БАС ҚОЛБАСШЫ | «Айқын» газеті
Ғасырлар бойы отаршылықтың құрбаны болып езіліп жаншылған, әрқилы зұлматты бастан кешкен қазақ халқы азат болды. Қазақтың ұлттық мемлекеті тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды. Егеменді ел болу – ата-бабаларымыздың аңсаған асыл арманы еді. Арман орындалды, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік бізге ешқандай төңкеріс, қантөгіспен жасалған революция емес, заңды сайланған басшылардың шешімі мен келісімі арқылы келді.
Азат ел болған күннен бастап алға қойған мақсат-тәуелсіздігімізді, мемлекетімізді қорғау болды. Яғни, Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштер қажеттілігі айқындала түсті. Ұлттық қауіпсіздікке, оның ішінде әскери қауіпсіздікке Елбасы Н.Назарбаев үлкен мән берді.
1991 жылы қазан айында Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс комитеті» құрылды.
Ал 1992 жылдың наурыз айында Президент әкімшілігі мен Министрлер кеңесі жанында Қорғаныс пен Қарулы Күштерге байланысты көптеген құжаттар дайындап заңды бастамаларға ұйытқы болды.
Кеңес Одағы тарқаған соң достастық елдерінің бірлескен Қарулы Күштері болсын деген пікірлер де айтылып жүрді. Бірақ айналамызда болып жатқан оқиғаларды зерттей отырып, 1992 жылы сәуір айының 8 жұлдызында Елбасы өткізген отырыста «өз әскеріміз құрылсын» деген шешім қабылданды.
Бұл шешім сол жылдың 7 мамырдағы Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен бекітілді. Осы Жарлыққа сай еліміздің аумағындағы барлық әскери құрылым Қазақстан Республикасының юрисдикциясына алынды. Бұл еліміздің Қарулы Күштерінің құрылуының басы болды.
Одан кейін істі жүргізу, Отан тәуелсіздігін сақтау үшін біраз заңдар мен құқықтық құжаттар дайындалды. Ол заңдар: «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Қарулы Күштері», «Жалпы әскери міндет пен әскери қызмет, әскери қызметкерлердің статусы және әлеуметтік қорғау», «Қазақстан шекара әскері және мемлекеттік шекара туралы» деп аталады.
Қарулы Күштердің алдында тұрған сол міндеттер 2000 жылы қабылданған Әскери доктринада жан-жақты талқыланып көрсетілді. Мұндай құжатпен халықтың ашық түрде танысуы тарихта бірінші рет жүйелі түрде өтті. Сол бойынша жұмыстар жүргізілуде ішкі-сыртқы жағдайларға қарай, әскери округтер құрылды. Бұл – елдігіміздің шынайы белгісі еді.
Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік. Оның тамырын тереңге жіберіп мәңгі сақтау – бүгінгі біздің де, келешек ұрпақтың да басты міндеті.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы тыным таппастан, кірпік қақпастан, бел шешіп босаңсымай, жазира ұлы даламызды, тіпті әрбір сай-сала, қайнар бұлақтары мен қатпар тастарына дейін қызғыштай қорғап, бізге жеткізді. Оны қорғауды бізге аманат етті.
Қазақ елінің тағдыр-тарихын, қым-қуыт азабы мен тозағын тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын, сол бір ұлылар рухында одан ары жаңартып, тіпті десеңіз, жалғастырып әкетуге, ер мінез, көзсіз батыр, қазақ намысынан жаралған хас қаһарман ер, яғни Елбасы керек болды. Біз осындай тұлғаны жаңылмай дөп басып, таңдап, тағдырымызды қолына бергеніміз күні кеше сияқты.
1990 жылғы 24 сәуірде әлі де КСРО құрамында болған елімізде алғаш рет президенттік институт енгізіліп, сол күні республика Жоғарғы кеңесі Қазақстанның Тұңғыш Президенті етіп Н.Назарбаевты сайлады. Қазақстан атты алып кеменің тізгінің қолға алған Президент оны су асты жартастары мен дүниені сапырылыстырған дауылға ұрындырмастан дербес айдынына алып шығып, қазақ халқы ғасырлар бойы армандаған Егемендік пен Тәуелсіздік шамшырақтарына қол жеткізді.
Әрине, бұл тіпті де жеңіл болған жоқ. Осы жылдар ішінде беймәлім мемлекет қалпымыздан дүниенің төрт бұрышына жаппай танылуымыз да, шаруашылығымызды қайтадан қаз бастырып, алып елдің еңсесін көтеруіміз де өткенімізді саралап, өн бойымызда ұлы рухымызды сілкіндіруіміз де болды.
Ең бастысы, бұл жылдар халықтың Елбасына деген сенімін нықтады. Бүгінде барша қазақстандықтар ертеңгі күнге деген үмітін осы есіммен байланыстырады.
Қазақстан қоғамының барлық күшін республиканың басына түскен экономикалық және әлеуметтік дағдарысты еңсеру үшін топтастыру мақсатында, елдің күллі халқының сенім мандатын алу, бастаған реформаларды жедел әрі табанды жалғастыру үшін Мемлекет басшысы Қазақстан Президентін жалпы халықтық сайлау өткізу жөнінде адал әрі батыл саяси шешім қабылдады.
1991 жылғы 16 қазанда Мемлекет басшысы Қазақ ССР, Президентін сайлау туралы заңға қол қойды. Нақ осы күзде Қазақстан Магниткасының металлургтері Н.Назарбаевты елдегі тұңғыш жалпы халықтық сайлауда президенттікке кандидат етіп ұсынды.
1991 жылғы 1 желтоқсанда шиеленісті сайлау алдындағы күрес нәтижелері қорытындылағаннан кейін Н.Назарбаев дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 98 пайызынан астамының қолдауын алып, бүкіл халық сайлаған Тұңғыш Президент болды. Бұл – бүкіл халқымыздың көрегендігі еді.
Елбасы болып сайланған Н.Назарбаев сол жылғы 10 желтоқсанда Қазақ мемлекетінің Тұңғыш Президенті мәртебесінде іске кіріскен бетте бірден қолға алғаны халқымыздың атынан «Қазақ ұлтшылдығы» деген жасанды жапсырманы сыпырып алып тастап, оның есесіне халық атаулының арымен абройының қайнар көзі, түп төркіні – ұлттық намысқа тың мағына дарытты. Бостандықтың да, тәуелсіздіктің де алғашқы қадамы осы болатын.
1992 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Осыдан екі жарым ай өткенде (02.03.1993 ж.) Елбасымыз Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы бас ассамблеясының биік мінбесінде тұрып, өзінің туған елін, осынау аса мәртебелі халықаралық ұйымға мүше етіп, бірауыздан енгізді.
Қазақстан осы күннен бастан жер жүзіндегі жүзден астам мемлекет түгел таныған егемен ел болды. Бұл қазақ тарихында бұрып-сонды болып көрмеген орасан зор оқиға, кереметтей келелі метаморфоза еді.
Елбасы өз ісінде өмір ағымын бағдарлай білетін, ойы кең, көзқарасы зерек ұлы тұлға. Өмір болған соң кемшілік те, жетістік те, реніш пен қуаныш та болатыны табиғи заңдылық. Еліміздің қуанышын қолпаштап, ренішін білдірмей жөнге келтіруде Елбасы асқан шебер-ұстаз.
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз қазақ елінде дүниежүзілік – тарихи маңызы бар көптеген іс атқырылды: соның бірі 1991 жылдың 29 тамызында 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат басына от бүркіп, апат қаупін төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигонының мәңгіге тұншықтырылуы еді.
Қенес Одағынан Қазақстанға «мұра» болып жойқын күш – ядролық қару қалған еді. Олардың ішінде 1 400 ядролық оқ дәрісімен СС-18 аталатын 104 ракета, 240 қанатты ядролық ракета қондырылған ТУ-95 40 стратегиялық бомбылаушылары бар болатын. Әлемдік саясаттың тізгінін ұстағысы келетін кейбір мемлекеттер мен саясаткерлер үшін осыншама ядролық әлеуетке ие болу – күндіз естен, түнде түстен шықпайтын арман десе болғандай.
Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1994 жылы АҚШ-тың, Ресейдің, Франция билеушілерімен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға келісті.
Бұл – біз үшін өте қымбат келісім еді. «Өйткені ядролық державалар – АҚШ, Англия, Ресей, Қытай, Франция, Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және бүгінгі шекараларының өзгермейтініне құрметін білдірді». Қазақстанның тәуелсіздігіне, территориялық біртұтастығына қарсы күш қолданбауға міндеттенді. Қазақстанға экономикалық қысым көрсетуге бармайтынын мәлімдеді. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ жерінен әкетілді. Осылайша, адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды.
Ол – Қазақстан.
Тәуелсіздіқтің 27 жылы ішінде Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тікелей әрі көреген басшылығымен мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құрылыстарды реформалау жүзеге асты. Қазақстанның нарықтық ел екенін әлем мойындап отыр.
Елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі – тарихи оқиға. Елбасы әлемдік тәжірибені ой елегінен өткізіп, Қазақстаннын сан ғасырлық тарихы мен тағдырын ескере отырып, оның геосаяси, территориялық, демографиялық ерекшеліктерін назардан тыс қалдырмай, ұзақмерзімді басымдылықтарды анықтады, таяу болашақта алатын межелерді белгіледі. Ал жаңа Астана еліміздің болашағының символына айналғанына ешкім күмәнданбайды. Санаулы жылдар ішінде Сарыарқаның дәл ортасында Батыс пен Шығыс өркениеттерінің мәнді белгілерін бойына жинаған әсем шаһар пайда болды. Есілдің сол жағалауында жаңа әкімшілік орталық бой көтерді.
Сөз жоқ, бұл дерек тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ел басшысы ретіндегі ғажайып қажыр-қайраты мен ел ісіне бел шеше кіріскен, зор жауапкершілігін танытып қана қоймай, сонымен бірге тоталитарлық бұғаудан босанған елдің мемлекеттік басқару жүйесіндегі, әсіресе, Президенттік институт аясындағы іс-қимылдардың қаншалықты сенім мен серпінге толы екенін де айқын аңғартады.
Егемен Қазақстанның өзіндік экономикалық және әлеуметтік саясатын жүргізуге ықпал еткен маңызды және стратегиялық факторлардың бірі, дер кезінде әзірленген ұлттық валюта-теңгенің енгізілуі болды. Ол бұрыңғы кеңестік кеңістікте пайда болған валюталардың ең жақсысы және тұрақтысы деп мойындалды. Тәуелсіз мемлекеттің қажетті нышаны болып табылатын теңге елдің қаржы-ақша жүйесін жұмысшы жағдайға келтіруге, ақша айналымындағы қаражаттың жетіспеушілігі проблемасын шешуге ықпал етті: «Халықаралық валюта қорына мүше болып қабылданды».
Отан тірегі Қарулы Күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы жауапты.
Әскер – әскер үшін емес, халық үшін қызмет етеді. Ал халық сол әскердің қолдаушысы ғана емес, сүйеніші де. Сүйеніші мықтыға ешкім тіс батырып, күш көрсете алмайды.
Біздің әскерімізге негізінен Отанымыздың мемлекеттік шекарасын сұғанақ қолдардан сақтап-қорғау, аумақтың тұтастығын (территориямыздың), елдің егемендігін қорғау жүктелген. Ел қорғау халықтық міндет екенін конституцияның 36-бабында «Казақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп нақтыланған.
Отанымыздың тәуелсіздігін нығайту, егемендіктің сенімді сақшысы болу – «Мен – қазақпын», «Мен – қазақстандықпын» – деген әр азаматтың сана-сезімі мен адалдығына сын. Егер осыны түсіне білсек, еліміздің келешегі жарқын, дүниеге келетін ұрпақ қайғы-мұңсыз өседі, өмір сүреді. Оның бәрі осы күнгі азаматтардың қолында десем, артық айтқандық емес.
Қазақстан айналасындағы шекаралас елдермен татулық – келісімге қол қойылды. Жақында Каспий шекарасының проблемасы шешілді. Тоқетерін айтқанда, еліміздің айналасында қауіпсіздік шеңбері бекітілді.
Тұңғыш Президенттіміз, Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың беделінің, дипломатия шеберлігінің, көрегендігінің арқасында еліміздің қауіпсіздігі, тұтастығы, көрші елдермен бейбітшілік қарым-қатынасы анықталып, заңды түрде бекітілді.
Әскери білім мен әскери кадрлар дайындау мәселесі туралы Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев «Қарулы Күштердің кадр саясатының негізі, оның кезең-кезеңмен кәсібилендіруінде» деп атап көрсеткен еді.
Сол бағдарлы сөзді басшылыққа алып, әскери білім мен әскери кадрларды даярлау мәселелерін шешуді жетілдіруде біраз игі шаралар шешімін тапты.
Қарулы Күштердің әскери академиясы құрылды. Кейіннен бұл академия Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлтық қорғаныс университеті болып өзгерді. Ақтөбе қаласында Талғат Бигелдинов атындағы жоғары әскери ұшқыштар институты өмірге келді.
Кіші мамандар дайындау үшін Кадет корпусы ашылды. Болашақта әскери мамандықты қалайтын жасөспірімдерге де үлкен назар аударылуда. Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында оларға арналған арнайы мектеп-интернаттары, Елордамыз Астанада «Жас Ұлан» мектебі бар. Бұл мектептер келешекте әскери мамандарды даярлаумен қатар, жетім, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға көмек беру мақсатында құрылған.
Әскери доктрина талаптарына сай офицерлік кадрларды дайындауды жетілдірудің бірден-бір бағыты – жаңа әскери оқу орындарын ашу. Радиоэлектроника және байланыс әскери институты пайда болды.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай полиэтникалық құрамнан тұратың елдер «төртеу түгел болса – төбедегі келеді» екен де, «алтау араз болса – ауыздағы кетеді» екен.
Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық келісім мен ынтымақтың тамаша үлгісі орнықты. Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегі арқасында әрбір этностың емін-еркін күн кешуіне, өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін сақтап, дамытуына мүмкіншілік туды. Жүздеген ұлттық – мәдени орталықтар жұмыс істеп, газет-журналдар жарық көруде, тарихи отанымен байланыс нығаюда. Қазақстан халықтарының татулығы мен ынтымағы еліміздің халықаралық абыройын арттырып, оған деген сеніміне қуат беріп отырғаны сөзсіз.
Демократия мен реформаларды шыңдай түсетін жасампаз тарихи сана қалыптасты. Осының бәрінің тұғыры болып табылатын және болашаққа сеніммен қарататын қоғамдық ауызбірлік одан ары күшейе түсуде.
Өткен тәуелсіздік жылдары қазақстандықтар үшін ізденіс пен ұмтылас, сенім мен жарасым жылдары болды. Алдағы өмір жолының бұдан да мазмұнды, бұдан да үйлесімді болатынына халық сенімі мол.
Елбасы Президентіміз – Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаев әскери қызметшілермен кездесулерде, «берілген бағыттан ауытқымай, бес қаруың сай болсын» деген кеңес береді, яғни «Отанды қорғауға әрқашан дайын, жауынгерлік әзірлікте қабілетті бол» деген сөз.
Мемлекет басшысы әртүрлі шешімдерге бейімделе білу керегін және ұлттық мүдделерге зиян келтіруі мүмкін қатерлерді барынша қысқа режимде анықтай білу қажетін атап өтті.
Уақыт әлеуметтік қарым-қатынастарға бейімделуді және оларды қарқынды түрде виртуалдандыруды талап етеді. «Араб көктемі» сияқты және басқа да теріс әсер ететін тренд бүкіл дүниежүзіне тез таралу және санаулы сағатта ахуалды тұрақсыздандыру мүмкіндігіне ие. Мұндайға тек тарих толқынын өзгертуге қабілетті таңдаулы адам ғана төтеп бере алады. Бұл жағдайда Елбасы – Президент Н.Назарбаев көптеген елдің көшбасшылары үшін теңдесі жоқ үлгі болып табылады.
Елбасы – табысты мемлекет басшысының, барлық қасиеті бойынан табылатын дүниежүзілік масштабта танылған Көшбасшы, қазіргі заманның көрнекті саясаткері. Көп жағдайда оның реформалық қызметінің және халықаралық бастамаларының арқасында бүкіл әлем Қазақстанды және өмірге ауқымды және инновациялық көзқарасы бар, өз Отанына деген сүйіспеншілігі зор адам ретінде оның Көшбасшысын біледі және құрметтейді.
Біз үшін Мемлекет басшысы – халықтар бірлігінің, мемлекеттік биліктің және негізі берік конституцияның символы және кепілі.
Бұл күні Қарулы Күштер Елбасы, Тұңғыш Президенттің – Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшының қазіргі заманғы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құрудың алғашқы және кейінгі жылдары қабылдаған шешімдеріне адал болуды және олардың тарихи маңызын жете түсінуде. Бұл – Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының зор үлесі. Ол Қазақстан Республикасының егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі басымдық екенін әрқашан атап өтеді.
Президент жеке басының үлгі – өнегесімен офицерлер мен сарбаздар санасына армияның, жалпы елдің болашағына сенімділікті ұялата білген әскердің патриоттық рухын көтереді.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
Халық Қаһарманы, Армия генералы