WorldSkills Kazakhstan – кәсіптік біліктілік сыны

0

Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдау­ла­рында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін барынша дамыту керектігіне мән беріп келеді. Бұл бағытта бірнеше жос­пар мен іс-шара жүзеге асырылуда. Мәселен, 2014 жылдың тамыз айында Қазақстан халықаралық WorldSkills қауымдастығының 70-мүшесі болды. Осы бағытта Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпқор» холдингі» жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін 2015 жыл­дан бастап WorldSkills Қазақ­стан ұлттық чемпионатын ұйым­дастырып келеді. Осыған орай ағымдағы жылдың 4-7 желтоқ­сан аралығында кәсіптік маман­дық­тардың беделін арттыру, жас кадрларды экономиканың өнді­рістік секторына жұмылдыру және кəсіптік-техникалық білім­ді дамытуға бағытталған World­Skills Kazakhstan IV Респуб­ли­калық Ұлттық чемпионаты өткізілуде. Еліміздің әр айма­ғы­нан келген 350-ге жуық үміткерді 30 мамандық бойынша 400-ден аса сарапшы бағалауда. 

«WorldSkills – жұмысшы кәсі­бінің мәртебесін арттырып қана қоймай, кәсібилікті наси­хаттауды мақсат ететін коммер­циялық емес қозғалыс. Бұл жас­тар арасында үлкен беделге ие. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру – министрлік алға қойып отыр­ған басты мақсаттардың бірі. Жас мамандардың кәсіп­тік шеберлігіне қолдау көрсе­туге кәсіпорындардың өкілдері, жұ­мыс беруші компаниялар, сондай-ақ колледж бен ЖОО студенттері және мектеп оқушылары қатысуда. Мен барлығына алғы­сымды айтқым келеді. Жыл са­йын ұлттық чемпио­натқа қаты­су­шылардың саны артып келеді. Біз қазір осы World­Skills бағдарламасын негізге ала отырып барлық колледжде білім беретін бағ­дар­ламаларды өзгертіп, 500 оқу­лықты қазақ, орыс тілдеріне аударып, аталған бағдарлама арқылы студенттерге білім береміз», де­ді Білім және ғылым министрі Ер­лан Сағадиев. 

Төрт күнге созылатын чем­пионат «Кірпіш қалау», «Бояу және әрлеу жұмыс­тары», «Кон­дитерлік шебер­лік», «Элек­троника», «Қонақ үй әкімшісі», «СББ станоктарындағы жонушы», «Веб-дизайн», «Графи­калық дизайн», «Дизель қоз­ғалт­қыш­тарды жөндеу және қыз­мет көрсету», «Желілік және жүйелік әкімші», «Ауыл шаруа­шылығы машиналары мен трак­торларының слесарь-жөндеу­шісі», «Мехатроника», «Электро­монтаж жұмыстары», «Ви­зуал мерчандайзинг және витри­нистика», «Жеңіл көліктерді жөндеу және қызмет көрсету», «Сан­техника мен жылу беру», «Мей­рамхана қызметі», «CAD инженерлік графикасы», «Көлік сыртын жөндеу», «Мобильді робот техника», «Шаштараз», «Сән технологиясы», «Бидай мен бидай өнімдері сапасын анық­тау», «Дәнекерлеуші», «Тақ­та қап­тау», «Құрғақ құрылыс және сылақ», «Аспаз», «Наубай», «Сал­қын­датқыш және желдеткіш құ­рал­дары», «Бизнестің ІТ ше­шімдері» біліктіліктері бойынша өтуде.

Айта кететін тағы бір жайт, был­тыр қазақстандық жас шеберлер WorldSkills-2017 байқауына қа­тысу үшін Абу-Дабиге барған еді. Биыл күзде Қазақстан құ­ра­­масы Будапештте өткен Euro­Skills сайысында 10-орын алды.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»