Ұлы дала өркениеті һәм ұлттық тәрбие
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың ұлт тарихын дәріптеп, тарихи жәдігерлерді насихаттауға үндеген «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақалада рухани жаңғыру идеясы жуырда ғана қолға алынған шаруа еместігі тілге тиек етіле келе, бұған дейін де сол жолда қыруар еңбектердің атқарылғаны алға тартылған болатын. «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», т.б. мемлекеттік бағдарламаларды осы бағытта атқарылған іргелі жұмыстардың қатарына жатқызуға болады.
«Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деп атап өткен Елбасы бүгінгі заманда әр азамат өзінің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу қажеттігін қадап айтты. Осы мақалаға өзек болған рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодымызды танысақ, «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбекте бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың бағдары, оларды жүзеге асырудың жолдары нақты көрсетілген.
Ұлы даланың ерекше жеті қырын айқындап берген мақалада Мемлекет басшысы басымдылықты ұлттың тарихына беріп, Ұлы даланы мекендеген ұлттың рухани және материалдық мұраларын дәріптеп, жаңғыртуға үндейді. Себебі тарих дегеніміз – ұлттың жады. Тарихы жадында жатталған ұлт қана ұлт ретінде сақталып қалады, тарихын қастерлеген халық қана өткеннен тағылым алу арқылы болашағына сеніммен қарайды.
Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық сындарлы тарихында тағдырдың талай тəлкегіне түсіп, көптеген оқиғаларды басынан кешіргені баршаға аян.
Алайда сол тығырықты жағдайлардың бәрінен бірліктің арқасында шыға білді. Өйткені халықтың жігерін жаныған нәрсе елдің азаттыққа, тәуелсіздікке, жерді сақтап қалуға деген ұмтылысы болатын. Қаншама алаш зиялылары шыбын жанын шүберекке түйіп, тәуелсіздік үшін күрес жолын жалғастырды. Кешегі кеңестік кезеңде де ғасырларға созылған тарихымызды бұрмалауға бағытталған әрекеттерге тойтарыс беріліп, қазақ жері деген ұғымның сақталып қалу жолында ерен еңбектер атқарылды. Біздің қазіргі тәуелсіздігіміз сол асқақ арман мен ерен еңбектердің нәтижесі деуге болады.
Осы тәуелсіздігімізді сақтап, еліміз бен елдігімізді нығайту – басты мақсат болып қала береді. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойы арманына айналған сонау Алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат болатын. Осы аманатты бүгінгі ұрпақтың көзінің қарашығындай сақтап, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген даналық сөзді ұстаным етіп алып, Отанды қорғау жолында барлық қиындықтарға төзе білуі перзенттік парыз болып табылады. Ізгі ғұламалардың: «Отанды сүю – иманнан» – деген тағылымды сөзі бар. Ұрпақты тәрбиелеу барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының рухани күш екенін сезіне отырып, осы құндылықтар арқылы болашақ ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа баулу маңызды іс.
Жаппай жаһандану үдерісінде сырттан келетін ықпалдардан сақтану үшін осы рухани-мәдени құндылықтарды жаңғыртып, халық пен мемлекеттің тұтастығы үшін ұлттық сананы насихаттаудың орны айрықша. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде заман мен уақыт өзгерсе де салт-дәстүріміз бен құндылықтарымыздың көнермейтіні ақиқат. Демек, мәдени мұрамызды жаңғыртуға, оларды тиімді қолдануға әрдайым күш салуымыз қажет. Елбасының жариялаған «Мәңгілік Ел» идеясының көздегені де осы болатын. Мақсат – төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету.
Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ халқының байырғы заманнан қанына сіңген қылқұйрықты ауыздықтап міну мәдениеті, түркі бабаларымыздың темір кенін игеру өнері, аң стилі, алтыннан аптап, күміспен күптеп киім кию салты жан-жақты баяндалған. Қазақ жерінің тұтас түркінің қара шаңырағы әрі Ұлы Жібек жолының күретамыры болуы – Ұлы даланың басты ерекшелігі деп есептейміз.
«Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екінші тарауында елдің рухани игілігі үшін «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталатын практикалық маңызды жобаларды ұсынған.
Расында, тарихымызға қарасақ, атқа міну мәдениеті мен жылқыны қолға үйрету өнері біздің кең-байтақ даламызда дамып, әлемге тарады. Аттың бабын білген бабаларымыз садақ тарту тәсілін жер жүзіне әйгіледі. Осы арқылы кең-байтақ жерін сақтап, оны біздерге аманат етіп қалдырды.
Исламдағы әділетті әміршілердің бірі Омар Әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер» – деген хадисін жеткізген.
«Иманым – жиғаным», «Тәні саудың – жаны сау» – деген тағылымды тұжырымды ту еткен ата-бабаларымыз саламатты өмір салтын ұстанды. Ислам ғұламаларының: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» – деген сөзінде үлкен мағына жатыр.
Демек, біз өз ұрпағымыздың жан саулығымен қоса тән саулығына да мән беруіміз тиіс. Тәні сау адам құлшылықты өз дәрежесінде орындайды әрі сапалы білім алып, қоғамға пайдасын тигізетін тұлғаға айналады.
Елбасы өз мақаласында қазақ топырағынан шыққан әл-Фараби, Ясауи, Бейбарыс, әз-Тәуке, Абылай хан, Кенесары, Абай сынды ірі тұлғаларымыздың еңбегі мен өмірін насихаттау қажеттігін атап өтті. Шын мәнінде, аталған тұлғалар – халқымыздың еліктеуге тұрарлық мақтаныштары. Өскелең жастарды осынау даналарымызға еліктеп өсіру – маңызды іс. Тегі мен тарихын, дәстүрі мен салтын ұмытпаған ұрпақ сырттан келген теріс діни ағымдардың арбауына ермейді.
Қадау-қадау мәселелер қамтылған Елбасының бұл жобасы алты Алаштың рухын көтеріп, бір серпілтті. Ал ел игілігіне бағытталып отырған жобаның бір уығын көтерісу – барша қазақстандықтардың асыл борышы.
Алла тағала «Һуд» сүресінің 61-аятында:
«…Ол сендерді жерден жаратты (яғни, тәндеріңді топырақтан жаратып, жерден шыққан өсімдіктермен азықтандырды) әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады» – деген. Демек, өз өмірімізді көркейтіп, дініміз бен дәстүрімізді жаңғыртып, қоғамның дамуы мен өркендеуіне үлес қосу – баршамыздың мызғымас міндетіміз. Алла тағала халқымыздың бірлігін бекем етіп, мемлекетімізді өркендеген елдердің қатарына қосқай! Әмин!
Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти