Тарихи қазынамызды түгендеуге жол ашқан мақала

0

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы тарихшы ғалымдардың көкейінде жүрген толғамды ойларының өзегін ашып, қозғау салып, атқарылар зор міндеттердің бағытын да айқындап берді. Өркениеттер өрінен өз орнын іздеген халық, шын мәнінде, алдымен түпкі тарихын түгендеуден бастаса керек. Н.Ә. Назарбаев: «…Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.

Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті» деп атап көрсеткен болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихын қалыптастыруда тарихшы ғалымдардың жарық көрген зерттеулерін, тың туындыларын неғұрлым оқылым айналымына тарту аса өзекті мәселенің бірі болып табылады. Еліміздің стратегиялық рухани қауіпсіздігінің негізгі діңгегі ұлттық рух, отандық тарихтың айшықты оқиғаларын танымдық ұғыну мен оған деген мақтаныш сезімі арқылы қалыптасатыны айқын.

Елбасы айтқандай: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр».

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерінің күшімен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қолдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» атты топтамасы шығарылған болатын. Міне, осы кітаптардың бірінші томын Елбасы тарихшылар алдына қойған бір міндеттің жүзеге асырылуы ретінде мектеп оқулықтарына қосымша хрестоматия ретінде қысқартып беруге, толық нұсқасын жоғарғы оқу орындарындағы тарих факультеттерінде оқытылатын «Ежелгі дүние тарихы» (бірінші томы: «Ежелгі Шығыс тарихы») мен «Ежелгі Қазақстан тарихы» бойынша хрестоматия ретінде шығарудың қажеттігін айтуға болады. Екінші томды Ежелгі Греция мен Рим тарихы (Ежелгі дүние тарихы) мен «Ежелгі Қазақстан тарихына» қосымша ретінде беруге болар еді. Яғни барлық томдарды тарихи кезеңдер бойынша өңдеп, мектеп оқушыларының қабылдау деңгейінде жазып, оқулықтарға енгізген жөн.

Сонымен қатар, аса құнды деген түп-деректердің таза қазақ тілінде баяндалуы, тарихи оқиғаларды тезірек ұғынуға және өзінің ата-бабалық тарихының терең тамырларына қызығушылық тудырар еді. Ал бұл өз

кезегінде тарих ғылымы саласында онсыз да қатары сиреп бара жатқан зерттеушілер санын ұлғайтатыны сөзсіз.

Енді ежелгі дереккөздерге сүйене отырып, қысқаша мәлімет келтіре кетейік. Жоғарыда айтылған Иллиада поэмасына жүгіне отырып, Геродот мынадай мәліметтер берді: «…Бұлар гиппемолгілер (бие сауушылар), галактофагтер (ашыған сүт (қымыз) ішетіндер) және абийлер (кедей – жатақтар, тіршілік құралынан жұрдай. Бірақ сонымен қатар қазір «күркелерді мекендейтіндер» және «көшпенділер», мал бағумен және сүт ішумен, ірімшік (сыр) және ең бастысы сүттен ірімшік (құрт) жасаумен айналысатын да бар; олар қор жинауды және сауда жасауды білмейді, тек затты затқа айырбастаудан басқа…». Мінекей, осы аз ғана мәлімет ата-бабаларымыздың бүкіл ежелгі тарихын Геродотқа Гомер поэмасы (б.д.д. VIII ғ.) арқылы баяндатып тұр емес пе? Бір шумақ өлең жолы бір кітапқа жүк болары сөзсіз. Сондықтан бұл шығармаларда оқулыққа енгізу керек пе, жоқ па деген сұрақ болмаса керек. Бұндай мәлеметтерді шексіз келтіре беруге болады. Тәуелсіз Қазақстанның «Ежелгі тарихының» жазбаша мәлеметтері жоқ деген сырттан таңылған жаңсақ пікірлерден арылатын уақыт жетті.

Сондай бір хрестоматияға енгізуге болатын тақырып: «Томирис патшайымға және сақ тайпаларына қатысты ежелгі дүние түп-деректері» дегенді мысал ретінде келтіре кетейік. Сақтар және оның патшайымы Томирис туралы мәліметтер көптеген зерттеуші ғалымдар мен жазушылардың шығармалары мен мақалаларында берілген болатын. Оларда берілген мәліметтер әр түрлі және әрқайсысының жеке танымдық түсінігі мен өзіндік пайымдауына негізделген. Міне, сондықтан біраз болса да, пікір алшақтықтарының кездесіп қалатыны айтпаса да түсінікті. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы» (4 томдық/ Құрастырған А.Н. Гаркавец.- Астана: «Фолиант», 2007) жинағы қазақ тіліне аударылып, жарыққа шыққан болатын. Әсіресе, сақтарға (гректер-скиф деген жалпы атаумен, парсылар-сақтар деп көрсеткен) қатысты деректер: «Ертедегі грек авторлары Ұлы Дала туралы» (Қазақ тіліне аударған М.Ілес, Ә.К.Шашаев.- «Фолиант» баспасы, 2007. – 464-б.) кітабының 1-томында жинақ ретінде берілген.

Елбасының мақаласындағы өткір айтылған ойдың бірі: «Тіпті, қазақтың кейбір ру тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ».

Енді Елбасы мақаласындағы Ұлы даланың ежелгі тұрғындарының адамзат өркениетіне берген жаңалығы туралы: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді.

Елбасы айтпақшы: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды».

Сонымен, мақаланың көлемі көтергенше және бір кітаптан ғана қысқаша үзінділер беру арқылы Елбасы мақаласындағы көтерілген мәселелердің қаншалықты тарихи салмағы мен зор маңызы бар екендігін баяндауға тырыстық. Елбасы мақаласында нақты жоспар ретінде белгіленген алты: «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы, «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін», «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобаларының тарихи маңызы бар, қазақ елінің мәдениеті мен тарихын әлемге паш ететін шаралардың бастамасы деп атап көрсете аламыз.

Әуезхан Шашаев

«Қамшы» сілтейді