Еліміздің мыңдаған азаматына бөтен мүлік үшін айыппұл салынған – депутат

0
05 Желтоқсан 2018, 13:03 240 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің мыңдаған азаматына мүлік салығын кешіктіріп төлегені үшін айыппұл салынған. Ал бұндай мүлік оларда ешқашан болмаған. Қазақстандықтар осындай салықтары жайлы сот орындаушыларынан біліп отырған.

Депутат еліміздің Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, салық ведомстволарындағы былықтың құрбанына айналған қазақстандықтардың жағдайын жедел түрде шешуді сұрады.

«Қазақстанның мыңдаған азаматына мүлік салығын кешіктіріп төлеуіне байланысты айыппұл салынған. Ал оларда бұл мүлік ешқашан болмаған. Бұған алматылық Бауыржан Сүлейменовтың жағдайын мысалға келтіруге болады. Жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлемеуіне байланысты оның банктегі шотын бұғаттап тастаған. Бірақ, оның автокөлігі болмаған. Кейін айыппұлдың басқа адамға, Шымкент тұрғынына арналғаны анықталды. Жеке сот орындаушының қаулысына оның мәліметтерінің орнына басқа ақпарат енгізілген. Бауыржан Сүлейменовтың ЖСН-і бар қаулы онымен тегі бір 2018 жылы 1 қаңтарда туған азаматтың атына жазылған», — деді Хахазов.

Депутат Астана тұрғыны Әсел Сәменовамен болған жағдайды да мысалға келтірді. Ол өзінде 223 автокөліктің бар екенін анықтаған. Сот оның барлық шоттары мен карталарын бұғаттап, оған өзінде жоқ көліктер үшін салық төлеуді міндеттеген. Ұзақ дау-дамайдан кейін де әйелде қазір 10 автокөлік қалып отыр.

Мәжілісменнің айтуынша, салық заңнамасына сай, салық төлемеген жеке тұлғаға алдын ала ескерту хат жіберіледі, төлемесе, сәйкес бұйрық шығарылуы тиіс.

«Ал тәжірибе жүзінде болса, адамдар салық берешегі бар екенін сот орындаушыларынан біледі. Бұған қоса, азаматтар оларға көрсеткен қызметі үшін берешектің 3-25 пайызына дейін төлеуге тиіс», — деді Шакир Хахазов.

Мәжіліс депутаты салық органдарында әрдайым ұзын-сонар кезек қалыптасатынын да атап өтті.

«Адамдар ол жерде сағаттап тұрады. Ақпараттық жүйеге қомақты қаржы бөлінсе де, халықтың проблемасы шешілмей тұр. Цирфландыру заманында бұндай жағдайға жол бермеу керек», — деді мәжілісмен.

Ол Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа салық базасында қатенің көптігін және салық органдары лауазымды тұлғаларының жауапкеркешілікке тартылмайтынын айтып, осы саладағы мәселелерді шешуді сұрады.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ