Белгілі журналист Сәуле Әбединова Сайрагүл Сауытбайға бар өкпесін ақтарды
Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы Қытай шекарасын заңсыз өтіп, Қазақстан сотында ақталып шыққан Сайрагүл Сауытбайға ренішін жеткізді деп хабарлайды NUR.KZ.
Тележүргізушіден «Сайрагүл туралы неге жазбайсың? Қытайға сатылып кеттің бе?» деп сұрайтындар көбейген. Осыған әбден ызаланған ол Facebook желісіндегі парақшасында оқырмандарға басынан өткеннің барлығын жайып салды.
Айтуынша, Сәуле Әбединова балалары үшін заңсыздыққа барған әйелдің бостандыққа шығуына қанша тер төксе де, ол ауырып жатқанда Сайрагүл бірде-бір рет халін сұрауға жарамапты.
«Сайрагүл деп күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өткізгенімде, түрме, сот залы мен Алматы арасын жол қылғанымда, мен ауруханаға түскенде аяғы жетпей қалған олар «пәтер табуға көмектес деп», ауруханадан шығатын күні келгені адамгершілік пе? Мәселе «ауруханаға көңілімді сұрап келмеді» деп ренжуде емес, мәселе — «сыйға сый, сыраға — бал» дейтін қазақтығымда, «бір атым насыбайдан көңілім қалатын» қазақы адалдығымда», — деп жазған Сәуле Әбединова.
Осылайша, өзі жақын көріп жан ұшыра қол созған адамына қатты ренжіген журналист енді Сайрагүлдің босқын мәртебесін алуына сырттай тілектес болам дейді.
«Сол жолы, бостандыққа шыққанда олар менің үйімде 4-5 күн тұрып кеткен…Сол кезде менің үйімнен кетерде Сайрагүл Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын оқи тұруға алған. Үш ай өтті, қайтармай жүрген. Бірнеше рет сұрадым… кеше соңғы сұрағанымда осы жұмаға дейін әкеп беруге уәде берген.
Егер сөзінде тұрып әкеп берсе, сол келгенінде тікелей эфирде өздеріңізбен жүздестіруге болады. Сол кезде жағдайын өздеріңіз сұрап білерсіздер», — деп сөзін аяқтаған ол