Полицейлердің су жаңа киіміндегі «POLITSIIA» сөзінде екі қате жіберілген
2018 жылдың 20 қараша күні «Хабар 24» мынандай ақпарат таратты: «Қазақстанда тәртіп сақшылары алдағы уақытта қара көк түсті киім киетін болады. Полицейлердің формасында POLITSIIA сөзі пайда болады, латын әліпбиіндегі бұл жазу шеврондарға да жазылады. Киімнің қандай ыңғайлы екенін Назарбаевқа ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтып берді. Полицейлер жаңа форманы жаңа жылдан бастап киеді».
Жаңа емле ережелер бойынша ПОЛИЦИЯ сөзі «POLITSIIA» емес «POLISIA» деп жазылу керек еді.
Өйткені халық арасында насихатталып жүрген емле ережелердің 78-параграфында «Ц ӘРПІ ЖӘНЕ СЦ ӘРІП ТІРКЕСІ S ӘРПІ АРҚЫЛЫ ЖАЗЫЛАДЫ: sırk, sıfr, sılındr, sırkýl; desımetr, medısına, proporsıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korporasıa, seh; senarı, sıofıt, abses, absısa, plebısıt» делінген. Осы тараудың ескертуінде «ҚАТАР КЕЛГЕН Ц ӘРПІ TS ТІРКЕСІ АРҚЫЛЫ ТАҢБАЛАНАДЫ: PITSA, NITSA» делінген, ал 83-параграфтың ескертуінде: «И ӘРПІНЕН КЕЙІН ТҰРҒАН Я-НЫҢ ОРНЫНА А ЖАЗЫЛАДЫ: qıar, sıa, Túrkıa, jarıa» делінген.
♦Елбасы полицейлердің сынға қалған жаңа формасымен танысты (видео)
Алайда емле ережелері әлі де талқылану үстінде. Менің ойымша «полиция» сөзін орыс тіліндегі дыбысталуы бойынша емес, туысқан түркі (әзербайжан, түрік, түркімен) тілдеріндегідей «POLIS» деп алған жөн секілді.
Әзірге полиция киімі таныстыру үшін үлгі ретінде аз данамен тігілген болар, келесі тігу жұмыстарында «POLITSIIA» сөзінде кеткен екі қатені жөндеп «POLISIA» деп өзгертер, болмаса латын графикасын қолданып отырған көрші түркі тілдеріндегідей «POLIS» деп алар немесе қазақ тіліне бейімдеп «PÓLIS» деп алар. Жалпы алғанда әліпбидегі кейбір кемшіліктер түзелмей тұрып, латын графикасын ресми мекемелерде қолдану дұрыс емес.
Қалдыбай Арыстанбекұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы