Пысықтауыш туралы реферат
Тақырыбы: Пысықтауыш
Пысықтауыш деп сөйлемде іс-әрекеттің жай-күйін, сын-сипатын, мөлшерін, мезгіл-мекенін, себеп-мақсатын білдіретін тұрлаусыз мүшені атаймыз.
Пысықтауыштардың сұраулары: қашан? қайда? (қалай қарай?) қайдан? қалай? қайтіп? не себептен? неліктен? кім үшін? не үшін? не істеуге? не қылуға? не мақсатпен? не арқылы? кім арқылы? ненің арқасында? кімнің арқасында? не сайын? кім сайын? қанша? қанша уақыт? неше рет?
Пысықтауыш болатын сөз таптары
Пысықтауыш болатын сөз таптары:
- Үстеуден болады
- Сын есімнен болады
- Сан есімнен болады
- Көсемшелер сөйлемде қайтіп? қалай? не мақсатпен? деген сұрақтарға жауап берсе, пысықтауыш болады
- Барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктерінде тұрған сөздер мекен, бет алыс-бағыт, сын-қимыл мағыналарын білдіріп, қайда? қайдан? қашан? қалай? деген сұрауларға жауап берсе, пысықтауыш болады
- Мезгілге байланысты зат есімдер тәуелдік жалғау я шылау тіркесу арқылы, кейде оларсыз да, басқа сөздермен бірігіп те пысықтауыш болады.
- барыс септіктегі кейбір сөздерден кейін шейін (дейін), бола, қарай, таман сияқты шылаулардың бірі тіркесіп пысықтауыш болады.
- кейбір шығыс септіктегі сөздердің соңынан соң, кейін, ары, бері, қарай, бұрын сияқты шылаулардың бірі тіркесіп, пысықтауыш болады.
- кейбір көмектес септіктегі сөздердің соңынан бірге, қабат, қатар сияқты шылаулардың бірі тіркесіп, пысықтауыш болады
- кейбір сөздерге арқылы, арқасында, үшін, сайын шылаулары тіркесіп келіп, пысықтауыш жасайды.
Мезгіл пысықтауыштың анықтамасы мен ерекшелігі
Қазақ тіліндегі сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінің бірі – пысықтауыштар өз ішінен мағынасына қарай бірнеше топтарға бөлінеді.
- Мекен пысықтауыш (қайда, қайдан, қалай қарай)
- Мезгіл пысықтауыш (қашан ,қашаннан, қашанға дейін)
- Себеп пысықтауыш (неліктен, не себепті)
- Амал (сын-қимыл) пысықтауыш (қалай, қайтіп)
- Мақсат пысықтауыш (не үшін, қандай мақстапен)
- Сан-мөлшер пысықтауыш (қанша рет, неше рет, нешінші рет, қаншама, қаншалық)
Соның ішінде мезгіл пысықтауышқа берілетін анықтама әр оқулықта әр түрлі. Көбіне бұл анықтамаларды жинақтап берсек, оның негізгі мазмұны мынаған саяды. «Мезгіл пысықтауыш қашан? қашаннан бері? қай кезде? қашанға шейін? т.б. сұрауларға жауап беріп, мезгіл үстеулерінен, мезгіл мәнді сөздерден және тіркестерден негізгі сөз бен кейін, соң, бұрын, шейін, таман, бойы, былай, сайын, әрі, бері, қарай сияқты септеулік шылаулардың тіркесінен болған пысықтауыштың бір түрін мезгіл пысықтауыш деп атаймыз», — дейді.
Сондықтан біз осы күнге дейін қалыптасып, әбден тұжырымдалған қағидалардан басқа грамматикалық заңдылықтар болмайтындай ыңғайда түсінер болсақ, онда тілдің тарихи-диалектикалық дамуын жасанды түрде мойындамаған болар едік. Жоғарыда тұжырымдалған ереже негізінен мезгіл пысықтауыштың мәні, атқаратын қызметі жан-жақты ашуға талпынған.
Мезгіл пысықтауыш қимылдың, яғни белгінің мезгілін білдіреді. Бұл мезгіл қимыл болатын (ертең), болып жатқан (бүгін), болып кеткен (кеше) уақыттарға байланысты болады және қимылдың басталғанын білдіретін (қашаннан бері), созылатын уақыты түрінде (қашанға дейін) көрсетіледі дәл немесе болжалды (ертеңдері, 30-жылдары), қатысты, белгісіз (бір күндері), болымсыз түрінде көрсетіледі. Бұл мағыналық топтарына жеке-жеке тоқталамыз.
Мезгіл пысықтауыштың жасалу жолдары мен тұлғалары
Мезгіл пысықтауыштардың жасалу жолдары мыналар:
- Мезгіл үстеулерден жасалады. Мысалы: Бай Жиреншенің бұрын атын естіп, бір көруге құмар болып жүр екен. (Ш.С.) Мал жазғытұры бір жұма, күзге қарай бір жұма ащылайды екен. (Ш.С.) Ертеде ол қыдырған саудагерлер қазақтан үш түйе алыпты. (Ш.С.)
- Барыс және шығыс, жатыс септіктеріндегі зат есім мен заттанған басқа сөз таптарынан мезгіл пысықтауыш жасалады. Олар қашан? қашанға дейін? қашанға шейін? деген сұрауларға жауап береді. Мысалы: Биылғы жарыста бұл команда белестер биігінен көрінді. Кешегі әңгімеде ол ерекше мінез-құлқымен сезіктендірді. Кеңшілікте еркін отырып сөйлесерміз. Ол кеткеннен оралған жоқ. Кешеден үйде жоқ. Қараңғыда жолды әрең таптық. Көргеннен таныды. Барғасын келді.
- Есімшелер жатыс септікте келіп мезгіл пысықтауыш болады. Мысалы: Кейін ауылға қайтарда тап осындай сөнбейтін шам алып қайтуға серт еттім. Осы ренжумен айна қасынан кете алмай тұрғанда ту сыртымнан бақташының бишігі сарт ете түскендей болды. Келерінде Шегенді ерте кел. Кетерде сен маған ескерт. (Ғ.М.)
- Бірқатар мезгілдік ұғымды білдіретін зат есімдер (кез, уақыт, мезет, шақ, күн т. б.) атау немесе жатыс септік формасында келіп, әрі алдына анықтауыш салып мезгіл пысықтауыш болады. Мысалы: Сол кезде тұра келіп, біраз жер жүгіріп аласың. Бір кезде екі гранатаны құшақтай көтеріп алып, Семен қарғып сыртқа шықты. Мұндай уақыттарда кім өжет қимылдаса сол күшті. (Ғ.М.)
- Атау, барыс, шығыс септіктегі зат есімдер есімшелерден кейін, соң, дейін, бойы, бері, сайын деген көмекші сөздермен бірігіп мезгіл пысықтауыш болады. Мысалы: Күн бойы жол жүріп, шаршап келіп қатты ұйқыдан қатып қалыппын. Менің олақтығымнан үш күннен кейін қолға түсіп қалдық. Осы күнге дейін бағында жүретін қашанғы бала бола бересің? Ол сен келген соң кетті. (Ғ.М.)
- Зат есім мен –а, -е, -й тұлғалы көсемшелер бастауыштық-баяндауыштық қатынаста келіп, үйірлі мезгіл пысықтауыш жасайды. Мысалы:Базаршылар ел орынға отыра қалаға кірді. Әрі артынан айқай, әрі ит қабырлаған ат құйрықты көтеріп елірген бойы оның ішіне қақпанына тұмсығы тірелгенше шапты.
- –ғалы, -гелі формалы көсемшелер мезгіл пысықтауыш жасайды. Мысалы: Мында келгелі тек қана осы жұмыспен айналыстым. Кеткелі хабарласқан жоқ. Бұдан бұрынғы, айлар бойы созылған соғыс бейнеті ұмытылып, бүгін майданға жаңа кіргелі жатқандаймыз. (Ғ.М.)
Бұлар мезгіл пысықтауыштың жасалу жолдары.
Мезгіл пысықтауыштың мағыналық құрылымы мен қолданысы
Мезгіл пысықтауыштардың енді контекс ыңғайына қарай бірнеше мағыналық түрлері бар. Олар төмендегідей:
- Айтылған іс-әрекет, амалдың өту мезгілінің сан мөлшерін нақты, дәл көрсетеді. Мысалы: Екі сағат уақыт берілсе, он километр жердегі шегенге барып қайтқым келіп отыр. Үш айда бір ротадан тоғыз-ақ жауынгер қалдық.
- Белгілі бір заттың, құбылыстың сан-мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен айтады. Олар –дай, -дей, көптік жалғауы, -ер жұрнағы, есептік сан есімге жалғану арқылы болжалдық мән үстейді. Мысалы: Біз екі араға жеті сағаттай жүріппіз. Бұрын екі-үш күнде жүріп өте беретін бір өлкеден төрт жетідей уақытта өте алмағанына фашист қолбасшылары қатты күйінішті. Біз кешкі бестерде кездесуіміз керек. Вася екеуіміз жаралыларды бөлімшеге әкетуге ертеңгі сегіздерде келдік. Сендер межелеген жерге бірер сағаттан соң келіңдер. (Ғ.М.)
- Жай сөйлемнің құрамында кездесетін іс-әрекеттің мезгілі баяндауышқа тікелей қатысты. Баяндауыштан мезгіл пысықтауышқа қашан? деген сұрау қойылады. Ал мезгіл пысықтауыш тек қана шаққа байланысты ғана іс-әрекеттің өту кезеңі, мезгілін білдіреді. Сондықтан да баяндауыш сөйлеп тұрған мезгілге тікелей қатысты қаралады. Оған бірнеше мысалдарды талдап өтейік. Мысалы: Майданға келгелі мен мұны бірінші рет көріп тұрмын. (Ғ.М.)
Бұл сөйлемде мезгіл пысықтауыш көсемшенің –гелі өткен шақ жұрнағы арқылы жасалып, баяндауышқа тікелей қатысты. Бұндағы мезгіл іс-әрекеттен келіп тұр, яғни, келгеннен кейін көру. Немесе: Мен бұл хабарды келгенде естідім дегенде де мезгіл іс-әрекеттен кейін келіп тұр. Сондай-ақ мына мысалда: Мен бұл жаңалықты бара естідім дегенде мезгіл пысықтауыш көсемшенің –ар жұрнағы арқылы осы шақта келіп, баяндауышқа қатысты болып тұр. Бұл сөйлемде мезгіл іс-әрекетпен пара-пар, қатарлас, паралельді келіп тұр, яғни, мезгіл іс-әрекетпен тең дәрежедегі мағынада.
Ал, Мен бұл хабарды келерде естідім дегенде мезгіл пысықтауыш есімшенің –ер жұрнағы арқылы келер шақта келіп, мезгіл іс-әрекеттен бұрын жасалып тұр, яғни, келместен бұрын есту деген мағынада қимылдан бұрын мезгіл процесі жүріп өткенін білеміз.
Бұл аталған процестерді дәл, айқын түсіну үшін оларды мынадай модель-схемаға түсірейік. Шартты түрде процесте жүріп жатқан іс-әрекет – баяндауышты – Қ деп белгілейміз. Мезгілді М деп белгілейміз.
І-ші мысал бойынша модель-схема. Өткен шақ түріне мысал:
Мен бұл хабарды келгенде естідім. М – Қ ( келіп есту)
- келгенде
- есту
ІІ-ші мысал бойынша осы шақ түріне модель-схема:
Мен бұл хабарды келе естідім. М = D ( келе есту)
- келе жатып
- есту
ІІІ-ші мысал бойынша келер шақ түріне модель-схема:
Мен бұл хабарды келерде естідім. Қ – М (келместен бұрын есту)
- есту
- келерде
- Сөйлем құрамында кездесетін мезгіл пысықтауыштар қимылдың, амал-әрекеттің белгісіз мәнде іске асқанын білдіреді. Бұларды мезгіл пысықтауыштың белгісіз мағынадағы түрлері деп атайды. Олар белгісіздік есімдіктеріне кезде, уақыт, мезгіл, шақ сияқты сөздермен тіркесіп белгісіз мәнді тудырады. Мысалы: Бір кезде бөрі алатын көкжалдай боласың. Бір уақытта күтпеген жерден қатал сөздер айтылып тасталды. Бір шақтарда адам балалықты аңсайды екен-ау. Бір сәтте ол аяқ астынан жүгіре жөнелді. (Ғ.М.)
- Мезгіл пысықтауыштар сөйлем құрамында келіп, болымсыздық мағына тудырады. Еш деген болымсыздық есімдігі қашан? деген сұрау есімдігімен тіркесіп, сөйлемде мезгіл пысықтауыштың болымсыздық мағынадағы функциясын атқарады. Мысалы: Мылтық оқтағанда оның аузын ешқашан кісіге қаратпа, кісіге қарап ойнап оқтама. Сондай-ақ кейде деген сөзде болымсыздық мән үстейді. Мысалы: Кейде киініп, таранып, бақшаға тартуға әзірленемін де, әлде не құр-құрлап тоқтау салады. Мен анамның айтқан ақылын ешқашан да ұмытпақ емеспін. (Ғ.М.)
Мезгіл пысықтауыштардың ерекшелігі және жасалу тәсілдері мен тұлғалары, сонымен бірге мағыналық қатынастары туралы талдай келе, бұл грамматикалық-семантикалық категорияның тілімізде әбден қалыптасқан табиғаты бар екендігіне, алатын өзіндік ерекше орны бар екендігіне көз жеткіздік.