Байқау лауреаттары марапатталды
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен 2005 жылдан бастап «Балалық шақтан көзқарас» жобасын жүзеге асырып келе жатқан ЮНЕСКО клубы ұйымдастырды.
Бағдарлама Қазақстанның барлық аймақтарында қосымша білім беру ұйымдарына баса көңіл бөлуге шақырады. Бағдарламаның алғашқы жылында Елбасының кітапханасы музейінің көрмесіне Семей, Павлодар, Шымкент және Екібастұз қалаларындағы балалар көркемсуерт мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары қойылды. Астананың 20 жылдығында «Туған өлкем» бағдарламасының барлық көрмелері елорда мерейтойына арналады. Көрме нәтижесі бойынша қазылар алқасы үздік жұмыстармен қатар, сайысқа қатысқан әр мектептің үздік мұғалімін анықтады. Төрт көрмеге түрлі техника мен жанрда орындалған 300-ге жуық жұмыс қатысты. Олардың үздігі Назарбаев орталығы ғимаратының қорытынды көрмесінде ұсынылды.
– «Туған жерім» республикалық байқауының жеңімпаздарымен Елбасы кітапханасында Тәуелсіздік күні қарсаңында қауышу – үлкен қуаныш. «Балалық шақтан көзқарас» жобасы мен «Туған өлкем» республикалық бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырудың да қуантарлық жағдай екенін айта кеткен жөн. Осы орайда әріптестерімізге, ұстаздар мен оқушыларға атқарылған ортақ жұмыс үшін үлкен алғыс айтамыз. Келер жыл жаңа кездесулер мен тың көрмелерге толы болмақ. Дарынды жастарымыздың жұмысы ұсынылған бүгінгі көрме олардың шымылдығын ашқалы отыр, – деді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
«Туған жерім» XIV Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының жеңімпаздарына естелік сыйлықтар мен дипломдарды Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нелли Ширвина, Қазақстанның құрақ құрау шеберлері қауымдастығының президенті Тамара Штрошерер, Астана қаласы. Балалар көркемсурет мектебінің директоры Гүлзия Исенова, Астана Суретшілері одағы басқармасының төрағасы Жанұзақ Мүсәпір табыстады.
Байқаудың ІІІ дәрежелі дипломымен Алина Жалғасқұлова, Тұмарханым Сұлтанбек, Аида Еркобай, Арайлым Қайролла, Анастасия Боровская марапатталды. ІІ дәрежелі дипломды Асемай Түгелбаева, Малика Дулатова, Балжан Әкімжанова, Зульфия Муфе иеленді.
I дәрежелі дипломға Карина Иляхунова, Ақжол Карағұлов, Сағыныш Қайролла, Полина Холевич ие болды. Байқаудың басты жүлдесін Қымбат Тілемісова, Ева Штрошерер, Екатерина Кривилева қанжығасына байлады.
Қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасының лауреаттары болып Зухра Тұрсынбекова, Анастасия Прокопцева, Мейраш Асылтасова аталды.
Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов үздік ұстаздар ретінде Жеңіс Мұқышев, Светлан Рейн, Қалия Қарабаева, Ольга Астапенко, Алексей Смирнов сынды суретшілерді марапаттады.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»