АШМ суармалы жерлер бағдарламасын әзірледі
2018 жылғы 4 желтоқсан 18:26 228
АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сауармалы жерлерді дамытуға арналған салалық бағдарламаны әзірледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Вице-министр Арман Евниевтің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде ағымдағы жылда 60 мың га жерді айналымға тарту жоспарланған.
«Қазірдің өзінде 42 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Қалған жерлер жылдың соңына дейін енгізілетін болады. Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам даму банкі, сондай-ақ, Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп, 100 миллиард теңгеден астам сомаға 128 мың гектар жердің гидромелиорациялық жүйлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, тағы да 1,5 миллион гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлердің аумағын 3,5 миллион гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр», — деді А.Евниев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев суармалы жерлерге қатысты салалық бағдарламаның әзірленгенін жеткізді.
«Бізде суармалы жерлерді дамытуға арналған салалық бағдарлама дайын. Осы желтоқсан айында оны Үкіметтің қарауына шығарамыз. Қазір қаржы және экономика министрліктерімен бірге қарастырып жатырмыз. Меніңше, ол өте жақсы бағдарлама болады», — деді Ө.Шөкеев.
Айта кетейік, отырыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы қаралды. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, бүгінгі таңда балық, асыл тұқымды жылқылар, қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, рапс, сиыр еті, жонышқа, ұн, өсімдік майы, арпа мен жүгері үшін Қытай нарығы ашық.
«Осының арқасында 9 айдың ішінде Қазақстаннан Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 процентке ұлғайды. Иран тарапынан тірі қойды, тоңазытылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қатысты шектеулер алынып тасталды», — деп атап көрсетті А.Евниев.
Министрлер кабинеті жаңа бағдарламаның тұжырымдасын мақұлады.