Ерекше фотокөрме | «Айқын» газеті
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлт тірегі – Елбасы» атты салтанатты шара өтті. Іс-шара аясында «Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент» кітап көрмесінің ашылуы болды.
Кітапхана қорындағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Президентіміз Н.Назарбаевтың қызметі туралы, оның халықаралық аренадағы рөлі, сондай-ақ белгілі қайраткерлердің Елбасы жайындағы ой-пікірлері айтылды.
Шара модераторы Н.Назарбаев алғаш Президент болғанда сұхбат алған Махат Садық естеліктерімен бөлісті. Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Дәуренбекқызы Елбасы кітаптарына талдау жасап, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының шет тілдерге аударылғанын айтты. Сенатор Әділ Ахметов Нұрсұлтан Әбішұлының ел игілігі үшін атқарған жұмыстарын айтып, әлемдік аренадағы Елбасы келбетін ашып берді.
Фотокөрмеге «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Игорь Бургандионовтың, «Айқын» газетінің фототілшісі Айтжан Мұрзанұлының, «Литер» газетінің фототілшісі Советбек Мағзумовтың, «Деловой Казахстан» газетінің фототілшісі Талғат Галимовтың және Sultan magazine журналының фототілшісі Марат Амитровтың фотосуреттері қойылды.
– Маған Елбасын Генадий Головкинмен бірге түсірген суретім ұнайды. Президенттің жастармен, балалармен, студенттермен түскен суреттері ерекше шығады.
Нұрсұлтан Әбішұлы жастар жағдайын сұрап, емен-жарқын сөйлеседі. Соны түсіріп тұрып, Елбасының қарапайымдылығына қайран қаламын, – дейді Айтжан Мұрзанұлы көрме жайында.
Шараға зиялы қауым өкілдері, Астанадағы ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары және мұғалімдер қатысты.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ