«Қыздар күйеуге ерте шығуға міндетті емес.» TEDxAbayStWomen стереотиптерге қарсы шықты

0

Әр адамның өмірінде, тағдырында үленді-кішілі таңдау жасауға тура келетін сәттер болады. Ол таңдау адамның болашақта қандай тұлға болып қалыптасатынына сөзсіз әсер етеді. Әрине, әркімнің басынан түрлі оқиға өтуі мүмкін. Бір қатені қайталамау үшін, дұрыс шешімдерін ескеру үшін адамдарға тәжірибе алмасу маңызды. Осындай тәжірибе алмасу алаңын биыл TEDxAbayStWomen “Таңдау” тақырыбымен ұйымдастырды.

TEDxAbayStWomen – әйелдердің жаңа қадамдар жасау, әлемді өзгеру мүмкіндіктері талқыланатын шара. Биыл қатысқан 12 түрлі саланың маманы мен өкілі конференция аясында күрделі проблемаларды қозғап, бастан кешкен гендерлік теңдік үшін күресі туралы айтып, қатысушыларды қанаттандырып, мүмкін көптен жауабын таба алмай жүрген сұрақтарына да жауап берді.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Олардың ішінде бірнеше спикердің сторителлингін айтпай кетуге болмас.

Ғазиза Молдақұлова: “Отбасын ерте құрған әйелдердің өмірі орындалмаған арман мен пайдаланылмаған мүмкіндікке толы”

Отбасын ерте құру неге проблемаға айналды? Ол қыздардың таңдауы қандай? Ерте некелесу не үшін қауіпті? Ол қыздарға, қоғамға қалай әсер етеді?

БҰҰ қорының ұлттық бағдарламалар координаторы Ғазиза Молдақұлова TEDxAbayStWomen алаңында осы мәселелерді көтерді.

Отбасын ерте құру еліміздің оңтүстігінде, әсіресе, патриархал отабасыларда, ауыл-аймақтарда тұратын дәстүрлі қоғамдастық пен этникалық топтарда жиі кездеседі. Зерттеу жүргізу үшін дәл осындай аймақтарда тұратын отбасын ерте құрған әйелдермен сұхбаттастық.

Олардың оқиғасын тыңдай отырып, өмірге олардың көзімен қарап, отбасын ерте құрған әр әйелдің өмірі аяқталмаған оқу орны, жоғары білім мен жақсы жұмыс сияқты орындалмаған армандар мен пайдаланылмаған мүмкіндіктерге толы екенін ұқтық.

Өмірлік мысал айтайын. Үлкен әрі кедей отбасында бір қызды еркінен тыс ересек еркекке қалыңмал үшін 15 жасында күйеуге береді. Келін боп түскен жас қыз тапжылмай үй шаруасын істеп, келіндік міндеттерін кез келген жағдайда атқаруы тиіс. Тіпті жүктілік кезінде де ол ауыр жұмыс істеп, көп қиналады. Сонымен бірге ол жаңа отбасында үнемі зорлық-зомбылық көреді. 21 жасында ол үш баласы бар келіншек болды. Бірақ үйдегі қорлық аяқталмайды. Күйеуі ғана емес, үйдегі отбасының басқа да мүшелері қатесі үшін оған қол көтереді. Келіншек бұл туралы шешесіне айтса, анасы оған бөлек үй болғаннан кейін бәріне де шыдауы керек екенін айтады. Соның салдарынан стресс пен көп қорлық көрген келіншек әке-шешесінен қолдау таппай, кейде өз-өзіне қол жұмсауды ұйғарады.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл – әлі дамымаған, заңы бір қалыпқа келмеген, жабайы мемлекетте болған оқиға емес, өзіміздің Қазақстандағы жағдай. Елімізде неке қию тәртібі мен нормалары нық қойылғанына қарамастан, өкінішке қарай, жылына орта есеппен кәмелетке толмаған 1 200-дей қыз отбасылы болады. Бұл дегеніміз күн сайын шамамен 3-4 қыз ерте некелеседі. Олардың арасында 20-сының біреуі ғана өзінің құрдасымен тұрмыс құрады. Осыдан соң 18-ге толмаған бұл қыздардың күйеуіне тәуелді боп қалуы ғажап емес. Бұл – ресми статистика. Ал азаматтардың хал актілерін жазу органдарында тіркелмеген неке қаншама? Ерте құрылған отбасыларда жұбайлардың бірі 18-ге толмағандықтан бұл неке көбіне мәжбүрлікпен құрылған болып саналады. Себебі кәмелет жасқа толмаған адам саналы, толық шешім қабылдай алмайды. Сондықтан мұндай неке құқық бұзумен бірдей.

Ерте қиылған неке – гендерлік құбылыс. Отбасын ерте құрған ер балалар қыздарға қарағанда 20-22 есе аз. Олар ерте отбасылы болса да, зорлыққа ұшырамайды. Ал қыздар көбіне тұрмыстық және сексуалдық зорлыққа тап болады. Есейген соң да ондай қыздар зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.

Отбасын ерте құру қыздардың денсаулығына зиян. Мұндай жаста бала көтерген жасөспірім қыз жүктілік және босану кезінде көптеген физиологиялық проблеманы бастан кешеді. Балаға бала туу оңай ма? Бұл – қауіпті әрі үлкен тәуекел. 15-19 жастағы қыздардың қаза болуының негізгі себебі де осында. Олардың ағзасы бала көтеруге әлі дайын емес.

Ерте отбасын құру өмірлік мүмкіндіктерді іске асыруды шектейді. Олар кедейлік пен тәуелділікке тап болады. Оларға қарап өскен балалар да сондай болып қалыптасады. Ер балалар қатігез болып, қыздар зорлыққа шыдамды болуы керек деп өседі. Зерттеу барысында сұхбаттасқан әйелдер де отбасын ерте құруды қолдамайды.

Сондықтан отбасын ерте құру қыздардың құқығын бұзатынын, оларға зиян екенін түсінуіміз керек. Біз жалпы адам құқықтарын балаларға жастай үйертіп, олардың тұлға екенін айтуға міндеттіміз. Оларды балалалдың құқығын қорғайтын екі мықты конвенциямен таныстырған жөн.

Ал балаларын ерте тұрмықа беретін ата-ананы сот жазалауы тиіс деп ойлаймын. Бұл олқылық – баланың, қоғамның алдында қылмыс. Қыздарымызды таңдау мүмкіндігінен айыруға болмайды. Себебі қыздарға инвестиция құйылса, бәрі де ұтады. Қоғамға, отбасыға, олар өмір сүретін қоғамдастыққа, ең бастысы, қыздардың өздеріне де бұл тиімді. Біз бірде-бір қызды мұндай қиын жағдайда қолдаусыз қалдырмауымыз керек.

Ольга Коротко: “Медиа мен кино саласындағы әйелдер образының көбі – стереотип”

Кино – қазіргі заманда қоғамның проблемасын қозғай алатын күшті құрал. Сонымен бірге кино бізде бар стереотиптер арқылы қоғамдық проблеманы шиеленістіре де алады. Көбіне бұл стреотиптер гендерлік тақырыптарда. Визуал мәдениет құралдары мәтінге қарағанда бізге әлдеқайда әсер етеді. Бәріміз видео, фильм, суреттерді интернеттен көп көреміз. Бүгінде мұның бәрі гендерлік теңсіздікке тұнып тұр. Тіпті қарапайым жарнамадан әйелді ас бөлмесінде тамақ жасап, кір жуушы ретінде көреміз. Ал киноға келсек, мұнда әйел заты келін, ана, “нәзік жанды құбылыс” образында ғана. Сондықтан мен киноға қоғамда болып жатқан процестердің айнасы ретінде қарауды ұсынамын.

Әлемдік кино болсын, отандық туындылар болсын, шындықты бейнелемейді. Қазақстанда әйелдер – халық санының 52%-ы. Ал экранда олар 10-15% ғана. Бұл – әйел ролінде ойнайтын еркектерді қосқандағы көрсеткіш. Ал тек репликасы бар әйел ролін санасақ, бұл сан одан да аз болары сөзсіз.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Тағы бір маңызды мәселе – Қазақстан әйелдері бүкіл мамандықты игерген, олар кез келген салада бар. Ал экранда олар ойнайтын рольдер аз. Жиі кездесетін төрт образ бар: Келін – бәрін түсінетін, жақсы, ыңғайлы, Гуля апаға ұялмай көрсетуге болатын, асты керемет жасап, шай құя алатын кейіпкер. Оның бар өмірінің логикасы бір нәрсеге әкеледі: әйел – адамның жақсы досы. Ана – ол рольдердің келесі эволюциялық сатысы. Ол – жұмсақ, ерлер үшін қауіпсіз, еркекті қадір тұтатын образ. Ал карьера туралы ол теледидарған ғана көреді. Келесі кейіпкер – қатерлі әйел. Ол – еркектің қалауының дәстүрлі объектісі. Әдемі қызыл көйлек киген, аз сөйлейтін, сұлу. Тағы бір образ – сүйікті қыз. Фильмде ол – көбіне олжа сияқты, романтикалық, шабыт беретін тұлға.

Неге біздің экрандағы әйелдер тым қарапайым, шынайы емес образда көрсетіледі? Басты себебі фильмді түсіретін режиссер, сценарист, продюсер, оператор – еркектер. Әрине, осыдан фильмдер көбіне ерлер аудиториясына арналған. Ондағы барлық мәселе тек ер адамның көзқарасы мен талғамына сай жасалады. Тіпті супермен сияқты ең мықты, ақылды кейіпкерлерді еркектер сомдайды. Ондай образда әйел кездессе де, фильмнің соңында ол стереотиптерге сай өзгереді.

Стереотиптер барлық жерде бар. Әйелдер өз жұмысын зер салып атқарып қана қоймай, стереотиптермен күресуге мәжбүр. Ол күнде өзінің адам екенін дәлелдеп отыруы тиіс. Сол себепті үлкен жетістікке қол жеткізген әйел еркекке қарағанда мақсатын іске асыру үшін 10 есе көп жігер салады. Меніңше, отандық экранда әйел образы жанды, санқырлы, еркек кейіпкерден тәуелсіз болғаны жөн.

Бұл кинематографты жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, қоғамға әсер етеді. Себебі теледидар мен интернетті көріп өскен жас ұрпақ фильмдерге қарап, үлгі алады. Бұл олардың өмірлік таңдауына, тұлға боп қалыптасуына әсерін тигізері сөзсіз.

Мен әйелдердің шынайы образын көріп өскен қыздардың өмірлік жоспарын дұрыс құра алатынына, өзін бағалауды үйренетініне сенемін. Ал гендерлік теңдікті сақтаған фильмдерді көріп өскен ұл балалар қыздарға объект ретінде қарап, оған зиян тигізудің дұрыс еместігін түсінеді деп ойлаймын. Бұл мәселенің талқылануының өзі біздің сапалы образдар мен кейіпкерлерді әлі талай көретінімізге себеп болады деп сенемін.

Зере Асылбек: “Маған басқалардың ойы емес, олардың сөйлей бастағаны маңызды болды”

Қырғызстанда әлеуметтік проблемалар өте көп. Екі жыл волонтер болған кезімде мұндай проблемалардың екеуімен жиі кездесетін едім. Оның бірі – жемқорлық, екіншісі – гендерлік дискриминация.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Меніңше, әлеуметтік жобалар тек белсенділердің арасында қалмауы тиіс. Қоғам санасын өзгерту үшін көпке әсер ету керек деп ойлаймын. Сондықтан мен бүкіл Қырғызстанға танылатын шулы, көлемді жоба жасауды көздедім. Осылайша миссиямды гендерлік теңдікті қолдаудан бастап, әлеуметтік белсенділікті популизациялауға кірістім.

Маған басқалардың ойы емес, олардың сөйлей бастағаны маңызды болды. Әр позитив немесе негатив комментарий, әрбір лайк пен дислайк клипті, жалпы бұл проблеманы дәреже көтеріп, талқыға салуға көмектесті. Өлең мен бейнебаян саналы провокация еді.

Мен мұның бәрін не үшін істеп жатырмын? Мен қыз, әйел заты ретінде емес, адам ретінде өзімнің позициям мен құқығымды қорғағым келеді.

Қырғызстанда қыздар арасында әрдайым ұнауға тырысатын тенденция бар. Бұл тіпті үлкен жүйеге, конкурсқа айналған секілді. Бір нәрсеге кірісер алдында әйелдер “басқалар не ойлайды екен?”, “оларға бұл ұнай ма?” деген сұрақтарға жауап бергісі келеді. Бұл тенденция приоритеттердің алдына шығып, әйелдердің басқа да қасиеттері мен потенциалын жабық күйінде қалдырады. Егер біз қыздардың потенциалын ашсақ, менің ойымша, біз бүкіл Қырғызстанның потенциалын ашамыз деп ойлаймын.

Осы мақсатпен жасалған жобам гендерлік проблеманы көпке таратып, тек Қырғызстанда емес, оның шекарасының ар жағында дау көтерілді. Нәтижесінде мені Грузияның көшесінде адамдар танып, ал Қырғызстанда қыздар құрастырып жатқан тұңғыш спутник сигнал ретінде менің әнімді жібереді деген болжам бар. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Өлең мен клиптің осындай оқиғалар желісін тудырғанына қуаныштымын. Осының бәрі гендерлік проблемалар туралы айтып қана қоймай, олардан арылу үшін жұмыс істеуге, жобаларды іске асыруға шабыт береді.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

3-4 жыл бұрын менің де гендерлік тақырыпта көзқарасым басқа болды. Соңғы жылдарда көрген жобалардан және естіген әңгімелерден сұрақтарыма жауап таба отырып, ойымды өзгерттім. Сондықтан осындай нәрселердің нәтижелі екенін өмірлік тәжірибем мен жасаған таңдауымнан-ақ білемін.

Биыл біз өте қарапайым әрі феминизмнің мәнін ашатын “Таңдау” тақырыбын алдық. Таңдау сөзін біз күнде қолданамыз, әрі ол бәріне таныс. Біз осы сөз арқылы конференцияға қатысушыларға қай кезде болмасын таңдау жасау құқығы бар екенін еске салуды көздедік. Әсіресе, әйелдердің өзіндік бірегейлігінде, сексуалдығында, карьерасында, өмірінде, отбасында қаншалықты таңдау бар? Меніңше, конференция аясында біз бұл сұрақтың жауабын таптық, – дейді TEDxAbayStWomen-нің ұйымдастырушысы Лейла Махмудова.

TEDxAbayStWomen
Лейла Махмудова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

TEDxAbayStWomen конференциясы Алматыда ғана емес, Шымкент, Семей, Петропавл, Павлодар мен Қарағандыда да тікелей эфирде көрсетілді. Бұл қалаларда шараның жергілікті ұйымдастырушылары арқылы көрсетлімді арнайы жиналған қауым экрандарында тамашалаған.

Конференция сессияларының арасында қонақтарды сергітетін әлеуметтік би, дайын мәтіннен өзіндік шығарма жасауға үйрететін мастер-класс пен гендерлік тақытыптағы фототүсірілім ұйымдастырылды.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ұйымдастырушылар фототүсірілім арқылы орамал таққан қыздардың бірден елеусіз адамға айналатынын меңзеді. Кез келген қатысушы қызыл орамалға оранып, камерадан өзінің бұл күйде қалай көрінетінін қарай алды.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мені қоғамдық өзгерістер қанаттандырады. Мұны активистік әрекеттер басталғаннан бері қалмай жүрген адамдардан байқаймын. Алматыда ойын-сауық емес, құндылықтарды бағалайтын белсенді орта қалыптасты. Бұл шаралар адамдарда рухани, мәдени сияқты маңызды құндылықтарды дамытып келеді. Қоғамның, қазіргі жастардың проэкономикалық емес, олжалық емес, адамгершілік, бір-бірін түсінушілік, теңдік, ксенофобияның қоғамда болмауын қалайтынын көріп жүрмін. Сондықтан бұл конференцияға жарты жыл дайындалдық. Бізге оны жоғары дәрежеде өткізу маңызды. Себебі Қазақстанда гендерлік теңдік туралы сөз қозғайтын алаң болуы керек. Оған деген сұраныстың TEDxAbayStWomen аудиториясының жылдан жылға көбейіп жатқанынан-ақ аңғаруға болады, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Кирилл Флаймэн.

TEDxAbayStWomen
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

 

TEDxAbayStWomen-де әр спикер өзінің жасаған таңдауының нәтижесін айтып, бір қатысушыны толғандырса, бір қатысушыны шабыттандырды. Конференция алаңында әркім өзінің таңдауы мен іске асқан не аспаған мүмкіндіктерін еске алғандай болды. Ал сіздің өміріңізді түбегейлі өзгерткен таңдау қандай?

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz