«Астана-Семей» пойызының жолаушысы «люкс» вагондағы суыққа шағымданды (видео) — новости Казахстана

0

Қазақстандық келіншек Астанадан Семейге қатынайтын пойызда жылудың жоқтығын айтып, шағымданды. Эльмира Туғамбаева қоғамдық көлік туралы пікірін Facebook парақшасында жариялаған деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: Видеодан кадр Facebook/ proastana

Фото: Видеодан кадр Facebook/ proastana

Келіншек елордадан Семей қаласына 1 желтоқсан күні №154-ші пойызбен шыққанын айтқан. Жанұясымен бірге сапарға аттанған әйел қарапайым орындар қалмаған соң «люкс» вагонына 21816 теңгеге билет алған екен.

Алайда қымбат сомаға алынған орындар ойдағыдай болмай шығыпты.

«Жолда өте суық болды. Біз сырт киіммен ұйықтауға мәжбүр болдық. Мен жолсеріктен неліктен суық екенін сұрағанымда, ол от жағылып жатқанын, алайда көмірдің сапасы нашар екенін айтты. Ал көмір Астана мен Павлодардан алынған екен. Айта кетейін, бұл вагондар ешқандай да «люкс» емес, жай ғана өңделген, үстіңгі қабаттары жоқ төрт орындық купелер», — деп жазған Туғамбаева.

Today.kz-тің хабарлауынша, жолаушының шағымына қатысты «Жолаушылар тасымалы» Акционерлік қоғамы жауап берген.

«Аталған СВ классты вагон барлық стандарттарға сәйкес көмірмен жабдықталған. Әлеуметтік желілерде болған шағымнан басқа жолаушылардан жолсерікке де, пойыз бастығына да температуралық режимнің бұзылуы туралы шағым түскен жоқ. Бірақ, қазір пойыз рейсте жүр. Ол оралғаннан кейін тексеру жүргізіп, қызметкерлерді сұрастырамыз, вагонның техникалық жай-күйін тексеріп, неліктен мұндай жағдай орын алғанын анықтаймыз», — дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ клиенттермен және БАҚ өкілдерімен жұмыс жөніндегі бөлімнің жетекшісі Данияр Айдарханов.

Компания өкілі вагондарды жылыту үшін пайдаланылатын көмірдің сапасы туралы нақты ештеңе айта алмады. Ол, тіпті, бұл фактіге таң қалғанын жеткізді.

«Сапасыз көмірден суық болды дегенді бірінші рет естіп тұрмын», — дейді ол.

Сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінде мұндай жағдай орын алуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

«Көмір сапасыз болғандықтан, қажетті жылулықты бермейді. Көмір жеткізушілер арқылы сатылып алынады», — деді компанияның баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп.

Сонымен қатар компания өкілдері қолданылатын көмірдің сапасын да тексеретіндерін мәлім етті.


Сіздің реакцияңыз

Спасибо за Ваше мнение
Вы уже голосовали


Тағы да оқыңыздар