Бухгалтерлік есептің мақсаты

0

Жоспар:

  1. Кіріспе

Бухгалтерлік есептің мақсаты …………………………………………………. 3-4

  1. Негізгі бөлім

2.1. Бух.есеп мәліметтерін пайдаланушылар…………………………… 5-7

2.2. Бух.ақпаратты пайдаланушыларды жіктеу……………………….. 8-12

2.3. Қаржылық және басқару есебі  ………………………………………… 13-14

2.4. АҚШ-тағы бух.есеп мәліметтерін пайдаланушылар……………15-17

2.5. АҚШ пен Қазақстандық «Қаржылық қорытынды даярлау мен

тапсыру жөніндегі концептуалды негіздің» өзіндік

ерекшеліктері …………………………………………………………………. 18-19

  1. Қорытынды
  2. Пайдаланылған әдебиеттер
  3. Бухгалтерлік есептің мақсаты

Бухгалтерлік есеп – ұйымдар қызметін тиісті ақпараттар және мәліметтермен қамтамасыз ететін мәні мен пәні бар жүйені айтамыз.

Бухгалтерлік  есеп өрісіндегі көрсеткіштер  жүйесін қалыптастырып, бұл үрдісті ұйымдастырудың басты мақсаты – сыртқы пайдаланушылар мен кәсіпорын басшыларын арнайы ақпараттармен қамтамасыз ету.

Қазіргі қоғамда бухгалтерлік есептің маңызы зор. Ол тек қана бухгалтерлік  кітапты жүргізуде ғана емес, сонымен қатар барлық қаржылық ақпараттарды талдау, қаржылық есеп беруді өңдеу, бухгалтерлік есеп жүйесін құру, салық салу мәселелерімен бірге жоспарлар мен болжаулардың жасалынуын қамтиды. Шешім қабылдау кәсіпорынның операцияларды  бейнелеуге және бірінші кезекте кәсіпорын басшысына, одан кейін  пайдаланушыларға ақпарат ұсынуға негізделген бухгалтерлік есептің  жүйесін ұйымдастыру сапасы мен деңгейіне тікелей қатысты, себебі, сапалы ақпараттарды неғұрлым үлкен экономикалық пайда алу үшін тиімді пайдалану қажет.

Халықаралық стандартта белгіленген мақсаттар мыналар:

  • Акционерлерді кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметі туралы  толық және жеткілікті ақпаратпен қамтамасыз ету.
  • Кәсіпорын қаржылық-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Заңдарының сақталуын бақылау үшін мемлекеттік органдарға қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету.

Бухгалтерлік  есептің жағдайы, жеке пайдаланушылардың айрықша қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін емес, айтарлықтай көп санды пайдаланушылар мүддесіне жауап беретін, жалпы мақсатты ақпаратты анықтау болып табылады.

Ақпараттар деп – ұйымдардың шаруашылық өміріндегі фактілердің орын алғандығын есепке алуды айтамыз. Кез келген кәсіпорын өз қызметін тиімді түрде дамытып отыру үшін басқа да көздерден қаражат алып отырғысы келетіні рас. Қаржы көздері капитал рыногында болатындығы түсінікті. Міне, осыдан барып ұйымдар әлуетті қаржы салымшы инвесторлар мен  басқа да сыртқы нсиелендірушілер мен құқылы тұлғалардың қаражаттарын іске қосып,түпкі мақсат таза пайда көлемін арттыру үшін бухгалтерлік есеп жүйесіндегі ақпараттарды басқаларға хабарлап отыру қажеттігі туындайды.

Бүгінгі күнгі ақпарат кеше өткен экономикалық өмір  мен фактілердің   жалғасы екендігін білу қажет. Болашаққа бағдарлама жасау үшін «кешегі өткен экономикалық   қатынастарды» бағалауымызға тура келеді. Мысалға, ұйымдардың үздіксіз жұмыс істеу қабілетін бағалап, осы ұйым экономикасына осы жылы инвестиция салу үшін қандай   да болмасын қаржы салымшы инвестор ұйымдардың өткен шақтағы атқарған қызметін зерттейді. Қаржы  келтіруді мақсат тұтқан ұйымның өткен жылдардағы ақпараттарды мұқият зерттелгеннен   соң қаржы салымшы инвестор өзінің осы жылы салған ақшасы қанша көлемде  табыс әкелетіндігін білу керек. Сондықтан қаржы  салушы инвесторлар  қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрған  кәсіпорынның бухгалтерлік балансын, ақша қозғалысы  және капитал қозғалысы, табыстар мен шығындар жөніндегі жасаған бірнеше жылдық ақпараттарын пайдаланып, экономикалық талдау  арқылы шешім қабылдайды.

Ақпараттар жүйесі  түсінікті әрі қарапайым жолдармен аса бір сапалы және жоғары деңгейде орындалғаны жөн. Ақпараттардың мағынасы мен көрсеткіштері логикалық санаға сиятындай болуы қажет. Қалыптасқан ақпараттар жүйесі тиісті тұтынушыларға хабарланған кезде капитал  рыногының және қаржы салымшыларының экономикалық мүмкіндіктерін біліп отыруға болады.

Сонымен, бухгалтерлік есеп жүйесіндегі ақпараттар, біріншіден сыртқы тұлғалардың талабын, екіншіден ұйымдағы бухгалтерлер мен басқарушылардың талабын қанағаттандырады. Яғни, бухгалтерлік есеп ақпараттарын пайдаланушылардың барлығы да есептің мақсатын,мұның өрісіндегі мәліметтер мен бастапқы құжаттарды дұрыс және дер кезінде рәсімдеу бухгалтерлік есепті толығымен аяқтаудың сатылы принциптерін, есеп жүргізудің техникалық әдістерін, шаруашылық операцияларының  мазмұнын білгені жөн.

1.Бухгалтерлік  ақпаратты  пайдаланушылар

Бухгалтерлік есеп шаруашылық-қаржылық қызмет пен шешім қабылдаушы адамдар арасындағы байланыстырушы буын қызметін келешекте пайдалану үшін тіркеп, атқарады. Ол қаржылық-шаруашылық  қызметін ол туралы мәліметтерді қажет уақытқа дейін сақтайды,одан кейін тиімді ақпарат алу үшін оларды өңдейді  және есеп беру арқылы ақпараттарды оларды шешім қабылдау үшін пайдаланушыларға береді. Шаруашылық қызметі туралы мәлімет, бухгалтерлік есеп  жүйесіне кіруді білдіреді, ал шешім қабылдаушы тұлғалар үшін пайдалы ақпарат одан шығу жолы болып табылады. Сондықтан бухгалтерлік есеп ақпараттары біз ойлағаннан гөрі  айтарлықтай кең көлемде пайдаланылады. Пайдаланушылар әртүрлі адамдар санаты болуы мүмкін, мысалы, инвестицияны жүзеге асыратын немесе несие беретіндер, бірлескен экономикалық әрекет иелері болуы мүмкін. Маңызды басқару шешімін қабылдарда бұл адамдар субъектінің қаржылық және басқа да есеп берулеріне  сүйенеді.

Бухгалтерлік есеп ақпараттарын пайдаланушылардың мақсаты мен            мүддесін  сипатталық. Олар:

  1. Меншік иелері өз қаражаттарын салып,өздерінің меншігіндегі ұйымды немесе шаруашылық ұйымның меншікті капиталын қалыптастыра отырып, мұның нәтижесінде дивиденд  алуды мақсат тұтады.
  2. Ұйым әкімшілігі немесе басқарушылар бухгалтерлік есеп негізіндегі ақпараттар жүйесін пайдалана отырып,экономикалық жағынан шешім қабылдап,ол  үшін  тиісті еңбекақымен қатар,сыйақы алуды мақсат тұтады.
  3. Ұйымда қызмет ететін жұмысшылар  мен қызметкерлер еңбек объектілеріндегі  жұмыстарды атқарып,еңбектің сапасы мен санына және атқарылатын қызметтердің жауаптылығына,сондай-ақ кәсіпкерлік  қызметтердің категорияларына қарай еңбекақы алып,өздерінің материалдық жағдайларын жақсартуды мақсат тұтады.
  4. Қоюшылар мен сатып алушылар, басқадай клиенттер материалды құндылықтар мен ресурстарды осы ұйымға жөнелтіп,сату мен сатып алу жөніндегі экономикалық қатынастарды арнайы жасалған келісім-шарт және екіжақты қойылған бағаға сай орындап отырады.
  5. Несие мен қарыз беруші жақтар ұйымның капитал көздерін қалыптастыру мен айналым    қаражаттарымен қамтамасыз ету мақсатында  несиелендіріп,бұл үшін пайыздық төлемдер алып,ұйымның қалыпты жұмыстар атқарып,экономикалық  жағдайының жақсаруына қаржылай қызмет көрсетеді.
  6. Отандық экономиканың тұрақтануы мен әлеуметтік салаларды қаржыландыру мақсатында салық және түсетін жарналар жинайтын органдарды ақпараттармен қамтамасыз ету және салық заңдылығын  орындау үшін қажетті ақпараттар жүйесі дайындалады.

Бухгалтерлік есепті дамыған рынокта «бизнес тілі» деп атайды. Себебі бухгалтерлік есеп тіліндегі ақпараттар пайдаланушыларына жеткізіліп, оларды керекті ақпараттармен пайдаланушылардың белгілі шеңберде мүдделері болады. Өйткені пайдаланушылар жеткілікті түрде тұрақты  болғанымен, олардың ақпаратқа  деген талаптары  әр түрлі. Әр түрлі болуының  себебі олардың мүдделерінің сипаттарына байланысты болады. Мысалы, біреуге өздерінің  салған салымдарынан  түсетін  табыс болса, екінші біреуге  алынған табысқа салынатын салық мөлшері,үшінші біреулерге төленетін еңбекақы  т.б осы тәріздес ақпараттар  болып келеді. Әр түрліліктің мазмұнына, сонымен бірге пайдаланушылардың құрамы  да әсер етеді.

Қарыз берушілер-тиесілі кредит пен процент бола ма, ол уақтылы төлене ме деп білгісі келеді. Жабдықтаушылар мен басқа да кредиторлар-тиесілі сома бола ма, төлене ме деп анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратпен қызығады. Сатып алушылар-оларға субъектінің үздіксіз қызметі туралы, әсіресе, олардың осы субъектіге ұзақ мерзім келісімдер туралы ақпарат қажет.Қызметкерлер-субъект қызметінің тұрақтылығы мен тиімділігі  туралы ақпаратқа, сонымен қатар субъектінің еңбекақымен және басқа да жеңілдік, зейнетақымен, жалдау жөнінде бұдан былайғы жұмыстарын қамтамасыз ету қабылдаған бағалау мүмкіндік беретін ақпаратқа мүдделік танытады. Көпшілік,субъект жергілікті экономикаға көптеген тәсілдер мен елеулі үлес қосады,бұған халықтың  еңбек қамтылуы мен жергілікті жабдықтаушылар да қолдауы  да тиісті. Қаржылық есеп беру көпшілікті субъектінің игілігін молайтуда жеткен жетістіктері мен даму бағыттары туралы ақпарат қамтамасыз етіп,көмектесе алады. Ресурстарды бөлу жайлы ақпарат алуға мүдделі мемлекеттік органдар,сонымен қатар оларға субъектінің іс-әрекетін реттеу,салық салу саясатын белгілеу үшін және ұлттық табыс пен басқадай статистикалық мәліметтерді анықтауға негіз есебіндегі ақпарат қажет.

  1. Бухгалтерлік ақпаратты-мәліметтерді пайдаланушылардың жіктелінуі

Бухгалтерлік есеп-белгілі бір субъект жөніндегі қаржылық ақпаратты беру,өлшеу,өңдеуді жүзеге асыратын жүйе болып табылады. Бұл ақпарат пайдаланушыға фирманың шаруашылық қызметін жүзеге асыруда шектеулі ресурстарды тиімді пайдаланудың балама жолдарын  таңдауда негізгі шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын ақпараттарын пайдаланушылар маңызды басқарушылық шешім қабылдау барысында кәсіпорынның қаржылық есебіне сүйенеді. Негізінен кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылық-ақпарат мәліметтерін пайдаланушылар 2-ге :

  • Ішкі – осы кәсіпорында қызмет атқаратын тұлғалар. Ішкі пайдаланушылар – ол фирмалардың әкімшілік органдары,олардың менеджерлері,фирманың жеке тұлғалар құрамы.Бұлардың әрқайсысының ақпараттары орындайтын функциялары мен атқаратын мамандықтарына байланысты анықталып отырады.
  • Сыртқы — кәсіпорында қызмет атқармайтын,бірақ оның қаржылық жағдайына қызығушылығы бар заңды немесе жеке тұлға.Сыртқы пайдаланушылар мүддесін қанағаттандыру мақсатында «Қаржылық қорытынды есеп даярлау мен тапсырудың концептуалды негізіне» сай қаржылық қорытындының негізін құраушы ережелерімен анықталады.

Сонымен қатар қаржылық-ақпараттық мәліметтерді төмендегідей 3 категорияға бөлеміз:

  1. Басқарушылар – ұйымның алдына қойған мақсатына жетуіне және оның қызметіне толық жауапты адамдар. Оларға: кәсіпорынның иесі,кәсіпорынның басшысы, директор кеңесінің мүшелері, менеджерлер,бөлім басшылары жатады. Басқарушылар – олар кәсіпорын қызметін басқаруда және кәсіпорын алдында тұрған мақсаттарға жетуіне  толық жауап беретін адамдар. Кәсіпорынның  алдына қоятын мақсаттары жеткілікті,бірақ оның жетістіктерге жетуіне және қатаң бәсекелестік жағдайында  төтеп беру қажеттігі әкімшіліктің негізгі екі мақсатқа: яғни, пайдалылық пен өтімділікті нығайтуға барлық күшін жұмылдыруын талап етеді.

Тиімді жұмыс жасайтын менеджерлер бухгалтерлік есеп мәліметтеріне және олардың талдауын негізге ала отырып шешімдер қабылдайды. Сондықтан әкімшілік бухгалтерлік ақпаратты басты пайдаланушылардың бірі болып табылады. Менеджер бухгалтерлер алдына келесі сұрақтарды қояды: соңғы тоқсанда кәсіпорынның  таза пайдасының көлемі қандай; пайда нормасы иелерінің күткеніне лайық па; кәсіпорынның ақша  қаражаттары жеткілікті ме. Сонымен қатар оларды кәсіпорынның:

  • соңғы есепті жылдағы таза пайданың көлемі,
  • нақты алынған табыс  көлемінің жоспармен сәйкестілігі,
  • өндірген әрбір түрлі өнімнің өзіндік құны,
  • қызметтің қандай түрінен табыс көбірек алынатындығы және т.б жағдайлар қызықтырады.

Директорлар үшін, яғни кәсіпорын әкімшілігі үшін күнделікті кәсіпорынның қаражаттары қалай тартып, оларды қалай пайдаланып жатқаны және салынған қаражаттан қандай нәтиже күтуге болатындығын түсіну үшін қаржылық есеп ақпараттар өте қажет.

  1. Кәсіпорыннан тыс орналасқан, бірақ оның қаржылық жағдайына тікелей қызығушылығы бар тұлғалар. Оларға: қаржы салымшылары, несие беруші, қазіргі және болуы ықтимал инвестор, қазіргі және болуы ықтимал кредиторлар, жабдықтаушылар жатады. Олар өздерінің салған салымдары мен сатқан тауарлар, көрсетілген қызметтер, берген несиелерінің уақтылы қайтарылатындығын білу үшін ұйымның қаржы тұрақтылығы мен төлем қабілетін зерттейді.

Акция ұстаушы инвесторлар салынған күрделі қаржы құнына байланысты әрбір акциялардың   әкелген пайдасын біліп отыруға мүдделі, акцияны сату, ұстай тұру немесе сату жайлы шешім қабылдауға және субъектілердің дивиденд төлеуге қабілетін бағалауға көмектесетін ақпарат керек болады. Ұйымдардың үздіксіз жұмыс істеу қабілетін бағалап, осы  ұйым экономикасына осы жылы инвестиция салу үшін қандай да болмасын қаржы салымшы инвестор ұйымдардың өткен шақтағы атқарған қызметін зерттейді. Қаржы  келтіруді мақсат тұтқан ұйымның өткен жылдардағы ақпараттарды мұқият зерттелгеннен   соң қаржы салымшы инвестор өзінің осы жылы салған ақшасы қанша көлемде  табыс әкелетіндігін білу керек. Сондықтан қаржы  салушы инвесторлар  қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрған  кәсіпорынның бухгалтерлік балансын, ақша қозғалысы  және капитал қозғалысы, табыстар мен шығындар жөніндегі жасаған бірнеше жылдық ақпараттарын пайдаланып,экономикалық талдау  арқылы шешім қабылдайды.

Еңбеккерлер еңбекақы дәрежесінің  көбейіп отыруымен қатар, жұмыссыздықтың  болмауына байланысты ақпараттарды біліп отырғысы келеді.

Несиелендіруші мен қарыз беруші ұйымдардың қаржылық міндеттемесінің орындалуымен бірге, мұндай кәсіпорындардың төлем өтеушілік қабілетін білуге тырысады. Қарыз берушілер – тиесілі кредит пен процент бола ма, ол уақтылы төлене ме деп білгісі келеді. Жабдықтаушылар мен басқа да кредиторлар – тиесілі сома бола ма, төлене ме деп анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратпен қызығады.

  1. Кәсіпорында қызмет атқармайтын, бірақ оның қаржылық жағдайына жанама қызығушылығы бар тұлғалар. Кейінгі уақытта қоғам тұтастай, үкімет қызметкерлері және қоғамдық топ тұлғалары, бухгалтерлік ақпараттарды маңызды пайдаланушылар болып табылады. Оларға: салық органдары, министрлік, сақтандыру компаниялары, реттеуші органдар, статистикалық органдар, сатып алушылар  мен тапсырыс берушілер жатады.

Кәсіпорын қаржылық есептілікті мемлекеттік реттеуші органдарға ұсынады, олар: Ұлттық банк, Мемлекеттік салық инспекциясы, Мемлекеттік салық полициясы, Қаржы Министрлігі.

Кәсіпорынның бюджет және бюджеттен тыс мекемелерге берешек төлемдерін уақтылы төлейтіндігін, қаржылық    ақпараттық мәліметтерінің  дұрыстығын және өз жұмысшы-қызметкерлеріне еңбекақы бойынша уақтылы есеп айырысатындығын  қадағалау осы, яғни кәсіпорынның қаржылық қызметіне жанама мүдделі тұлғалардың жұмысы болып табылады.

Салық есебі салық салу мақсатындағы арнаулы есеп, ол өзіне жүктелген міндеттерді кедергісіз толық көлемде  орындауға мүмкіндік береді және бұл үшін қажетті есептеме жүргізу кезінде онымен қатарлас бухгалтерлік есеп мәліметтері  келтірілген мәліметтерді де пайдаланады. Салық есебі — өзінен принципті түрде өзге идеология негізінде құралады:толық салық сомасын есептеу үшін салық салу базасы кәсіпорынның бухгалтерлік есеп мәліметтері бойынша алған қаржы нәтижелеріне қарамастан айқындалады. Сондықтан салық есебінде қолданылатын терминдер көбінесе бухгалтерлік есептегіден гөрі басқа мағыналық жүктемені көрсетеді. Мысалы, зиян дегеніміз баланстық есеп бойынша шығыстың кірістен асып түсуі  болса, салық есебінде заңда көзделген салық салынбайтын шегерістер сомасының жылдық жиынтық табыстан асып түсуі  болып саналады. Қазақстан Республикасы Салық Заңдарында осындай есепті жүргізуі көзделінген. Салық есебі салық туралы ақпараттар  алу үшін пайдаланылады.

Сонымен қатар, Салық органдары салықтың төленуінің және аударылуының дұрыстығын бақылайды. Әрбір салық бойынша заңға сәйкес салық декларациясын жасау немесе есеп айырысу және өте күрделі қаржылық есеп беруді талап етеді. Салық органдарының мақсаты – мемлекеттік фискалды саясатты іске асыру болып табылады. Мемлекет өзінің салық жөніндегі фискалды саясатын  іске асыру үшін бухгалтерлік есептің  бастапқы құжаттарын, ведомостер мен тіркеу регистрларын және арнайы жарналарды, т.б құжаттарды пайдаланады. Сонымен қатар, салық жөніндегі ақпараттарды салық органдары жинақтап, бюджетке  түскен түсімдер көлемін анықтауды мақсат тұтады. Бухгалтерлік есепке тән барлық ақпараттар жүйесі экономиканы басқару жөніндегі саясатты бағдарлау үшін де қажет.

Мемлекеттік органдарға жататын статистикалық мекемелер қазақстандық ұйымдардың сатқан өнімдері, таза табыс, күрделі қаржы, тауарлар қалдығы, төленген дивидендтер, т.б. мемлекеттік деңгейде қаралатын әлеуметтік мәселелерге байланысты бухгалтерлік есеп өрісіндегі мәліметтерді салалап жинақтайды. Статистикалық есеп өндірістік қызмет пен қоғамдық өмір процесіне болып жатқан құбылыстардың сандық тұрғыдан оның сапасымен байланыстыра отырып есепке алу үшін қолданылады. Ол нақтылы болып жатқан құбылыстар мен процестердің даму заңдылықтарын қарастырады. Статистика осы құбылыстар жөнінен субъектілерді экономикалық басқару жөнінде ақпараттар береді.

Кәсіпорын клиенттері үшін оның қаржылық міндеттемелерінің орындалуы, сонымен қатар клиенттерге оның бірінші талабы бойынша қаражат беру мүмкіндігін білу маңызды. Қаржылық есеп көрсеткіштерінің нашарлауы жағдайында клиенттер басқа мекемелерге ауысып кетуі мүмкін.

  1. Қаржылық және басқарушылық есеп, сондай- ақ ол есептерді пайдаланушылар

Кәсіпорын мен ұйымның қаржылық-ақпараттық мәліметтерін пайдаланушылардың  әртүрлі   топтарының болуы, біртұтас бухгалтерлік есеп жүйесін 2-ге бөледі: Халықаралық бухгалтерлік есеп стандартына сәйкес қаржылық есеп және басқарушылық есеп болып бөлінеді. Басқару есебі басқарушылардың ішкі пайдалануы үшін өлшеніп,өңделіп берілетін есеп ақпараттарының барлық түрін қамтиды. Қаржылық есеп кәсіпорынның басшылықтан тыс, сырттағы қажет етушілер пайдаланатын есептік ақпаратты қамтиды.

Басқару және қаржылық есеп арасындағы айырмашылықтарды  қарастырсақ:

  • негізгі ақпарат пайдаланушыларға
  • есеп жүйесінің түріне
  • таңдау еркіндігінде
  • пайдаланылған өлшемдерге
  • талдаудың негізгі объектісіне
  • есеп берудің тұрақтылығына
  • алынған ақпараттардың сенімділік дережесіне негізделген.

 

Қаржылық есеп жалпы қабылданған стандартқа және қаржылық ақпараттарды беруді жазуды, бағалауды реттеуші бәрінен негізделген. Есептің жалпы есептің принциптеріне қабылданған принципі  бұрын кредиторлар мүддесін қорғау үшін және алынған ақпараттарға сенімділікті қамтамасыз ету, бухгалтердің таңдауын есепті  мерзімнің әдістері мен тәсілдерін соңғы күнімен шектейді.

Басқару есебі тиімді ақпарат беруге тиісті қолданбалы әдістер мен амалдарда ғана шектеледі. Бухгалтер әрбір жекелеген жағдайда алушыға қандай ақпараттардың пайдалы екенін анықтап алып, содан кейін ғана керек әдістер мен амалдарды таңдауы қажет. Қандай жағдайда да анық қорытындыға келу үшін қалыптасқан жағдайда ең нақты болып табылатын әдісті таңдауы керек. Ақпарат ішкі пайдалануға ғана арналғандықтан, бухгалтер шаруашылық өмір фактісін жазуда қандай да бір анықталған нормадан ауытқымауға міндетті емес.

Қаржы есебінің қызметі өтіп жатқан шаруашылық  үдерісі туралы ақпарат беру арқылы орындалады. Ол теңгемен, нақты шаруашылық операциясы жүргізілген нақты тарихи теңгемен өлшенеді. Алайда, бухгалтер нақты «осы» теңгені пайдаланумен шектеліп қана қоймайды, берілген жағдайда жарайтын басқа да кез-келген өлшемдерді қолдана алады. Көбіне басшылық шешімі болжанған «келешек» теңге пайдаланылатын есеп айырысуға негізделеді. Көбіне бұл шешімдер болжалды ақпараттарды талап етеді,ағымдық мәліметтердің перспективалық сүйенуі керек. Өлшемдер түрін таңдаудағы барлық қызметтердің негізіне жататын жалпы шара-басқару есебінде тиімді өлшегіш болып табылады.

Қаржылық есеп кәсіпорынның барлық операцияларын сомалайды. Басқару есебіне әдетте әр түрлі бөлімшелер қызметтерінің немесе олардың қандай да бір қызметінің қандай да бір жақтары енеді. Есеп беру бөлімшелер пайдаланатын  қаражат есебі сияқты барлық бөлімдердің табысы мен шығысының талдауын қамтуы мүмкін.

Есеп беруді жасаудың жиілігі-сыртқы пайдалануға дайындалған  қаржылық есеп беруді тұрақты ұсынылады. Бірдей уақыт аралығында мерзімдік есеп беру қаржылық есептің негізгі принципі. Басқару есебінде есеп беру ай сайын, тоқсан сайын немесе жыл сайын тұрақты дайындалуы мүмкін, күнделікті есеп беру міндетті емес, ең бастысы оны алушыға пайдалы болуы және оған қажет уақытта берілуі.

Сонымен қатар қаржылық есеп беруде қамтылған қаржылық ақпарат тұтынушы пайдалану үшін тұжырымдалған нақты мәліметтерді қамтиды. Бұл ақпарат болып кеткен операцияларды бейнелейді, сол себептен ол объективтік сипатта болып, тексерілуге жатады. Басқару есебі ішкі операцияларды жоспарлауға және бақылауға арналған. Басқару шешімін қабылдау бұл үлкен дәрежеде келешекке бағытталған қызмет. Өткен мерзімдегі операциялар, беталысы анықтау үшін қаншалықты тиімді болса да, әдетте жоспарлауға маңызы жоқ және оларды келешектегі болжалды  жағдайларды субъективті бағаламен өзгерту керек.

Салыстырмалы аймақтар қаржылық есептен басқару есебіне көшуге көмектесуі керек, көп жағдайда оның мәліметтері кәсіпорынның  пайдалылығына әсер етеді және тек дирекцияға арналады. Мұндай ақпараттар жылыстауы (утечка) нарықта жағымсыз сипаттағы бәсекелестікке әкелуі мүмкін. Сөйтіп, қаржылық есеп кәсіпорын операцияның нәтижесін толық және нақты ашу мен түсіндіруге баса назар аударса, ал басқару есебі басқарушыларға өздерінің мақсаттарына жетуге көмектеседі: біріншісі – ашық, екіншісі – жабық сипатта болады.

  1. АҚШ-тағы бухгалтерлік есепті пайдаланушылар

АҚШ-тағы бух.есеп пайдаланушыларды 3 топқа бөлуге болады:

  1. кәсіпорын басшысы
  2. тікелей қызығушылығы бар тұлғалар
  3. жанама қызығушылығы бар тұлғалар

Басқарушылар — кәсіпорынның алдында тұрған мақсаттарына жету үшін  және қызметіне толық жауапты адамдар. Кәсіпорынның  алдына қоятын мақсаттары жеткілікті, бірақ оның жетістіктерге жетуіне және қатаң бәсекелестік жағдайында  төтеп беру қажеттігі әкімшіліктің негізгі екі мақсатқа: яғни, пайдалылық пен өтімділікті нығайтуға барлық күшін жұмылдыруын талап етеді.

Тікелей қызығушылығы бар тұлғалар – олар өздерінің салған салымдары мен сатқан тауарлар, көрсетілген қызметтер, берген несиелерінің    уақтылы қайтарылатындығын білу үшін ұйымның қаржы тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігін зерттейді. Инвесторлар бухгалтерлік есепті қарай отырып, кәсіпорынның болашақтағы мүмкіндіктерін  саралап, ол кәсіпорынға ақша қаражаттарын салу қажет па соны  көреді. Ал несие берушілер кәсіпорынның ақпараттарын пайдалана отырып, олардың пайыз мөлшерлемесін және уақтылы қарыздарын өтей алатындығын  бақылайды.

Жанама қызығушылығы бар тұлғалар – соңғы уақытта жанама қызығушылығы бар тұлғалар ең негізгі пайдаланушылар болып отыр. Қаржылық    ақпараттық мәліметтерінің  дұрыстығын және өз жұмысшы-қызметкерлеріне еңбекақы бойынша уақтылы есеп айырысатындығын  қадағалау осы, яғни кәсіпорынның қаржылық қызметіне жанама мүдделі тұлғалардың жұмысы болып табылады.

Салық органдары  федералды салықтың  дұрыстығын, қала және штат бюджетіне түсетін салықтарды, еңбекақыға салық және әлеуметтік сақтандыру, сатудан түсетін (sales taxes) және акциз  жиындарын (excise  taxes) бақылайды. Әрбір салық бойынша заңға сәйкес салық декларациясын жасау немесе есеп айырысу және өте күрделі қаржылық есеп беруді талап етеді. АҚШ-тың федералдық билік органдарының Ішкі Салық салу туралы Заңы (Internal Revenue Code-IRC) мыңдаған бухгалтерлік ақпаратты өңдеу ережелерінен тұрады.

Бақылаушы органдар көптеген кәсіпорындар бір немесе бірнеше бақылаушы органдарға мемлекет, штат, қала деңгейінде  ақпарат ұсынады. Акциялары көпшілікке сатылатын корпорациялар әрдайым Биржалық операция және бағалы қағаздар комиссиясына ақпарат  ұсынып отыруы керек (Securities and Exchange Commission). Бұл орган АҚШ-тың Конгресінде бірлестіктерді қорғау мақсатында құрылды. Ол орган бағалы қағаздардың шығарылымын,сатылуын және сатып алуын бақылайды. Қор биржасында тіркелген барлық кәсіпорындар өз биржаларына арнайы қаржылық есепті ұсынып отыруы керек.

Экономиканы жоспарлау органдары  30-жылдардан бастап билік органдары экономикалық іс-әрекеттерді  жоспарлау және болжауға қатысу мақсатында  бухгалтерлік есеп кеңінен қолданылуына  себеп болды. АҚШ-тың экономикасына арналып Ұлттық кіріс есептілігінің жүйесі дайындалды, ол ақпараттарды Президенттік кеңес және Федералдық резерв жүйесі қолданады (Federal Reserve System).

Басқа да топтар   Жанама қызығушылығы бар  топтарға инвесторлар мен кредиторларға кеңес берушілерді айтуға болады. Тұтынушылар және сатып алушылар және қоғам толығымен кәсіпорындардың табысымен қаржылық жағдайына қызығушылық білдіреді, себебі ол инфляцияға, қоршаған ортаға және әлеуметтік проблемаларға әсер етеді.

   Америка және Қазақстан мемлекеттерінің  есеп стандарттарының салыстырмалы таблицасы

Салыстырмалы АҚШ-ң есеп стандарты GAAP Қазақстандық бух.есеп стандарты
Пайдаланушылар инвесторлар,акционерлер,қызметкерлер негізінен мемлекет,салық және басқа да қызметтер
Тарихи даму ортасы  компанияның  шынайы объективті іс-әрекеттерін  көрсетеді мемлекеттік бақылаудың жүзеге асуы және максималды салықпен қамтамасыз етілуі
Ақпараттарға қойылатын талаптар нақтылық,тұрақтылық толық еместігі және өзгермелілігі
Есеп  мамандығының дамуы кәсіби бух.ассоциациясының  анықтаушы ролі мемлекеттік бақылау,кәсіби ассоциациялар  негізгі роль атқармайды

 

Бұл стандарттан көріп отырғанымыздай.Қазақстандық стандарт бүгінгі күнге дейін GAAP  (Generally accepted  accounting principles) стандартынан айырмашылығы бар,алайда Қазақстан алдыңғы әлемдік есеп жүйесіне аз да болса  жақындап келеді.

  1. АҚШ-ң және Қазақстандық «Қаржылық қорытынды даярлау мен тапсыру жөніндегі концептуалды негіздің» өзіндік ерекшеліктері 

Қазақстандық сыртқы пайдаланушылар мүддесін қанағаттандыру мақсатында «Қаржылық қорытынды есеп даярлау мен тапсырудың концепталды негізіне» сай қаржылық қорытындының негізін құраушы ережелер анықталды.

Қазақстандық концептуалды негіз қаржылық қорытынды есеп ақпараттарын пайдаланушылар мүддесіне қарай қаржылық қорытынды есептің  мақсатын анықтайды. Есеп концепсиясы – бухгалтерлік есеп жүйесінің негізін салушы принциптер мен ережелерінен туындаған.

Концептуалды негіздің кіріспе тарауында қаржылық қорытындының жалпы мәселелері, оны қолданудың өрісі, қандай мақсатта қолданылатындығы, ақпарат пайдаланушылардың ролі мен мүддесін сипатталған. Онда ақпарат пайдаланушылар, меншік иелері (акционер, инвестор), қарыз берушілер, қоюшылар, сатып алушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар аталынған. Сонымен қатар ұйым басшысының қаржылық қорытынды даярлау мен тапсырудағы жауапкершілік де көрсетілген. Ұйым басшылары мен бухгалтерлік есеп мамандығы қаржылық қорытынды есептегі ақпаратты жақсы пайдалану арқылы жоспарлау мен шешім қабылдау және тексеру процесін атқаратындығы да концепциясы негізінде қаралған. Өз мүддесін қанағаттандыру мақсатында ұйым басшысы қосымша ақпарат құрып, мұның үлгісі мен мазмұнын ашып көрсетуіне де болады. Сонымен қоса, ол ақпарат ұйым басшылары, қаржылық көрсеткішті талдаушылар, салық органдары, делдалдар кеңінен қолдана  алады.

Қаржылық қорытынды есеп жасаудың негізгі мақсаты: қаржылық ақпараттармен ішкі, сыртқы пайдаланушыларды қамтамасыз ету болып табылады. Пайдаланушылардың мақсаты қажетті экономикалық шешім қабылдау мен тығыз байланыста болады. Шешім қабылдаудың бірінші кезекте ең негізгі мақсаты – ұйымның қызмет өрісіндегі экономикалық ресурстардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ осы ұйымға салынған инвестиция,несие және алынған қарыз жөнінде нәтижелі шешімдер қабылдау.

Сондықтан да қаржы қорытындысы ақпарат пайдаланушы жақтар ақша ағынын,оның эквивалентін, өтімділік пен өтеушілікті, ресурстар мен міндеттемелерді, ұйымың жалпы қызметіне тән мәліметтерді ұдайы зерделеп талдауы керек. Қаржы құрылымы, қажет деп табылған қарыз алу және инвестиция келтіру жөнінде мәліметтерді, болашақта түсетін ақша және табыс көлемін анықтау үшін және осы ұйымда үлесі бар қатысушы арасында дивиденттік соманы бөлу үшін өте пайдалы.

Қазақстандық концептуалды негіз ұйымдарды қаржылық қорытынды есеп жасаудың түпкі мақсаты – ақша қозғалысын, табыстар мен шығындарды, инвестициямен несиелерді және меншікті капитал өрісіндегі ақпараттарды қалыптастыру болып табылады.

Ал Американдық есеп концепциясы негізінен инвестициялар мен несиелендірушілерді қаржылық қорытынды есеп ақпараттармен  қамтамасыз етуге арналған. Мұнда салық жүйесіндегі мәселелер қаржылық қорытынды  есеп жүйесіндегі мәселелерге тәуелді болмай жеке шешіліп отырады. АҚШ  қазақстандық есеп реформалауының негізі болуы керек.

GAAP  (Generally accepted  accounting principles) нарықтық экономиканың ерекшеліктерін көрсетеді, жоспарлауға шығындардың аз жұмсалуын талап етеді. Сондықтан Қазақстанның есеп жүйесін әлемдік  ережелерге жақындату үшін әлі де біршама жұмыстар жасау керек. Мұның маңыздылығы қазіргі уақытта республикамыздағы шаруашылықтарды шет елдердің қаржыландыруы көбейіп кетуі, бұл дегеніміз әр түрлі қиыншылықтар тудырып отыр.

Қорытынды

Сонымен, бухгалтерлік есеп жүйесіндегі ақпараттар, біріншіден сыртқы тұлғалардың талабын, екіншіден ұйымдағы бухгалтерлер мен басқарушылардың талабын қанағаттандырады. Яғни, бухгалтерлік есеп ақпараттарын пайдаланушылардың барлығы да есептің мақсатын, мұның өрісіндегі мәліметтер мен бастапқы құжаттарды дұрыс және дер кезінде рәсімдеу бухгалтерлік есепті толығымен аяқтаудың сатылы принциптерін, есеп жүргізудің техникалық әдістерін, шаруашылық операцияларының  мазмұнын білгені жөн.

Бухгалтерлік есептің жағдайы, жеке пайдаланушылардың айрықша қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін емес, айтарлықтай көп санды пайдаланушылар мүддесіне жауап беретін, жалпы мақсатты ақпаратты анықтау болып табылады.

Шаруашылық қызметі туралы мәлімет, бухгалтерлік есеп  жүйесіне кіруді білдіреді, ал шешім қабылдаушы тұлғалар үшін пайдалы ақпарат одан шығу жолы болып табылады. Сондықтан бухгалтерлік есеп ақпараттары өте маңызды болып табылады.

Шешім қабылдау кәсіпорынның операцияларды бейнелеуге және бірінші кезекте кәсіпорын басшысына, одан кейін  пайдаланушыларға ақпарат ұсынуға негізделген бухгалтерлік есептің жүйесін ұйымдастыру сапасы мен деңгейіне тікелей қатысты, себебі, сапалы ақпараттарды неғұрлым үлкен экономикалық пайда алу үшін тиімді пайдалану қажет.

Қазіргі бухгалтерлер шоттарды жүргізумен ғана айналысып қоймайды, сонымен қатар жоспарлау мен шешім қабылдау және жетекшілердің көңілін аудару, бағалау, қызметке қадағалау және аудит сияқты кең көлемдегі қызметтермен айналысады. Ол есеп ақпараттарын пайдаланушының ішкі және сыртқы тұтынушы екеніне қарамастан, барлық қажетін қанағаттандыруға міндетті. Бухгалтерлік ақпарат пайдаланушыға фирманың шаруашылық қызметін жүзеге асыруда шектеулі ресурстарды тиімді пайдаланудың балама жолдарын таңдауда негізгі шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Қорыта келе, кез келген кәсіпорынның бухгалтерлік ақпаратының дұрыс жасалуы кәсіпорынның қаржылық жағдайына  үлкен әсер етеді. Бухгалтерлік ақпаратты дұрыс, әрі нақты жүргізіп отыру, әрине кәсіпорынның бухгалтеріне байланысты. Сондықтан да кәсіпорынның алдыға жылжуы не болмаса тығырыққа тірелуі бірінші кезекте бухгалтердің жүргізіп отырған жұмысына тікелей байланысты. Бухгалтерлік есеп ақпараттары біз ойлағаннан гөрі  айтарлықтай кең көлемде пайдаланылады. Менің ойымша, бухгалтерлік ақпаратты пайдаланушылар, соның ішінде сыртқы пайдаланушылар аса маңызды роль атқарады. Сондықтан кез келген кәсіпорын өз бухгалтерлік мәліметтерін сырқы пайдаланушыларға түсінікті және орынды етіп дайындай білуі қажет. Бұл дегеніміз қаржы салымшыларын тартуға, тұрақты клиенттер табуға және кәсіпорынның алдыға жылжуна үлкен әсерін тигізеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Кеулімжаев К.Қ., Н.А.Құдайбергенов «Бухгалтерлік есеп теориясы және негіздері». Алматы: Экономика, 2004
  2. Әбдіманапов Ә. «Бухгалтерлік және қаржылық есеп принциптері». Алматы: 2006; 59-64-бет, 412-422-бет
  3. Кеулімжаев Қ.К., Әжібаева З.Н., Құдайбергенов Н.А. «Бухгалтерлік есеп принциптері». Алматы, Экономикс, 2003, 8,57-бет
  4. Баймұханова «Бухгалтерлік есеп». Алматы
  5. Нидлс Б., Андерсон Х., Колдуэлл Д «Принципы бухгалтерского учета». Москва, Финансы и Статистика,  1996 ж.
  6. Міржақыпова А. «Банктегі бухгалтерлік есеп». Алматы, Экономика, 2004 жыл
  7. Сейдахметова Ф.С. «Современный бух.учет». Алматы, 2005
  8. Назарова В.Л. «Шаруашылық жүргізуші субъектілердің бухгалтерлік есеп принциптері». Алматы, Экономика, 2005, 43-бет
  9. Абдыманапов А., Раимов С. «Принципы бухгалтерского учета и финансовой отчетности». Алматы, 2005
  10. Кутер.М.И. «Теория бухгалтерского учета». Москва ,Финансы и Статистика, 2002 ж