ЖУРНАЛИСТ, ҒАЛЫМ, ҰСТАЗ… | «Айқын» газеті
«Кел, балам, ғылым оқы, өнер – серік, ақ жолға ықтиқатың болсын берік!..» Бұл – ұрпағының келешегіне алаңдаған әке аманаты. Аманатқа қиянат жасамай, әке үмітін ақтау – әр перзенттің парызы. Зар заманның қатал сын-соқпағынан өткен Мәшһүр Нұрқожаның әкелік тілегі ақталды десек, қателеспейміз. Қайыржан Нұрқожаұлының сәулелі ғұмырында атқарған еңбегі мен қалдырған мол мұрасы осы сөзіміздің дәлелі болмақ.
1910 жылы 25 желтоқсанда Павлодарда дүниеге келген Қайыржан Бекхожин қаршадайынан зерек өседі. Ата-анасы қарапайым шаруа болғанмен, білімге құмар бала үй шаруасынан жат жүреді. Әкесі Нұрқожа ұлдарының оқуына асқан жауапкершілікпен қарайды. Нәтижесінде, Қайыржан Бекхожин Павлодар совет еңбек мектебін бітіріп, лениндік комсомол қатарына кіреді. Сол жылдары оның журналистік қарымы да ашыла бастайды. Оның ауылдық, облыстық басылымдарға жарияланған мақалалары бұл сөзіміздің айқын дәлелі. Жас тілші алғашқы қызметін Павлодардағы Кереку аудандық «Колхоз» газетінен бастайды. Сол жылдары біршама түйткілді мәселелерді көтеріп, заметкаларын баспа бетіне жариялайды. «Қалың малы 600» заметкасында әйел теңдігін сақтамай, заңсыз түрде қалың мал алушыларға жаза қолданбай жүрген тиісті заң органдарын сынға алады. Осылайша, барлық шаруашылық-саяси бастамаларға белсене араласып жүрген, қаламы жүйрік маманды Шығыс Қазақстан облыстық «Екпінді» газетінің редакциясына жұмысқа алады. Біраз тәжірибе жинақтап үлгерген журналист С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетіне түседі. Оқу орнын мерзімінен бұрын аяқтап, басқа да басылымдарда қызметін жалғастырады.
Қайыржан Бекхожин – көптеген әлеуметтік мәселелерді қозғап, әртүрлі тақырыпта қалам тербеген журналист. Мысалы «Көрмес түйені де көрмес» мақаласында («Екпінді», 5 қазан, 1935 ж.) театр мәселесін көтеріп, ашық түрде «облоно» қызметкерлеріне сын айтады. Мұндағы басты мәселе – театр актерлерінің нашар тұрмыстық жағдайы, театр ғимаратының жоқтығы, сахналық образды ашатын киім-кешектердің аздығы. Алдыменен: «Шаттық өмірдің салтанаты, қаламыздың көркі, жұртшылықтың үлкен мектебінің бірі болған театрды облоно біле ме екен?» деп мәселенің басын ашып алады. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, облоно басшылары өз міндетін көрмегенімен біздің көрмеуімізге болмайды», – деп орынды сын айтып, бұл мәселені шешу үшін жасалуға тиісті жұмыстар тізімін нақты келтіреді. Мақалада мәселе де нақты қойылған, оның туындау себептері мен шешу жолдары да жазылған, дәлелді фактілер де жеткілікті. Оқып отырып, нағыз публицистикалық мақаланың үлгісін көреміз. Бекхожиннің қаламынан туған «Жарманың жаңа газеті жабулы жатыр», «Еңлік-Кебек постановкісі», «Қазақ тілін Мырқымбайға жүктей салыпты», «Малдың міндетімен мықтылап күресейік» атты мақалалары да жас журналистің қоғамдағы өзекті мәселеге деген өткір көзқарасын айғақтап тұр.
Нақтылық, мәселені түбіне дейін сараптау Бекхожиннің ғылыми мақалаларына да тән. Ол «Қазақтың демократиялық баспасөзі» мақаласында революцияның жаңадан өрлеуі кезеңіндегі қазақ баспасөзінің пайда болуын, баспасөз бетіне жарияланған мақалаларды зерттейді. Қазақ даласында ең алғашқы болып жарияланған газет-журналдар жайлы жазған мақалалары да аз емес. Сондай-ақ Абайдың, Шоқанның публицистикасына, Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына кеңінен үңіледі. «Қазақ ағартушылары туралы соны деректер» мақаласында жазған мына бір сөзін келтіре кетсек: «Алдыңғы қатарлы орыс публицистикасы мен журналистикасынан үлгі ала отырып, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев еңбекші бұқараның қанаушыларға қарсы, феодалдық-патриархалдық салт-сананың қалдықтарына қарсы, кертартпа ағымға қарсы күресті. Қазақ ағартушыларының өз ұлтының әдебиеті мен әдеби тілінің жаңа бағытын белгілеп, қоғамдық және ғылыми ой-пікірінің негізін салумен бірге, қазақтың демократиялық публицистикасының негізін қалады». Қайыржан Бекхожин қазақтың ағартушылары жайлы жазып отырып, олардың әділетсіздікпен, кертартпалықпен батыл күрескен, еңбекші бұқараның мүддесін қорғаған өз заманының мықты публицистері екенін дәлелдейді.
Қайыржан Бекхожин «Большевиктік жол» газетінде редактор болып жұмыс жасаған жылдары үлкен дау туындайды. Сол кезде ұлт көсемі болған Сталин жайлы жазылған мақаланың тақырыбы «Улы Сталин» деп қате басылып кетеді. Бұл ақпарат Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Тоқпақовқа жете салып, Бекхожин редакторлық қызметінен айырылады. Осыдан кейін Алматыдағы жаңадан ашылған университеттің журналистика бөлімінде студенттерге дәріс оқиды. Оның ғылымға қадам басуына негіз болған дәл осы жағдай болатын. Себебі қазақ баспасөзінің тарихынан дәріс оқып жүрген ұстазды қазақ басылымдарының тарихы ғылыми тұрғыда терең зерттелмей жүргені алаңдатты. Зор еңбектің, үлкен ізденістің нәтижесінде 1964 жылы ғалымның «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиясы жарыққа шығады. Оның осы еңбегін оқып отырып, сол кездегі полиграфияның даму тарихына, алғашқы қазақ басылымдарының шығу процесіне шолу жасағанын көреміз. Сонымен қатар газеттерді шығаруға атсалысқан азаматтар мен олардың еңбектері жайында көптеген мағлұматтарға қанық боламыз.
Қайыржан Бекхожин – 60-тан астам ғылыми мақала жазған ғалым. Сол заманда алғашқы газет-журналдарды зерттеуден бұрын, оларға қатысты пікір айтудың өзі қауіпті болған. Осыған қарамай Бекхожин «Дала уәлаяты» газеті жайлы диссертациясын қорғап шығады. Десек те, осы диссертацияны сынға алғандар да табылды. «Диссертацияда Қайыржан Бекхожин тарихи фактілерді бұрмалады «Дала уәлаятының газетін» боямалап, оны қазақ халқының саяси-әлеуметтік өмірінің түйінді мәселелерін жазып отырған, прогресшіл идеядағы газет етіп көрсетуге тырысады» деген жала жабылды. Кейіннен Қ.Бекхожин кітабының кейбір тұстарын қысқартып, «Қазақ баспасөзі совет өкіметі орнау жылдарында» деген атпен қайта шығарады. Ғалым қазақ журналистикасының тарихын әріден іздеу керек, оны келте қайырмаған жөн деп санайды. Сондықтан өзінің еңбектерінде баспасөз тарихының бастау бұлағын анықтап, егжей-тегжейлі зерттейді. Оның ғалым ретінде салған сара жолын бүгінгі күннің ғалымдары жалғастырып келеді.
Профессор Бекхожиннің жарты өмірі қара шаңырақтың қабырғасында өткені белгілі. Ол саналы шәкірт тәрбиелеп, журналистика факультетінің деканы ретінде талай студенттердің қамқоршысына айналды. Оның студенттерге арнап жазған мақалалары да баршылық. «Өздігіңнен жұмыс істегенде» атты мақаласында оқу орнына жаңадан түскен бірінші курс студенттеріне ақыл-кеңестерін беріп, дұрыс жол нұсқайды. Мақаланың қорытындысында: «Ерінбей оқып, терең білім алуға талаптанған жастар ғана болашақ мамандығын толық меңгерген, қабілетті қызметкер болып шығады. Жоғары білім алып, Отан, ата-ана алдындағы борышын өтеп, азамат атанғысы келген студенттің әр минуты бекерге өтпей, пайдалы іске арналса деген тілек айтпақпын. Шәкіртінен ұстазының қалары осы ғана», – деп жазады. Осы сөзінен Қайыржан Бекхожиннің ұстаздық асыл бейнесін байқауға болады. Бүгінгі күні ғылымның дамуына зор үлесін қосып жүрген ғалымдар, белгілі журналистер мен публицистер Қайыржан Бекхожиннің шәкірттері болғанымен мақтанады.
Жәмилә БАХТИЯРҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Журналистика факультетінің студенті