай туралы», «Керей, қайда барасың?», «Айналасын жер тұтқан», т.б. өлеңдерін алсақ, Бұқар сол таптың қамқоршы қариясы, қадір тұтқан жырауы екендігі аңғарылады. Бір жағынан ол Абылайды мақтап, оны басқалар алдында бедел етіп дәріптесе, екінші жағынан, оның кемшіліктерін бетіне басып сынайды. Өзінің бағытына қайшы келсе ханды да, оны жақтаушы батырды да шенеп, өз айтқанын өткізіп, өз дегенін істеуге тырысады.
Орыс патшалығымен соғыспақшы болған Абылайға және оны жақтаушыларға Бұқар жырау қарсы болады. Соғыс ел тыныштығын бұзатын әрекет, хан мен оның шашпауын көтерушілердің тасқандығынан туған желіктің нәтижесі деп біледі де, ханның да, батырдың да жер-жебіріне жетеді.
Ай, абылай, Абылай!
Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің…
Сен қай жерде жүріп жетілдің?
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің
…Сен, Қанжығалы Бөгембай
Қамалды бұзып қақ жарған Қайда батыр ер едің?
Батырдан жолды игі деп
Жортып қана жүр едің.
Жұрт аузына ілінген Тоқымы кепес ұры едің.
Қабанбайдан бұрын найзаңды,
Жауға қашап тіредің
Өтіңменен жарылма!
Өкпеңменен қабынба!
Орыспенен соғысып,
Басына моншақ көтерген,
Жұртына жаулық сағынба! –
дейді.
Ел аузында Бұқардың сөзінен кейін Абылай жорыққа аттанбай, қолын тарқан деседі. Абылай туралы жазылған зерттеулерде оның дипломат адам болғанына ерекше тоқталады. Жоғарғы сөздерге қарағанда Абылайдың тыныштықты көздеген саясаттарының бір тамыры Бұқарда жатқанға ұқсайды.
Бұқардың орыспен соғысуға қарсы болушылығы өз кезінде алыстағыны болжампаз адамның бірі болғандығын көрсетеді. Бұқар пікірінің дұрыстығын сол кездегі өмір шындығы қолға таяқ ұстатқандай дәлелдейді.
Бұқар айтқан «орыспен соғыспай» тату тұру сол кездің өзінде-ақ елі үшін зор пайдасының бір көрінісі осы тәрізді болатын.
Ханның көршілес елдермен қандай қарым-қатынастар болуы және тыныштық саясат қолдануы жөніндегі Бұқардың көзқарасын төменгі сөздерден көруге болады:
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан.
Қоңсың болсын қазақтан.
Сегіз қиыр шар тарап,
Төріңде жатып салмақта».
Ел мен ханның арасында қандай қарым-қатынас болуы керек, бұл мәселе жөнінде жырау өз пікірін ашық айтқан.
«Ханның жақсы болмағы,
Қарашаның елдігі.
Қарашы, халқы сыйласа,
Алтыннан соққан белдігі» —
дейді.
Хан, би, сұлтандар өздерін халықтың үстінен қараушы, ел тағдырын шешушіміз деп, қаншама көкірегін көтерсе де, өздерін басқалардан жоғары санаса да, күш халықта екендігін Бұқар дұрыс ұғынып, ел билеушілерге басалқалық айтады.
Бұл жерде де ол өзінің таптық көзқарасына берік. Сөз мазмұны хандардың пайдасына арналады, яғни, халықты қайткен күнде де өздеріне қаратып, өз дегендерін істеу мәселесін сөз етеді. Әйтседе, әлеумет өміріндегі талай тартыс, талай ситуацияны өз көзімен көріп, өз басынан кешірген қарт жырау, бұл жерде де бір шындықтың бетін ашады: ол күш халықта – деген пікір. «Бәріне айтта бірін айт, халық өозғалса, тұра алмайды хан тағында» деген сөздің негізнде тарихи шындық жатқандығын аңғартады.
Бұқар жыраудың шығу тегі де, өмірге көзқарасы да сол кездегі үстемдік етуші феодалдық таптың тілегімен ұштасып жатады дедік. Бірақ, бұл да жалаң нәрсе емес. Бір шығарманың өзінен де қайшылықтардың ұшқынын көруге болады. «Керей, қайда барасың» деген өлеңін алсақ, оны аңғару қиын емес.
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?!
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп…
Ақмырзаңды өлтірдім.
Ақ сойылмен төбелеп.
Мен арғын деген арыспын,
Аузы кере қарыспын.
Сен бұзау терісі – шөніксін,
Мен өгіз терісі – талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы талыспын.
Абылай алдында сен бітпесе,
Атасын білмес алыспын…
Ауызыңнан ас кетер,
Қар көзден жас кетер,
Бұл қылығың қоймасаң,
Сонау кеудедегі
Дулығадан бас кетер…
Бұл жөнінде Бұқар кісіні өлтіріп, қаралы болып, теңдік алуға күші келмей, қаша көшкен аз руға әрі ру атынан сөйлеп,, бай ру көп рудың өкілі ретінде тізе көрсетіп, әрі хан қасындағы қарашы, ханға сөзі өтетін, дегенін істейтін адам болып сөйлейді. Абылайдың өзінің белгілі ғана емес және беделі етіп ұстайды; Керей ырқына көнсе көнді, көнбесе, күшпен де тоқтатуға құдіреті келетіндігін білдіреді. Сөйтіп, бұл өлеңінде жырау ру басы, ел тізгіні өз қолындағы үстем таптың өккілі, соның ұраншысы болып көрінеді.
Бірақ, оның бұл сөзінің объективтік түрде, сол жағдаймен байланысты алғанда, ел үшін керекті жағы да болады.
Өйткені, қалмақтың қазақ елін жаулап жаулап алмақ болып кезеніп тұрған кезінде, қазақтың тәуелсіздігін сақтау үшін бірлік ең керекті, ең негізгі мәселенің бірі болатын. Сондықтан, өз іштеріндегі ру тартысының нәтижесінде Керейдің бөліне көшуі – жалпы ел қорғау тілегіне қайшы келетін, бірлікті, қалмаққа қарсы құрылған күшті әлсірететін еді. Міне, осы жағынан алып қарағанда сол дәуірдің тілегіне сәйкес, бірлікке шақырушылық мәні болды.
Елдің бірлігін жырлау Бұқар өлеңдерінде негізгі мәселенің бірі. Бұл, әсіресе, «Бірінші тілек тілеңіз» деген өлеңінде көп жырланады. Мұның тарихи негізінде осы еңбектің кіріспесінде айтылған, 1723-1755 жылдардың ішіндегі қалмақтардың қазақ еліне жасаған қанды жорықтары болды. Көп соғыстардың нәтжесінде ел басына қиын күндер туды. Елдің ел болып қалу, қалмауы оның бірлігіне тіреледі. Демек, бұл жағдайларда, Бұқар сықылды әрі ойлы, әрі көпті көрген көне жыраудың бірлік мәселесін көтермеуі мүмкін емес еді. Шындығында да сол елдің бірлігі мәселесіне үлкен мән берді.
Бірінші тілек тілеңіз,
Пиғылы жаман залымның,
Тіліне еріп азбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Ардақтаған аяулың
Өзіңнен басқа бір жанға,
Тегін олжа болмасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан мол келіп,
Сонан да сасып тұрмасқа.
Төртінші тілек тілеңіз,
Омыртқасы үзіліп,
Аязды күнде айналған,
Тар құрсағын кеңіткен
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Бұл өлең Бұқар өлеңдерінің ішіндегі идеясы жағынан ең құндыларының бірі. «Бірлік болмай, тірлік жоқ» — қазақ елінің жоңғар қалмақтарына қарсчы күресі кезінде ел бірлігі – ең актуалдық мәселе болды. Сондықтан да жыраудың бұл өлеңі сол кездегі ел көңіліндегі тілек- мүддені қамтыған өлеңдердің қатарында біздің дуәірімізге шейін сақталды. [3,34-36б.].
2-тарау. Бұқар жыраудың шығармашылығының көркемдік сипаты
Бұқар ең алдымен — жырау. Кейде ел жыршыны да жырау деп атайды. Бұл қате. Шындығында жырау – жыршы емес. Жыршы болу үшін ақын болу шарт емес. Ол өз жанынан еш нәрсе шығармай-ақ біреудің шығарғанын жавттап алып та жыршы бола береді.
Жырау — әрі ақын, әрі шеше, өз заманының көрнекті ақыны. Ең алдымен жануарлар ырғағы бар, ұйқысы бар белгілі өлшеуге жататын өз жанынан өлең шығара алатын болуы керек. Екінші, жыраудың сөздері терең мағыналы, сырты сұлу келетін шешендік сөздер тобына жататын, тақпақ болып келуі керек. Сонда ғана ол жыраудың иіндетін атқара алады.
Жыраудың тақырыптары да жай ақыннан бөлек келеді. Жай ақындар әлеуметтік тақырыптармен қатар, сүйіспеншілік, жеке өзіндік мәселелерді де тақырып етіп ала береді. Жыраулар көбіне әлеуметтік мәні бар үлкен нәрселерді тақырып етіп алады да, сол жөнінде өз заманының салтына тілек – мүддесіне сай сүбелі сөз, ұстамды билік, күрделі пікір айтады. Өмірге үңіле қарап, зерттей келе өзінше қорытынды шығарады. Сөйлемдерінің көбі нақыл сөз болып келеді де, бірнеше уақыттан кейін мақал – мәтелге айналып кетеді. Сөйлемдерді құрылысы жағынан билер сөзіне ұқсайды. Сөздері толғау болып, өлеңдерінің әр жолдарының буын саны 7-8 болып келеді. Кей жерлерде ой толқынына қарай асып та кетеді. Бірақ, бұл онша көп кездеспейді және ондай жерлері айтайын деген пікірмен нық байланысты болғандықтан ерсі де болып көрінбейді. Жыр – эпостық жанрдың жай түрі, толғау – дидактикалық поэзия сипатына жатады. Бұл өмір құбылысын жай қалыпта ғана суреттеу емес, өмірдлі бақылай келіп, сол жөнінде айтылған қорытынды пікір.
Бұқар да — осы жыраулар тобынан шыққан ақын. Оның өлеңдері шешендікке толы. Шешендік сөздер қай елде болсын, мазмұнының, терең құрылысының көркем болуын талап етеді. Бұқар сөздері бұл жағынан шек келтірмейді. Бұқар жырау — өткен ғасырлардағы билердің, шешендердің сөздерін шешендікке жататын мақал сөздерінен де жақсы біліп, оларды мейлінше меңгерген. Бұқар сөздерін оғығанда бұл ең алдымен көзге түседі. Мысалы:
Айналасын жер тұтқан,
Шиделі батпас демеңіз –
Айнала ішсе азайып,
Көп суалмас демеңіз –
т.б. осы сықылды нақыл сөздер оның жырларында көп кездеседі. Оның қай сөйлемін алсақ та, мазмұны терең, түрі көркем болып келеді. Әр сөйлемін алсақ та, мазмұны терең, түрі көркем болып келеді. Әр сөйлем шешендікке, билікке, ақыл айтуға лайықталып құрылған. Бұл – жырау сөздерінің негізгі ерекшелігі. Бұқар сөздеріндегі осы ерекшеліктерді кейінгі жыраулар өзіне үлгі етті. «Бұқар сарыны Бұқар үлгісі» болып әдебиет тарихынан орын алды. Бірақ, Бұқар өлеңдерінің ерекшеліктері нақыл сөздерде ғана емес, сонымен қатар, оның ақындық тілі де өз дәуіріне тән, кейінгі ақындардан ерекше. Мысалы:
Сен бұзау терісі – шөншіксің,
Мен өгіз терісі — талыспын –
деген метафоралар, сөз жоқ, Бұқардың өмір сүрген дәуіріне лайықты сөздер. Қазір бұлар архаизм — әйтсе де, тіл тарихын, тіл арқылы өткен өмірді зерттеушілер үшін мәні зор. Бұл сықылды сол өмірдің сәулесі болған жеке атаулармен қатар, Бұқар сөздерінде тамаша көркем эпитет, теңеу, метафора, не шеңдестіру тағы бысқа да образды сөздер көп табылады.
Ақ иық бүркіт төмендер,
Екі қанат талғанда…
Төстен қашқан түлкідей,
Бұлаңдатқан жиырма бес…
Арыстанға ақыруға,
Бөденеде күш бар ма?
Ақ сұңқар құстай түледің,
Алыстан тоят тіледің –
дейді Бұқар.
Осы үзілістерінде көркем образдылардың қайсысы болсын, олқы емес, айтайын деген ойына дәл, шебер түрде қолданылған.
Бұқар жыраудың сүйіп қолданатын бір образы, әсіресе метафораның ұлғайған түрі. Метафораның бұл түрі ірі ақындарда жиі кездеседі. Бір нәрсені бірнеше нәрсеге қабат балау жағынан алсақ та, балайтын нәрсенің өзін суреттеп алып, сонан соң барып, балауы жағынан алсақ та, Бұқардың мына түрі жері күні бүгінге дейін айта қалғандай тамаша суреттеу.
Тоқсан бес деген тор екен,
Қарғиын десең, екі жағы ор екен,
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен –
дейді Бұқар.
Жыраудың осы үзіндідегі суреттейін дегені «Тоқсан бес», оны: «тоға», «жарға», «орға», «көлге», «шөлге», — бес нәрсеге балайды. Бұл ең алдымен бір нәрсені бірнеше нәрсеге балау арқылы жасалған метафораның ұлғайған түрі десек, екіншіден, балайтын нәрсесінің өзін суреттеу арқылы да метафораның ұлғайған түрі болып есептеледі. Ол үшін: жары – жай жар емес, «найза көл»; шөлі – «ел қонбайтын шөл». Сөйтіп, балайтын нәрсенің өзін эпитет арқылы суреттеп, сонан соң барып оны балайды. Бұл үзіндідегі, «тор екен» дененнен бастап түгелдей метафораның ұлғайған түрі. [4,66-68б.].
Жалпы жыраулардың өлең құрылысы тәрізді Бұқар өлеңдері де ылғи толғау. Толғау – заманындағы әлеуметтік ірі мәселелерді қамти айтатын үгіт, дидактикалық өлеңдер. Жыраулар, қоғамдық мәні бар үлкен-үлкен тақырыпты алады да, аз сөзге көп мағына сиғызып, кеңінен шоли айтады, жарқыншақ ой болмайды. Толғауда ой желісі үзілмей пікірі тұтас, бір қазықтың айналасыдаболып шығады. Ой өрісінде шашыраңқылық жоқ, бір түтін кесек, «дауын да, шешуін де» өзі айтқан пікір болып келеді.
Басқа жыраулар сықылды, Бұқар өлеңдері де, негізінен 7-8 буынды өлеңдерден құрылады. Мысалы:
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман
Арғымақпен жебелеп –
деген өлең жеті буыннан құрылған.
Кейде бірнеше жолдары қабатынан 7 буын, кейде 8 буын боп араласып кетеді. Мысалы:
Ашуланба, Абылай,
Көтермін, көнермін,
Көтеріп қазна салармын,
Өтіңменен жарылма,
Өкпеңменен қабынба!
Орыспенен соғысып,
Басына моншақ көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба!
Бұқар өлеңдерінің құрылыстарының көпшілігі – осы екі- ақ түр. Кейбір жолдарының буын сандары жоғарғы мөлшерден асып та кетеді. Мысалы: «Қарғиын десең, екі жағы ор екен». т.б. Бұл жолдағы екі дауыстың қатар келіп, біреуі жойылатындығын және оқылғанда айтылмай түсіп қалаиын дауысты дыбысты еске алғанның өзінде де буын саны сегізден артық. Мұндай, буыны асып кететіндіктен жалғыз Бұқарда ғана емес, барлық жырауларда да бола береді. Мұның себебі – сөздің ойға бағынушылығы. Айтайын деген пікірдің дағдылы ырғаққа сыймай қалушылығынан.
Бұқар өлеңдерінің ұйқасы бір-ақ түрлі. Қай өлеңін алсақ та ерікті ұйқаспен құралады. Мысалы:
Ханға жауап бермесем
Ханның көңілі қайтады.
Хан Абылай, Абылай,
Мұндай суық хабарды
Қайтара жауап сөйлесем, Халқым не деп айтады,
Сұрамасаң не етеді?
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын, тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң.
Бұл өлеңде ұйқас бар, бірақ ұйқас белгілі тәртіппен емес, кейде олай, кейде бұлай, ой толдқуына қарай ұйқаса береді. Ерікті ұйқас жалпы жануарлардың өлеңдеріне және жыр ағымына тән нәрсе.
Бұқар жыраудың прэзиясында ерекше көңіл бөлген тақырыбының бірі — өмір. Көп жасаған қарт жырау адам өмірін буын – буынға бөліп суреттейді. Жасына қарай адамның ой – санасы, көңіл-қошы, жігер қайраты қандай болатындығын айта келіп, жамтық өмірге айрықша тоқтайды.
Атам болған жиырмы бес,
Қызықты күнде қыздырған,
Асуды талқан бұздырған.
Қызды ауылды көргенде,
Бұлаңдатқан жиырма бес,
Төстен қашқан түлкідей,
Сылаңдатқан жиырма бес,
Күлдір – күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес,
Күрек тісін қасқайтып, сұлуды құшқан жиырма бес
Іздесең де табылмас… –
дейді жырау.
Үстірт қарағанда, жастық өмірі есіне түсіп кетп, жай айта салған тәрізді. Шыныа келгенде мұнда үлкен мазмұн, терең ой жатыр. Жастар үшін бұл өлеңнің тәрбиелік мәні күшті, 95-ке келген қарт жырау адам өмірінің ең қызықты шағы, адамның қатарына қосылып, іс істейтін, дегеніне жету үшін еңбек, талап, әрекет жасайтын шағы жастық шақ екенін төтенше көрсетіп өтеді. «Асуды талқан бұздырған» жастық шақ қартайған соң іздесең де таптырмайтындығын айта келіп, жас өмірді дұрыс пайдаоана білу керек дейді.
Бұқар сол жастық өмірге кәрілік өмірді қарсы қояды.
Жетпіс бес жас келгенде,
Шал ауырып пір екен…
Жетпіс бес жасқа келгенде,
Жылуы болмас Қойынның,
Қаруы болмас сойылдың,
Өлмесеңде жойылдың.
Сексен бес деген сыр екен.
Шындап ұрған пір екен…
Сексен бес жасқа келгенде, Екі қара көзді аалар,
Аузыңдағы сөзі алар,
Бетіңдегі нұрды алар.
Бойыңдағы жырды алар
Аузыңдағы тісті алар,
Бетіңдегі түсті алар
Қолыңдағы істі алар.
Өлмегенде нең қалар?
Тоқсан бес деген тор екен.
Дүйім жанның қоры екен.
Қарғиын десең екі жағы ор екен,
Найза бойы жар еке,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен –
дейді. [5,164-166б.].
Сөйтіп, екі өмірді біріне – бірін қарсы қояды да, ең қымбатты өмір, адамның іс істейтін өмірі астық шақ, соны босқа жіберме кәріліктің түрі мынадай, «ел қонбайтын шөл, екі жағы ор, келмейтұғын неме екен» — декп қорытындышығарадлы. Бұл өлеңнің де біздер үшін мәні зор. Жырау жастық өмірге, кәрілік өмірді қарсы қою арқылы кейінгі ұрпақтың жас өмірін бос өткізіп алмай, өзі үшін де, ел үшін де еңбек етуге жарарлық өнер – білім алу жолына жұмсауды үндейді.
Сөздерді көркемдік мақсатта қолдану, яғни мағыналық қызметі аясын кеңейтіп қолдану поэзиясының стильдік – тілдік бір ерекшелігі. Тілдегі сөздердің осы тұрғыдан көрінген қатары шын мәніндегі поэзиялық лексика қатары. Мұнда сөздер өзінің жаңа мағынасымен, жаңа қызметімен, яғни поэтикалық реңк – бояуымен көрінеді. Белгілі бір жырау – ақын шығармаларында осы топтағы сөздердің көріну дәрежесі – сол жырау – ақынның поэтикалық тілді жасауға қатысты қандай дәрежеде екенін көрсетпек.
Әрине, белгілі бір тәсілдер «х» деген жырау – ақыннан бұрынғы поэзияда да болуы толық мүмкін нәрсе, бірақ осы бұрын барды қолдануда, қолдану ретінде «х» деген жырауға тән өзгешелік болуы тағы да мүмкін нәрсе. Сонымен бірге бұрын бар форманы жиі не сирек пайдалану «х» деген жырау – ақын өлеңдерінің өзіне дейінгімен (осы жағынан) Байланысының да қай дәрежелігін көрсетпек. Айталық, — ған жұрнақты есімшелі анықтауыш жасау халық поэзиясында кең әрі жиі қолданылатын тәсіл. Міне, халық поэзиясындағы осы тәсіл Бұқар өлеңдерінде – ған формалы есімше сындық – анықтауыштық қызметте көп жұмсалады. Айталық, Бұқарда: ардақтаған (аяулың), балықтан шыққан (бір қарақ), желкілдеген (ту келіп), жер қайысқан (қол келіп), қашып жүрген (күң еді), басына моншақ көтерген (жұртыңа жаулық сағынба) т.б. түрінде өлең жолы араларында келуімен қатар:
Он ай сені көтерген
Омыртқасы үзілген
Аязды түнде айналған
Бұлтты күнде толғанған
Тар құрсағын кеңейткен
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа, —
түріндегі суреттемелері анықтауыштардың желілі тізбекті түрлері де кездеседі. Бұл қолданыс тәсіл Бұқарды халық поэзиясымен барынша табыстырады.
Ал бұқар бұлармен қатар тақымы кеппес (ұры), ата білмес(ұл) түріндегі анықтауыштарды сирек те болса қолданады. Бұлайша – с жұрнақты есімшелі анықтауыш жасау Бұқарға дейінгі поэзияда да негізгі тәсіл емес еді.
Міне, Бұқардың көркемдегіш мақсатта қолданған сөздерінде де осы тұрғыдан қарау керек болады.
Бұқар өлеңдерінде эпитеттің тұрақты түрі аз: боз бие, құба жон, қу тақыр сияқты санаулы ғана тіркестер бар. Тегінде бұған, біріншіден, Бұқардың тақырып таңдауы себепші болса керек. Өйткені әлеуметтік – саяси тақырыптағы жырлар тілінде эпитеттің бұл түрлері көрінуіне ұйытқы лексикалар аз болады, әрі ондай сөздерді эпитет тіркесте беру жыраудың негізгі мақсаты емес. Екіншіден, эпитеттің өзге түрін пайдалануға бой ұру бұған кедергі болуы керек. Айталық, инверсияланған ерекше тіркесті эпитеттер молырақ кездеседі; (1) еңсесі биік, құрсағы құшақ, құрсағы жуан, аузы кере қарыс, иісі жұпар, жері тар, наны қатты, балығы тәтті, өзі сары, көзі көк, (2) бармағы қыналы, омыраулы жұпарлы, еркегі жау жанды, (3) исі жұпар аңқыған, даусы қудай қаңқыған, т.б.
Бұқар өлеңдеріндегі балама сөздер өзінің табиғаты жағынан ерекше. Бұл — Бұқар стиліндегі жыраудың жеткен жері. Тіпті ол Абылайды қара су бетіндегі сеңге, алтын тонның жеңіне балайды. «Үш жүздің баласының атының басын бір кезеңге теңеген» Абылайына Бұқардың бар тапқан жақсысы, қасиеттісі, құдіреттісі — алтын тонның жеңі, қара судың сеңі. Әрине дүниедей кең едің деген теңеулі метафорада жырау өзгеше сөз кестесін тапқан. Бірақ қалай дегенде де Бұқар сол кездегі поэзияға ортақ дәстүрден бөлекше жаңа балама жасамайды, сол деңгейде қалады.
Бұқар өлеңдеріндегі теңеу сөздер де әрі көлем жағынан, әрі түр жағынан барынша шағын. Бұқарда өзге теңеу жоқ дегенді оның міні ретінде айта алмаймыз. Ол өзге теңеу өзге дәуірдің поэзиясының жемісі. Бірақ жалғыз ғана ескертпе: Бұқар поэзиясының тілінің лексикасындағы араб – парсы әсері оның көркемдік сөз жасауында байқала бермейді. Мысалы, «Мұхаббат намеде» кездесетін арыслан йурәклік хан уруқы, кічік йашдан улуқларының улуқы түріндегі теңеу, эпитеттерде Бұқарда жоқ. Мұның өзі Бұқардағы араб – парсы сөздері әдеби үлгідегі шығармалары арқылы емес, тар діни аядағы шығармалар арқылы келді деген ойға еріксіз итермелейді. [6,341-344б.].
Демек, Бұқар тілінде сол дәуірдегі жазба поэзия тілінің әсері болмаған.
Қорытынды
Бұқар жыраудың дүниеге көзқарасы негізінде ескілікті аңсаған, феодалдық көзқарас дедік. Көпшілік өлеңдерінің идеялық – мазмұны да, ол мазмұнды оқушыларға жеткізу үшін қолдаңған тілі, сөз образдары да осыны дәлелдейді.
Әйтсе де ол, әдебиетіміздің тарихынан орын алып келеді, Өйткені, ол қазақ әдебиетінің тарихында шығармалары өз атымен сақталған бірінші ақын. Сонымен қатар, өмір құбылысындағы кейбір мәселелерге ой көзімен қарап, кезінде көпшіліктің керек еткен тақырыбын жыр етті: ел шетіне жау келіп, ел басына қауіп туған күнде жұртшылықты бірлікке шақырып, сөзі арқылы жауға қарсы ел күшін ұйыдастыруға үгітші болуы, көршілес отырған елдермен, әсіресе, ұлы орыс халқымен тату болуды үндеуі, халықтың зор күш екендігін ұғынды, жас өміріңді босқа өткізіп алмай, өмірден өз керегіңді ала біл деу тәрізді тәрбиелік мәні бар жақсы пікірлер ұсынды. Оның әдебиет тарихына енгізілуі, шығармаларын сын көзімен қарап зерттеуді керек етеді.
Қазақ әдебиетінің даму жолдарын зерттегенде, әдеби стиль, метод, жанр, поэтик тіл мәселелеріне тоқталмай өтуге болмайды. Көркем әдебиеттің өзіне тән ерекшеліктерді сөз етпей, әдебиеттің тек мазмұнына ғана тоқталсақ, жалаң социологияға барып тірелетіндігіміз сөзсіз. Демократтық бағытта әдебиетіміздің өзіне тән ерекшеліктерін көрсету үшін де, оған қарсы әдебиеттің өзіне тән стиль, жанр, методтар қандай, салыстыра отырып зерттеуіміз қажет. Міне, осы жағдайларды еске алғанда, Бұқарды қазақ әдебиет тарихына енгізу де зерттеу де заңды. Бұқар толғауларында тәлім-тәрбиелік мәселелердің келесі бір сөз болатын жағы көбінесе философиялық пайымдаулармен таласып жатыр. Ғұламаның айтуынша, дүние кезек, мұнда бір мәңгілік байлық та, зорлық та, көптік те, жалғыздық та жоқ, сондықтан кезекті дүниенің сипатына орай өмір сүр. Қандай керемет болсаң да жеке жүрме, адамның күні адаммен дегендей, ылғи халықпен жүр, ия жұртпен қосыла қоғамға қажетті игіліктерді өндір, жазбадан табиғатынан белсенді тұлға, әлеуметтік қайраткер болуы да байқаусыз, бұл мынау психология мен педагогиканың негізгі қағидаларының бірі.
Адамды адам ететін ортақ тәлім – тәрбиесі, әке – шешесі, ата – бабасының үлгі-өнегесі. Осылай деп келеді де Бұқар жырау адамдардың жеке ерекшеліктерінің болатындығын қазақтың бір биеден ала да туады, құла да туады деген қағидасына орай түсіндіруге тырысқан. Бұл жерде ол «адамзаттың баласы, атадан алтау тумас па, атадан алтау туғанмен ішінде оның біреуі арыстаны болмас па, арыстанның барында жоғы болса мінісіп, торқасы болса киісіп, торламасы қақ шалып, толғап дәурен сүрмеске» дейді. Біздің қазақтың ауыл түгіл, қалада да 5-6-10-ға жуық баласы болатындығы. Бір кезде біздің қарапайым қазақтың осы Қазақстан жерінден болса керек он баласы болған.
Сөйтіп Асан қайғыдан бастаған, осы Бұқарға келіп тірелетін жыраулар педагогикасы бұл халқымыздың дүниетанымының философиялық, психологиялық көзқарастарының ең бір дәмді де, маңызды да бөлімі дер едік. Біздің топшылауымызша, осы дәуірде өмір сүрген дала жырауларының, қазақ философтарының шығармалары да ертедегі гректердің әлемі сияқты ұрпақтан ұрпаққа ауызша етіп отырады. Адам тіршілігінің моральдық, этикалық, имандылық ерекшеліктеріне көңіл аударып, оларға шама-шарқынша талдау жасап, бұларды жеке кітап жазып, жеке диссертация қорғауға ұсынуға болар еді.
Дала даналарының қоғамдық ой – пікіріндегі ұлттық, қазақтық қасиеттердің баса көрсетілуі, ол негізгі бір проблемалар болып табылады. Қазақ Ақтанберді, мен Бұқар жырауды да, көш басы Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Жүгінеки идеясы арман қарай дамығандығын байқаймыз.
Осы мектептерден бастау алатын, бүкіл шығыс әлеміне тән дәстүр. Этикалық, имандылық проблемалар әсіресе халықтық көшпенділік психологияға қатысты мәселелерге бой ұру байқалады. Сол кездегі қазаққа тән рухани мұралардыңда ққоғамдық тәжірибенің талабына, оның әлеуметтік, экономикалық қатынастарына, халықтың асыл арманына туындағанын байқаймыз. Өмірден көрген жақсылығы мен жамандығы, ащылы – тұщылы тәжірибесін қорытқан әр түрлі түйіні мол, бүкіл қазақ жастарының қамын ойлаған, дана жыраулар, ел ағаларының, ел басшыларының қадір қасиеттерімен қоса, кейбіреулердің екіжүзділіктерін әшкерлеген, елдің тыныш бейбіт өмірін аңсаған. Қазақ жырауларының соның ішінде Асан қайғы мен Бұқар жыраудың толғаныстары мен тебіреністерінде, замана жайындағы әр алуан мәселелер, қазіргі күнде де өзінің мәнін жоймақ түгіл, қайта ерекше маңыздылығын көрсетіп отыр.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Әлсатов Т. М. Қазақ хандығы тұсындағы тәлімдік ойлардың дамуы. – Алматы: Ғылым, 1999. /103, 120-122, 131-133 б.б./
- Жұмалиев Қ. Ж. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы,
- /261- 272 б.б./
- Қазақстан Республикасы мәдениет қоры. – Алматы: «Мұраттас» ғылыми –
зерттеу және баспа орталығы, 1992. /34-36 б.б./
- Қазыбайұлы С. Хү – ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. – Ақтөбе: «А —
Полиграфия» ЖШС, 2004. /66-68 б.б./
- Өмірәлиев Қ. ХҮ – ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы.
Ғылым, 1976. /164-166 б.б./
- Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Кітап, 1997. /341-344
б.б./
7.Қоңыратбаев Ә.Қазақ әдебиеті тарихы.-Алматы: «Санат»,1994,/40-54б.б./
8.Мамырұлы К. Қазақ тарихы.- Алматы: Ғылым, 1995.
9.Жұмалиев Қ. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті.-Алматы:1967,/32-51/
10.Қазақ әдебиетінің тарихы.ІІІ-том.-Алматы: «Ғылым»,2000,/386-418/
11.Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. «Ана тілі»,1992,/93-111/
12.Сүйіншіәлиев Х. VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті.-Алматы: «Мектеп»,1989,/217-237/
13.Мағауин М.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-Алматы: «Ана тілі»,1992.
14.Бұқар жырау.Ай,Абылай,Абылай! –Алматы: «Жалын»,1993.