Орыс депутаттарын сынаған Төреғалидің үстінен іс қозғалды

0

Әнші Төреғали Төреәлі Instagram-дағы жеке парақшасында Ресей Думасы депутаттарының елімізге қатысты арандатуына қарсы өлеңмен пікір білдірді.

Әнші «Шулатпай шибөріні дұрыс болар, көкжалдай көк желкеден кейде бүрген» дей келе, түлкіні желкесінен бүріп ұстап отырған фотосын да жариялады.

Енші етіп, шұрайлы да күйлі өңірден,
Біз қазаққа жер бердік дейді елірген.
Аштық, зорлық тек қырғын әкелмесе
Орыстан қашан бізге сый бөлінген?

Жымысқы саясатпен алдап-арбап,
Айырған хандарымнан, билерімнен.
Тіс көрсетіп қояды ауық-ауық,
Әрекеті аумаған шибөріңнен.

Шулатпай шибөріні дұрыс болар,
Көкжалдай көк желкеден кейде бүрген.
Жалыққан жоқсыңдар ма көкжалдарым,
(Шакалдардың) алдында именуден?! – деп жазды Т.Төреғали.

Кейін белгілі болғандай Алматы облысының полициясы аталмыш фотоға байланысты тексеруді бастағанын мәлімдеді.

«Қазір Алматы облысының полиция департаменті істің мән-жайын анықтап жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес ықпал ету шаралары міндетті түрде қабылданады. Сонымен қатар құқықтық баға да беріледі», — делінген полиция ақпаратында.